№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Басымдық – сапалы ауыз су жүргізуде

Басымдық – сапалы ауыз су жүргізуде


Аудандағы өзекті мәселенің бірі – ауыз су. Әсіресе, Жаңақорған кентінде күрделі. Бұл мәселенің маңызын аудан әкімі Руслан Рүстемов жақсы түсінеді әрі былтыр жобаның тоқтап қалмай, іске асуына түрткі болған-ды. Биыл қалай болғанда кент тұрғындары ауыз суға қол жеткізуі тиіс. Сондықтан сервистік су жүргізу жұмысының барысымен танысты.


Түсінікті болу үшін айта кететіні, 2020 жылы Жаңақорған ауданында «Ауыл ел – бесігі» бағдарламасы аясында «Жаңақорған кентінің тұрғын үйлеріне су құбырын жеткізу сервистік желісін салу» құрылысы пайдалануға берілуі тиіс. 2020 жылы 24 сәуірде мердігер компания ретінде «Казқұрылыс Сервис» ЖШС табылып, жұмыс бастады. Алайда конкурсқа қатысқан екінші компания – «Көлсай Строй» ЖШС-нен арыз-шағым түседі. 2020 жылдың 3 маусымында Қызылорда облыстық мамандандырылған ауданаралық эко­но­микалық соты шағымды қарап, 9 маусымнан бастап су жүргізу ісі тоқтайды. 3 қыркүйекте ауданға Руслан Рүстемов әкім болып келді. Аудан басшысы Жаңақорған кентіне ауыз судың қажеттілігін түсініп, техникалық кеңес өткізіп, жоғары тарапқа мән-маңызын түсіндіреді. Сөйтіп, 2020 жылдың 10 қыркүйегінде ауданарлық экономикалық сотының №4360-20-5-29180 санды шешімімен құрылыс жұмыстарын қайта бастауға рұқсат беріп, жоба жұмысы 24 қыркүйекте қайта басталды. Бірақ бір жылда атқарылатын ауқымды істі бірнеше айда атқару мүмкін болмады. Биыл кент орталықтандырылған ауыз суға қосылуы тиіс.
– Жаңақорған кентінің тұрғындары 30 жылдан бері ауыз суды күтіп отыр. Осыдан-ақ аса маңызды жоба екенін білуге болады. Біздің алдымызда істі сапалы аяқтау міндеті тұр. Халықтың сенімін алдамау керек. Өткен жылы суға қосылмай қалған үйлер болса, бірден бітіріп кетіңіздер, – деп тапсырды аудан әкімі мердігер компанияның өкіліне.
Сөзге араласқан аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолау­шылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Сапарбаев:
– Жыл басында өткен техникалық кеңесте мердігер компанияның басшысы уәдені үйіп-төккен еді. Сәуір айының ортасынан жұмыс қайта басталды. Сол уақыттан бері 220 үйдің ауласына сервистік желісі тартылып, су есептегіш құралы орнатылды. Жұмыс өте баяу жүруде. Бұл қарқынмен қараша айына дейін жұмысты аяқтауы қиын. Қазір 2 бригада 4 техникамен жұмыс істеуде. Кем дегенде 10 бригада құрып, техника санын 15-ке жеткізу керек. Сонда күніне 35-40 үйді ауыз суға қосуға болады, – деді.
Сала басшысының сөзінше, аудан орталығындағы 63 көшеге ауыз су желісі тартылды. Оның ішінде, 46 көшенің сервистік желісі салынып, ауыз су беруге дайын. Қазіргі таңда 14 көшеге су есептегіш құралы орнатылып, пайдалануға берілсе, 3 көшенің техникалық жағдайы жобалау сметалық құжаттарға сәйкес келмегендіктен орындалған жұмыстар есепке алынбады.
Аудан басшысы Руслан Рүстемов:
– Жаңақорған кент тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін құрылыс жұмыстары басталғалы бері жалпы 194 шақырымның 93 шақырымына ауыз су құбыры жүргізіліп, 2400 үйдің ауласына кіргізілді. Бұл көрсеткіш 48 пайызды құрайды. Бұл тым төмен көрсеткіш. Өндірістік жұмыстың кестесін белгілеп, соған сай жұмыс жүруі керек. Егер техникалық шарттар орындалмаса заңды тетіктерді қарастырамыз. Биыл қалай болғанда да халық ауыз суға қол жеткізуі тиіс, – деп қадап айтты.
Айта кететіні, «Арал» салынып жатқан кәсіпорындардың бірлескен дирекциясы» филиалының мәліметінше, аудан орталығындағы 5441 тұрғын үйге су есептегіш орнатуы керек. Яғни әлі ауқымды жұмыстар күтіп тұр.
Әкім Жаңақорған кентінде биыл асфальттанатын көшелер қарас­ты­рылғанын, сол көшелерде бірінші кезекте ауыз су желісін жүргізу керектігін, содан кейін ғана жолға орташа жөндеу жүргізуді тапсырды.

Нұрбол БАКИРОВ
17 мамыр 2021 ж. 496 0