Сайлау – елдіктің өзегі
Кез келген елдің, әсіресе дамыған мемлекеттердің саяси жүйесінде сайлау процесі маңызды рөлге ие, беделді ықпалы бар. Біздің елде де дәл солай, дегенмен, бізде халықтың сайлауға деген сенімі азайды, тіпті дауыс берудегі белсенділігі тым төмен. Оған себеп те жоқ емес, соның бірі партиялардың немқұрайлығы дейді сарапшы мамандар. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында ерекше тоқталды.
«Партияда жоқ азаматтар Мәжіліске ғана емес, жергілікті өкілді органдарға да сайлана алмайтын болды. Мұны ашық мойындауымыз керек. Соның салдарынан халықтың сайлау науқанына қызығушылығы күрт төмендеді. Сайлауды керек қылмайтын адамдардың қатары көбейді. Олар өздерінің дауысы маңызды екеніне, ел өмірін жақсартуға ықпал ете алатынына сенбейтін болды. Ашығын айтсақ, қазір жұрт депутаттарды аса тани бермейді. Осындай жағымсыз жайттарды ескере отырып, мен аралас сайлау жүйесіне көшуді ұсынамын. Сол кезде барлық азаматтардың құқығы толық ескеріледі».
Президент Жолдауда осы мәселені негізге алып, сайлау жүйесін реформалауды, партиялардың жұмысын жолға қоюды міндеттеді. Елмен етене болып, түсіндірме жұмыстарын жүргізуді, халықтың ұсыныс-пікірлерін тыңдауды тапсырды. Осы мақсатта ауданға арнайы облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғалым Баймырзаев пен комиссия хатшысы Аякөз Сырлыбаева іс-сапармен келді.
Тұрғындардың талап-тілегі қандай?
Алдымен облыс орталығынан келген делегат аудан жұртымен «Арман» кенттік мәдениет үйінде кездесіп, ашық диалог құрды. Жиынға модераторлықты Жаңақорған аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Сұлтан Ибрагимов жасады. Басқосуды Президент Жолдауындағы көтерілген негізгі мәселемен ашқан Ғалым Қонақбайұлы:
– Біздің аудандарды аралап, елмен жүздесудегі басты мақсатымыз – халықтың ұсынысын, арыз-шағымын жазып, жоғарыға жеткізу болатын. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Қызылорда облысына жұмыс сапары аясында сайлау комиссияларының мүшелерімен, саяси партиялардың, ҮЕҰ, БАҚ өкілдерімен, қоғамдық пікір көшбасшыларымен және блогерлермен сайлау процесі мәселелері бойынша кездесуде. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ұйымдастырылып, ең бірінші біздің өңірге ат басын бұрып, жеті ауданнан делегат қатысып, көптің көкейіндегі мәселелер талқыланды. Біз ел ішінде әлі де айтылмай қалған ұсыныстар болса, соны түртіп, талқылап, келешек жоспарға енгізуге келдік, – деді.
Мемлекет басшысы Жолдауында: «Осыдан 15 жыл бұрын конституциялық реформа аясында Мәжіліс депутаттарын пропорционалды тәсілмен сайлауға көштік. Ал 2018 жылдан бастап мәслихат депутаттарын да осы үлгімен сайлайтын болдық. Бұл қадамдар еліміздегі партиялық жүйені дамытуға тың серпін берді» – дейді. Алайда, оның жағымсыз тұстары да байқалғанын жеткізді.
– Аралас сайлау үлгісі, яғни, Мәжілістің депутаттық корпусының 70 проценті пропорционалдық, 30 проценті мажоритарлық тәсілмен жасақталуы, сонымен бірге аралас сайлау үлгісінің облыстық мәслихат сайлауына да енгізілуі, барлық азаматтардың құқығы толық ескерілуін білдіреді. Осы үлгі әртүрлі азаматқа Мәжіліс пен облыстық мәслихат депутаты болуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы аудандар мен қалалардағы сайлауды толығымен мажоритарлық жүйеге көшіруді ұсынды. Бұл жүйе, әрине, жергілікті жерде бәсекелестік пен жауапкершілікті қалыптастырады.
Депутаттар сайлауалды бағдарламаларды орындамаған жағдайда депутаттық мандаттан айыру туралы бастама өте орынды. Жалынды сөздерден гөрі нақты істі көрсететін заманда біз халық үніне құлақ асып, мәселелерді тиісті органдарға жеткізіп, оның шешілуіне дейін жұмыс жасауымыз қажет, – деді төраға.
