№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жәрмеңке: баға көңілден шықты ма?

Жәрмеңке: баға көңілден шықты ма?


Азық-түлік жәрмеңкесін жиі ұйымдастыратын ауданның біріміз. Бағаның базар нарығынан қаншалықты айырмашылығы болатынын халық өзі бағамдар, бірақ барлығы ел игілігі үшін дейді сала мамандары. Ол да рас, алайда, жыл сайын күнделікті тұтынатын тауар бағасы өспесе, төмендемейді. Тек маусымдық бақша өнімдері мезгілі жетсе арзандауы мүмкін, былайша ол да құнын бермейді. Өткен сенбіде аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен облыстық “Байқоңыр әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының тұрақтандыру қоры” арқылы әлеуметтік маңызы бар азық-түліктер жәрмеңкесі өтті.


Осы тұста мойындауымыз керек, алушылардың қарасы әдеттегіден аз емес. Таңғы 10.00-ден бастап ашылған жәрмеңке түскі уақытқа дейін түгесіліп бітті. Өйткені жаңақорғандықтар қап­тап ұн алып, картоп пен пиязды көлікке тиеп жатқанын көріп, баға арзан екен деген ой келді. Негізінде 1 «Фура» жүк көлігі мен 6 «Газель» автокөлігіне тиелген жалпы көлемі 50 тонна азық-түлік келген болатын.
– Азық-түлік бағалары нарық баға­сынан төмен болу себебінен тұтыну­шылар тарапынан сұраныстар кө­бейіп, кезектілік қалыптасты. Рамазан айында жасалған бұл игі шараға аудан тұрғындары дән риза. Оны мына алушылардың легінен-ақ ба­ғамдай беруге болады. Мүмкіндік болса тағы шақыртуға тырысамыз, ал, ауданның жәрмеңкесі күзде шығады. Ала жаздай тер төгіп, шыққан өні­мін халыққа ұсынатын еңбеккерлердің еңбегі өтелетін кез алда, – деді ауыл­шаруашылығы бөлімінің басшысы Тал­ғат Зейдалиев.
Бүгінгі базар бағасына көптің көңілі толмайды. Қалаған кезінде қымбаттайды, қалаған кезде орнына келе салады. Осы мәселе бойынша Үкіметтің цифр­лық кеңсесінде ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне жол бермеуді тапсырды. ҚР ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев елдегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қоры шамамен 643,5 мың тоннаны құрайтынын хабарлады. Әкімдіктердің деректеріне сүйенсек, республика бойынша картоп қоры 199 мың тоннаны, қырыққабат – 17,2 мың тоннаны, сәбіз – 43,1 мың тоннаны, пияз – 23,1 мың тоннаны құрайды.
Әлихан Смайылов бір апта ішінде азық-түліктің негізсіз қымбаттауына жол берген өңір әкімдері бұл мәселеге жеткілікті бақылау жасай алмай отырғанын атап көрсетті.
– Азық-түлік бағасын ұстап тұру – бірінші кезектегі маңызды мәселе. Мен бірнеше рет «айналым схемасын» қаржыландыруды арттыруды тапсырған едім. Алайда бүгінде жұмыс тиісті деңгейде орындалған жоқ. Осы айдың соңына дейін қаржыландыруды 100 млрд теңгеге дейін арттыруды тапсырамын. Алдағы аграрлық маусым қарсаңында өңірлердің бірінші кезектегі міндеті күзгі ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуге форвардтық шарттар жасасу болуы тиіс. Егер қазір мүмкіндікті жіберіп алсақ, маусымаралық уақытта біз бағаның өсуіне тағы да тап боламыз, – деді Ә.Смайылов.

Премьер-министр Ауыл шаруашылығы министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, тұрақты негізде өндіріс пен тұтыну теңгерімін ұстап отыруды, өңірлер арасында ауыл шаруашылығы өнімдерін олардың қажеттіліктерін ескере отырып жедел тәртіппен жеткізуді тапсырды. Сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, көкөніс өнімдерінің тапшылығы мен қажеттілігін ескере отырып, егілетін дақылдарды әртараптандыру бойынша шаралар қабылдау қажет екенін айтты.

Міне, осындай қымбаттауды бол­дырмау шаралары халықты әлеуметтік тұрғыда қысылудан алып шығады. Ал, жәрмеңкелер сәл болса да көптің күдігін сейілтеді. Кешегі жәрмеңкеде сәбіздің бағасы – 134 теңге, пияз – 69 теңге, картоптың келісі – 137 теңгеден сатылды, сол секілді ұнның бағасы қалтаға қонымды. 1 сортты ұнның келісі 135 теңгеден пұлданды, яғни 50 келі ұн 7000 теңгенің шамасында. Балық пен жұмыртқа, макарон, тіпті қант алушылардың кезегінен көз сүрінді.
– Шынын айту керек, базардан арзан бағада барлық өнім бірдей пұлданды дей алмаймын. Ал, бірақ өзім ұн мен картопты көбірек алуға тырыстым, сосын макаронның бағасы төмен. Осылай төмен бағада жәрмеңке жиі ұйымдастырылып тұрса нұр үстіне нұр болар еді, – деді Аманкүл апамыз.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
13 сәуір 2022 ж. 444 0