Ерлік – жан дүниенің ұлы қасиеті
Ел тарихында атаулы күндер көп. Соның бірі – 7 сәуір. 1995 жылдың дәл осы күні ел үшін кеудесін оққа тосқан қазақстандық Ішкі әскердің жауынгерлері Тәжік-ауған шекарасын ерен ерлікпен қорғап, қайтпас қайсарлықтың үлгісін көрсеткен еді. Осы ретте аталмыш оқиғаның бел ортасында интернационалдық борышын өтеп, елге аман оралған жаңақорғандық ардагерлер ұлықталып, құрмет көрсетілді.
Аудан әкімдігінде батырлардың басын қосқан игі шара сол алапатта ажал құшқан қазақстандық 17 сарбазды 1 минут үнсіздікпен еске алумен басталды. Одан әрі аудан әкімінің орынбасары Оңал Жанатұлы Тәжік-ауған шекарасындағы бітімгерлік миссиясында қарулы қақтығысқа тап болған ардагерлер Бақыт Әйтеков, Ербол Құрбанбеков, Сабыридин Мадияров пен Ғалымжан Құламетовты құттықтап, аудан әкімінің «Алғыс хатын» табыстап, сый-құрмет көрсетті.
– Туған жердің әр азаматы өткенінен үлгі алып өседі, өркендейді. Тарихына үңіліп, әр дәуірдің тұлғаларынан рухани күш жинайды. Міне, есімі тарихта алтын әріптермен таңбаланатын тұлғаларымыздың бірі осы Тәжік-ауған соғысының ардагерлері. Бұл азаматтардың әскери адал антынан танбай, жат жерде ел мүддесін қорғауы нағыз патриоттығының дәлелі. Бүгінгі өскелең ұрпақ осында батыр ағаларымыздың ерлігінен рухтанып, бағыт алатыны даусыз, – деді Оңал Ержанов.
Ел басына күн туғанда қолына қару алып, артында қалған қалың еліне адалдық таныту, мемлекет мүддесі жолында кез-келген тәуекелге бел буып, керек десеңіз жанын қиюдан да тайсалмаған ерлердің ерлігі ешқашан ұмытылмайды.
Айта кетейік, 1990 жылдары Тәжікстан шекарасын қару-жарақ пен есірткі дәлізіне айналдырмақ болған қарулы топтарға батыл тосқауыл қойған қазақстандық жауынгерлердің ерлігі ел есінде. ТМД елдерінің 1992 жылдың 15-мамырында қабылданған «Ұжымдық қауіпсіздік туралы» халықаралық келісімшартына сәйкес қазақ елінің бітімгерлік батальоны 1993-1999 жылдар аралығында Тәжік-ауған шекарасын күзетуге жұмылдырылған еді. Сол уақыт аралығында кезекті ауысым бойынша 20 құрама рота құрылып, екі мыңнан астам жауынгер жат жердің шебін қорғап, Тәжік халқының тыныштығын сақтауға атсалысты. Алайда, 1995 жылдың 7-сәуірінде қайғылы оқиға орын алып, қазақ елінің қабырғасын қайыстырды. Тәжікстандағы таулы Памирдің Пшихавр шатқалынан жүк алып өтіп бара жатқан ҚР ІІМ Ішкі әскерінің бітімгерлік колоннасы тұтқиылдан ауғандық моджахедтердің нысаналы шабуылына ұшырайды. Төрт сағатқа созылған қанды қақтығыста Ішкі әскердің 17 жауынгері оққа ұшып, 33 әскери қызметші түрлі дәрежедегі дене жарақатын алады. Осынша шығынға ұшырап, қанды қырғынға тап болған біздің ерлеріміз сол шайқаста өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарды. Бүгінгі біздің ортамызда отырған батыр ағаларымыз сол күндердің нағыз куәсі.
Арамызда жүрген ардагерлеріміз қандай құрметке болсын лайық. Аудан әкімдігінен бастау алған шарапатты шара аудандық кітапханада жалғасын тауып, ардагерлер жастармен кездесті. Әсемгүл Тілеубергенова тізгінін ұстаған «Ерлік – жан дүниенің ұлы қасиеті» атты шараны аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әбілхайыр Сыздықов ашып, ардагерлерге алғысын жаудырды.