Енді кез келген қызметкер, жалпы тұлға партия мүшелігінде болуы, болмауын өзі шешеді. Ал, әкімдер мен басшылық құрам партия төрағалығынан босатылып, мүшеліктен шығарылуда. Сол секілді, халық қалаулыларына да жүгі еселенетін болады. Бір сөзбен айтқанда, енді сайлау алдында берген уәдесін орындамаған депутатты кері қайтаруға болады. Бұл – халық қалаулыларына ықпал етудің тағы бір жолы. Осы ұстаным демократия дәстүрлерін едәуір нығайтады. Өзара жауапкершілік пен сенімге негізделген жаңа саяси мәдениетті қалыптастырады деген Қасым-Жомарт Кемелұлы пропорционалды және мажоритарлы жүйе қатар қолданылса, саяси партиялардың рөлі сақталатынын алға тартты. Сонымен бірге бұл жүйе сайлауды әділ өткізуге және мемлекетті тиімді басқаруға мүмкіндік беретін болады.
Шынын айту керек, басқасын айтпағанда, біздің ауданның өзінде өз учаскесінен сайланған депутатты, аудандық мәслихат депутаттарын танымайтын жағдайлар кездеседі. Сондықтан бұл жүйе елдің әлеуметтік-экономикалық дамуында үлкен күшке ие боларына сенім мол.
– Жалпы бір орталықта отырып, қағазбастылыққа көңіл бөлгеннен гөрі елді аралап, халықпен жүздесу тиімдірек. Біздерге де осы міндет артылды, екіншіден, байқаушы мен бақылаушылардың рөлін айқындап, олардың ара-жігін ажырату көзделуде. Өйткені, сайлаушылар мен үміткерлер емес, осы екі топ өзінің қызметін толық түсіне алмайды. Сондықтан мүмкіндігінше бірлесе жұмыс жасауымыз керек. Екінші, қаржыландыру бойынша да сауалдар болды. Сайлау процесі ұлттық банк арқылы қаржыландырса, партиялар өзіне белгіленген тарифтер бойынша қаржыландырылады. Сондай-ақ, электрондық дауыс беру бағыты қайта қалпына келтірілмек, өйткені әлемдік тәжірибеде бұл үлкен рөл атқарады, – деді Аякөз Мұратбекқызы.
Кездесу барысында кент ардагерлері өз ұсыныстарын ортаға салып, ойда жүрген сауалдарын қойды. Тасболат Төребаев, Айдар Әуезов, Әлібек Сүгірбаев, Қалмақан Тәжіғұлов сынды ел ағалары сайлау процесін енді бұрмаламай таза, әрі әділ, ашық өтетініне сенім білдірді.
– Егер сайлау кезінде заң бұзушылық орын алса жауапқа тартыла ма? Екінші, әкімшіліктен қызметкерлер сайлау комиссиясына мүше болуға немесе ықпал ете ала ма? – деді Ә.Сүгірбаев.
– Жоқ, бізге әкімдік тарапынан ешқандай талап қойылмайды, біз тікелей орталықтан қаржыландырылғандықтан дербес боламыз. Жалпақ тілмен айтқанда, тәуелді емеспіз. Егер комиссия мүшелігінен бір қызметкер шығып кеткен жағдайда қоғамдық ұйым, ардагерлер кеңесі және басқа да партия мүшелері өз кандидатурасын ұсына алады. Алдымен, газетке жарияланады, содан кейін үміткерлер құжат дайындайды. Қоғамдық ұйымдар мен партиялар мүшелікке ұсынған қызметкерлерін ауыстыруға мүмкіндігі бар. Жаппай тарату біздің құзырымызда емес. Ал, сайлау кезінде заң бұзушылық болса әрине прокуратураға арыз тастауға болады. Айта кететіні, комиссия құрамын 5 жылға сайлайды. Сондықтан, 2024 жылы құрам жаңартылады, – деді Ғ.Баймырзаев.
Кездесу соңында жастардың жетекшісі, қоғамдық ұйымдардың жүгін көтеріп жүрген Нұрхан Айдаров нақты ұсыныстарын, алдағы міндет-межені саралап берді. Ең бастысы, ел сенімін партиямен бірге барлық атқарушы органдар ақтауы тиіс дейді. Содан кейін, эклектронды сайлаудың жүйесіне банктер секілді сурет немесе видео арқылы тіркелуді ұсынды.
