Жаңақорғанда жаңа кешен ашылды
Қасиетті Рамазан айының алғашқы күні Сыр өңірі тұрғындарына облыста теңдесі жоқ
«Жан-Арай» агро-индустриалды кешені пайдалануға берілді. «Батыс Европа-Батыс Қытай» автожолы бойында орналасқан нысанның ашылу салтанатына аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы және Мәжіліс Төрағасының орынбасары Балайым Кесебаева арнайы келіп, ел игілігіне бағытталған ауқымды кешеннің лентасын қиды.
Құрылысы 2019 жылы бастау алған сервистік кешеннің әуел бастан мақсаты белгілі. Ол аймақтың аграрлы саласының даму жолында әлеуметтің әлеуетін арттыру. Ал осы жолда қарекет етіп келе жатқан ел ағасы, облыстық мәслихат депутаты, белгілі меценат Бақдәулет Мақашов елдік жолда еңбек етуді азаматтық борышым деп санайды.
– Бұл нысан – мемлекеттің экономикалық тұрғыдан дамуына үлес қосатын еліміздегі маңызды индустриалды кешен болмақ. Ерекшелігі ауылшаруашылық өнімдерін өндіруге және сол өнімді тұтынушыға жеткізуге қатысатын барлық шаруашылық саланы біріктіруінде. Сондықтан бүгін пайдалануға берілгелі тұрған ауқымды жоба өңірдегі азық-түлік бағасының тұрақтылығын сақтауға, тұрғындарды өз өнімімізбен толықтай қамтамасыз етуге және көрші облыстардан жоғары бағада тасымалданатын көкөніс көлемін азайтуға мүмкіндік жасайды, – деді депутат.
Тұрғындардың әлеуетін көтеру, бұқараны жұмыспен қамту мақсатында елімізде көптеген бағдарламалар іске асырылуда. Міне, осындай «Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында ашылған көпсалалы нысан жергілікті 200-дей азаматты жұмыспен қамтуға жол ашып отыр. Олар аумағы 60га алма бағына, қызанақ өндіруге, өңдеуге, сату қоймасына, сондай-ақ 300 орындық мейрамханада, қонақүй мен 1500 тоннаға есептелген көкөніс қоймасы және басқа да қызмет көрсету орталықтарында жұмыс істейтін болады.
Бүгінгі шараға арнайы келген облыс әкімі Гүлшара Наушақызы елге жанашыр азаматтың аймақ экономикасына, ауыл шаруашылығы саласындағы өнім қорын ұлғайтуға мүмкіндік беретін ірі кешенді елге табыстап, туған жерге тарту жасағанына алғысын білдіріп, агроиндустриалды кешеннің облыс үшін маңыздылығын ерекше атап өтті.
– Бүгін қасиетті айдың басталуымен қатар заман талабына сай салынған «Жан-Арай» көпсалалы агроиндустриалды кешенін пайдалануға бергелі тұрмыз. Президент наурыз айындағы «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында Үкіметке және өңірлерге дағдарысқа қарсы кезек күттірмейтін шараларды қабылдау және егін науқанын мерзімінде бастауды тапсырды. Қазіргі таңда Сыр диқандары көктемгі дала жұмыстарына қызу дайындықпен кірісіп кетті. Осы бағытта жұмыс жасайтын кешен өңірдегі азық-түлік бағаларының тұрақтылығын сақтауға, өңір тұрғындарын өз өнімімізбен қамтамасыз етуге және көрші облыстардан жоғары бағада келетін көкөніс көлемін азайтуға мүмкіндігі зор, – дей келе, жаңа нысанның ашылуымен барша жиналған қауымды құттықтады.
Әлі де болса кәсіпкерлік бағытта атқарылар шаруа шаш-етектен деген Бақдәулет ағамыздың есімін жоғары бағалау орынды. Өйткені оның елге сіңірген еңбегін тек жаңақорғандықтар ғана емес, Сыр жұрты да жақсы біледі. Кіндік қаны тамған жерінің түтінін түтетіп, өңірдегі бірнеше ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көтеруге де өз үлесін қосып келеді. Қаншама жұмыс орындарын құрып, ауылшаруашылық өнімдерін өңдеуге дем берді. Соның қатарына енді «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолы бойында бой көтерген «Жан-арай» көпсалалы агроиндустриялды кешені қосылды.
Алдағы уақытта кешен туристік қозғалыстың дамуына да оң әсер етеді деген жоспар бар. Яссауи кесенесіне, Оқшы ата мазарына, Көккесене мен Сығанақ, Сауран шаһарына арнайы келетіндер үшін жан-жақты жағдай жасалған. Төменарық, Сүттіқұдық, Сунақата, Екпінді, Қожамберді ауылының тұрғындары Жаңақорған немесе Шиелі кентіне сабылмай-ақ қызықшылығын осы жаңа мейрамхана мен тойханасында өткізе алады. Айналып келгенде, бұл тойшыл қауымның шығынын азайтуға да септігін тигізеді. Бәрінен бұрын, сервистік кешен жол бойындағы сәулетті орталыққа айналып, алыс-жақыннан келген қонақтарға сапалы қызмет көрсететін орынға айналмақ.
Өз кезегінде аудан әкімі Руслан Рүстемов те елдің мерейі мен ырысын арттырып жүрген азаматтың жасаған жұмысына оң бағасын берді.
– Бүгін есігін айқара ашқан алып кешен облыс тарихында болмаған оқиға. Алдағы уақытта ауданның, аймақтың экономикалық әлеуетін жоғарылатуда бұл нысан қарқынды жұмыс жасайтын болады. Ал соңғы жылдары ауданымызда бой көтерген сауда орындары мен осындай қызмет көрсету нысандарының жалпы экономикаға, соның ішінде ауыл шаруашылығы саласына қосар үлесі жоғары. Сондықтан Бақдәулет Еркінбекұлы бастаған қандай да бір іс мақтануға тұрарлық, – деді аудан басшысы.
Сондай-ақ агроиндустриялды кешеннің ашылуы барысында кәсіпкер ағамыз «Түйе палуан» аудандық турнирін өткізді. Жарысқа кент және ауылдық округтерден 20-ға жуық спортшы қатысты. Жарыс қорытындысы бойынша өзгенттік қос палуан Нұрберген Алдаберген мен Айберген Алдаберген бірінші және екінші орынды өзара бөліссе, үшінші жүлде қожакенттік Нұрлан Пайзеллаевқа бұйырды. Жеңімпаздар «Жан-Арай» көпсалалы агроиндустриалды кешені ұсынған ақшалай сыйлығымен марапатталды. Соңы аудандық мәдениет үйі ұжымының
концерттік бағдарламасына ұласып, ел көтеріңкі күймен қабылдады.
P.S. Меценаттың өзге өңірлер емес, туған өлкесіне жасаған қамқорлығы, аудан экономикасының өркендеуіне қосқан үлесі қомақты. Сондықтан бір мақала шегіне осы бір қызмет жолын қысқаша келтіруді жөн көрдік. Әйтпесе, кәсіпкер көкжиегін кеңейтіп, жарқын жобалар жүйелеу монографиялық еңбекке жүк болатыны анық. Ал біз әзірге жанашыр жанның туған жерге тіккен туын ілмекке алдық.
Лаура БИБАСАРОВА