– Әскери патриоттық тәрбие мен жастарды әскери қызметке даярлау қазіргі кезеңдегі ең көкейтесті мәселе. Осыған орай, Қазақстан қарулы күштерінің беделін арттыру, әскери қызмет ардагерлерінің ерлігін, игі істерін насихаттау арқылы жас ұрпақты ізгілікке, отаншылдық пен ұлтжандылыққа тәрбиелеу үшін аталмыш жиын ұйымдастырылып отыр. Жастарымыз осы кісілердің батылдығынан күш алып, осындай аптал азаматтардың ізін жалғап, Отанға адал перзент болсын деген ниет. Арамызда отырған арда ардагерлеріміздің туған жерге деген адалдықтары екінің біріне қона бермейтін өте үлкен қасиет. Сіздердің арамызда аман жүргендеріңіз, игі істеріңіз жастарға үлгі, – деді Әбілхайыр Әбілпаттаұлы.
Әскерилердің, ардагерлердің ерлігі қашанда ел есінде. Олар жайлы қаншама кітаптар жазылып, фильмдер түсірілді. Әсіресе, осы Тәжік-ауған қақтығысы туралы мемлекет тапсырысымен «Қазбат» сериалы түсірілген болатын. Жиында осы фильмнен үзінді көрсетіліп, бір сәт батырлардың арасында біз де қанды оқиғаны көзімізбен көргендей күй кештік. Әп-сәтте оқты жауынның астында қалған қазақ әскерінің сол уақыттағы қиналғанын көрдік, қаншама боздақтарымыздың жат жерде шейіт болғаны жанға жара салды. Осыған дейін жиынның мән-мағынасына терең бойлай алмаған аграрлық колледждің студенттері де фильмнен кейін дереу еңселерін тіктеп, жанарларында жалын жарқырады. Бойларын патриоттық сезім билеп, өздерінің тарихи тұлғалармен, тірі аңыздармен кездесіп отырғанын ұғынған жастардың қызығушылығы артты. Кезек-кезек қол көтеріп, ардагерлерден сол оқиға жайында естеліктер сұрады.
– Оқиға тура осы өзеннің үстіндегі көпірде болды. Өздеріңіз көріп отырғандай, күтпеген жерден шабуыл жасалып, қазақ әскері абдырап қалды. Алайда, дереу іске көшіп, барынша қызметімізді абыроймен атқаруға тырыстық. Қаншама жолдастарымыздан айрылдық. Қаншама солдат ауыр жараланды. Біреулер қолынан, енді біреулер аяғынан айрылды. Соғыс – ең үлкен қасірет. Әлемде ешқашан соғыс болмасын, көк аспанымызда әрдайым бейбітшіліктің жалауы желбіресін, – деді ардагер Ербол Құранбеков.
Одан әрі аудандық орталық кітапхананың басшысы сөз алып, ардагерлерге алғысын жеткізді.
– Сіздер айтқан естеліктер бүгінгі ұрпаққа, өсіп-өркендеп отырған қоғамға көбірек қажет деп ойлаймын. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демей ме бабаларымыз. Асыл азаматтардың жүріп өткен жолы, ел қамын жеген мақсат-мұраты мен атқарған игі істері әр қазақ баласы ғибрат аларлықтай үлгі-өнеге болмақ. «Ерлік – жан дүниенің ұлы қасиеті» демекші, өмірінің өлшеулі бір бөлігін, жауқазын жастық шағының сүбелі үлесін оқ пен от астында өткізіп, тағдырдың жазуымен елге аман-сау оралып, туған жерімен қауышқан майдангер ағаларымызға алғысымыз шексіз, – деді Әсемгүл Манапқызы.
Бәтуалы басқосудың соңында №163 мектеп оқушысы Тоғжан Әшім «Келер ғасыр болады қандай ғасыр?» монологын оқып, осы мектеп шәкірті Мұхтар Абдулла мен №110 мектеп-лицейінің оқушысы Азизбек Тасболат «Сарбаздар» әнін орындап, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
P.S. Иә, естеліктерін айтқан әр ардагердің жанарынан сол қанды қырғынның ұшқыны сезілді. Олардың бастарынан өткен оқиғаларды күрсіне еске алуынан арада қанша жылдар өтсе де, жүректерінің түкпірінде жазылмас жара қалғанын аңғарғандай болдық. Оқты жауынның астында, өмір мен өлімнің арасында арпалысқан жауынгерлердің бейбітшіліктің қадір-қасиетін бәрінен жоғары қоятынын байқадық. Олардың Тәңірден тілейтін ортақ тілегі біреу ғана. Ол – елімізде тек тыныштық пен бейбітшілік болсын!
Айсұлу АЛДАНАЗАР