Осындай келелі кездесу соңы аудан жастарымен жүздесумен жалғасты. Олардың ой-пікірін, қоғамдағы бағыт-бағдарын тыңдап, сұхбаттасты. Біздің бұл жиыннан түйгеніміз аралас сайлау үлгісі азаматтардың саяси белсенділігін арттырып, елімізді жаңғырту үдерісіне жұмылдыра түсуі тиіс. Ең маңыздысы, Президент іргетасын қалаған жаңа Қазақстанның баянды болашағы мен кемел келешегіне деген қадам нық, әрі әділ де, адал, ашық және жариялылық түрде өтуі тиіс.
Халық сайлаған әкімдердің
ахуалы қалай?
Ел тарихында алғаш рет ауылдық округ әкімдерін халық сайлады. Бұл жауапты науқанның өткеніне 9 айға жуықтады, яғни, халық сайлаған әкімдердің қызметке толық кірісуге мүмкіндігі болды. Енді сол әкімдер қалай жұмыс жасауда, елдің тілеуі орындалып жатыр ма? Осы жөнінде облыстан келген делегат Қыраш ауылына жол жүрді.
Иә, былтыр 13 ауылдық округтің әкімін жергілікті жұрт өзі сайлап алды. Ел бойынша 700-ден аса ауылдық округ әкімі, ал, Сыр өңірінде 40 ауылдық округ басшысы «халық сайлаған әкім» ретінде тарихқа енді. Әкім креслосынан 131 кандидат ниетті. Дегенмен әкім болу бір басқа, халыққа жақын болу тағы бар. Сайланғаннан соң, халықтың үмітін ақтап, елге қызмет етудің салмағы ауыр болары анық. Қыраш ауылы тұрғындарымен кездесуге аталмыш топ ауылға барды.
– Қазір бұқараның көзі ашық, көкірегі ояу. Саяси мәдениеті қалыптасқан. Енді халық өзі сайлаған әкімінен талап ету құқығына ие болады. Мұның бәрі жергілікті жердегі қоғамдық институтты дамытуға негіз болып, ауыл халқының қоғамдық белсенділігін арттыра түсетіні анық, – деді аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Сұлтан Ибрагимов.
Рас, қазір халық елдегі ахуалмен, саяси жүйенің тынысынан хабардар. Сондықтан, оларға осындай таңдау жасау еркіндігі берілгені өркендеудің алғышарты. Ғалым Қонақбайұлы ауылдағы ағайынға келгендегі жағдайды түсіндіріп, сайлаудың келешегі туралы сөз қозғады. Тұрғындар да айтарын айтып, ортаға ұсыныстарын салды. Ал, өздері сайлаған әкімі Бақытжан Әжібеков туралы елдің көзқарасын білуге тырыстық.
– Шыны керек, ауыл әкімі болу оңай шаруа емес. Осы елдің, осы өлкенің тумасы болған соң мына халыққа қызмет жасау міндеті. Ал, өзіміз сайлағаннан соң оның жүгі арта түсетіні анық. Бұл өте тиімді тәсіл екен, Бақытжан өзіміздің бала, әкесі де осы ауылға тер төкті. Енді ұлынан одан да биіктерді күтеміз. Енді депутаттар сайлауы да осылай бір ізге түссе нұр үстіне нұр болар еді, – деді ауыл ақсақалы Бөрбек атамыз.
– Ауылдың негізгі тыныс-тіршілігі мал шаруашылығымен байланысты. Төрт түлігін түлетіп, төлдетіп, содан нәпақа айырып отырған тұрғындарға қажеттісі әлеуметтік мәселелер. Соның бастапқысы ұңғыма қазу жұмысы басталғалы тұр. Балалар алаңқайының құрылысы жүргізілмек. Ауыл болған соң қажеттілік туындайды, дегенмен, барлығы рет-ретімен шешімін табады деп сенім білдіреміз. Ал, сайлау процесіндегі өзгерістер бұл оң нәтижесін берері анық, – деді Аманкелді Мырзахметов.
Әкім жұмысының бір көрінісін тұрғындар суреттеп берді. Әлі алда уақыт жеткілікті, жыл соңында қандай жұмыс атқарылғанын қорытатын кез де келеді.
Облыстық комиссияның бір күндік сапарында біраз мәліметке қанық болдық. Енді ұсыныс-тілектер орындалса, онда оң нәтиже беретін болады. Барлығы уақыттың еншісінде.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