» » Ащы сын айтылған жерде ашықтық болады

Ащы сын айтылған жерде ашықтық болады

Сәрсенбі күні аудан әкімі Р.Рүстемовтің төрағалығымен өткен әкімдік мәжілісіне аудандағы салалық бөлім басшылары, ауыл әкімдері, ауылдық клуб және кітапхана меңгерушілері қатысты. Күн тәртібінде 2022 жылдың 1-тоқсанына ұсынылған мәселелер бойынша «Ауданда көктемгі дала жұмыстарының ұйымдастырылу барысы туралы» ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Талғат Зейдалиев баяндама жасады.– Биыл аудан бойынша 37451 гектарға егіс егу межеленіп отыр, – деді ол. Жалпы, 781 шаруашылық құрылымдарының 485-і егін шаруашылығымен айналысады. Оның ішінде 175 шаруашылық күріш өсіріп отыр. Ауданда соңғы үш жылда ауыл шаруашылығы дақылдарын әр­та­раптандыруға басымдық беріліп келеді. Азық-тұлік қауіпсіздігін сақтау мен бағаны тұраұтандыру мақсатында 200 гектарға картоп, көкөніс, бақша дақылдарын орналастыру жұмыстары атқарылуда.
Көктемгі дала жұмыстарын қаржы­ландыру бағытында мақсатты жұмыс­тарға тоқталған бөлім басшысы «Қамқоршы» несие серіктестігі арқылы «Кең-Дала» бағдарламасымен ша­руа­­­­шылықтарға 99,6 млн теңге несие бері­­летінін айтты. Қазіргі таңда шаруа­шылықтар тарапынан минералдық тың­айтқыштардың 3300 тоннасы сатып алынған. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қолында көктемгі дала жұмыстарына қатысатын 201 трактор, 82 соқа, 42 дән сепкіш, 42 жүк көлігі, 101 трактор тіркемесі жөндеуден өтіп, көктемгі науқанға толығымен дайын тұр екен. «КазАгроҚаржы» АҚ арқылы 38,1 млн теңгеге 4 техника алынып, енді 296 млн теңгеге 28 дана ауыл шаруашылығы техникалырын алу жос­парлануда. Ауданға биылғы көктемгі егіс және дала жұмыстарын жүргізу үшін 1272 тонна арзандатылған дизель отыны бөлініп отыр екен. Ендігі кезекте ауыл әкімдері шаруашылық құрылымдарына арзандатылған дизель отынын тарату­шы «Нефть Транс Қызылорда» және «Жаңақорған ОіL» ЖШС мекемелерімен дизель отынын алуға келісімшартқа отыруы керектігі ескертілді. Сондай-ақ егінді сумен жеткілікті қамтамасыз етуде Қожакент округіндегі «Бабакент» каналын тазалау жұмыстарына 41,5 млн теңге, «Темірбетон» лотокты каналына 166 млн теңге, барлығы облыстық бюджеттен 207, 5 млн теңге қаржы кезекті облыстық сессияда бөлу жоспарланып отырғанын айтты.
Хабарламашы аудандық бюджет есебінен тазалау жұмыстарын қажет ететін су нысандары туралы да тоқ­талды. Биыл ауданымыздағы барлық 72,69 шақырым су жүйелерін тазалау жұмвыстарын жүргізу үшін облыс және аудан бюджетінен 307, 3 млн теңге бөлінуі қажет.
Баяндамадан соң «Биыл аяқ су мәселесінің күрделілігіне байланысты күріш көлемін асырмау талаптары бойынша қандай жұмыстар бар?» деп сауал тастаған аудан басшысы Руслан Рүстемов елді мекендер бойынша жоспарлы жұмыстың ахуалына ден қойды. Бөлім басшысының хабар­ламасында егіс егу науқанына немқұ­райдылық танытып жүрген ауыл әкімдерінің іс-қимылдары талқылануы қажет еді деген сын-ескертпесін де айтып өтті. Бәрі жақсы деп сыдыртып өте шыққанмен әлі орындалмай келе жатқан тапсырмалар көп. Шаруалардың арзандатылған дизель отынымен қамтылуына жағдай жасауда үш қана ауылдық округ әкімдерінің келісімшартқа отырғаны, қалғаны қимылсыз жатқанын не деуге болады?
– Тағы бір мәселе, – деді әкім, – веге­тациялық кезеңде су тапшы­лығы жағ­дайында қосымша су қорымен қам­тамасыз ету үшін «Қазсушар» ШЖҚ РМК Қызылорда филиалы арқылы 8 дана, облыстық табиға ресурстар және табиғат пайдаоануды реттеу арқылы 11 дана су насосы қондырғыларын алуға әрекет етәп жатырмыз. Былтыр оның 9-ы алыныпты. Бұлар неге толыққанды іске қосылмай тұр?
Мәжілісте күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша «Жаңақорған ауданындағы мәдениет саласында 2021 жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы» аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы
Нұрымжан Бұлдырықов
хабарлама жасады. Әкімдік мәжілісі барысында аудан басшысы Руслан Рүстемов жақында өткен Наурыз шарасын биік талғам, режиссерлық көркемдік деңгейде өткізуге қол жеткізгені үшін аудандық мәдениет үйі директоры
Зүлфия Шалабаеваға өз атынан алғысын білдірді.
– Ауданда мәдени шаралар өтіп жатады. Осы орайда көрермендер контингенті көңіл көншітпейді. Концерттік бағдарламалардың жарнамалануының жеткіліксіздігі ме, көзайым қойылымдардан қарапайым халық көп қалыс қалып, мекеме қызметкерлерін тапсырмамен жинау үрдісі қалыптасқан.
Басқа да мәдениет үйлері мен клубтарда өткен жылы 978 мәдени шара ұйымдастырылып, оларға 97622 көрермен қамтылды делінеді. Бұл күмәнді цифр сияқты, – деді ол.
Барлық кент, елді мекемелерде клуб бар, бірақ жұмыстары бәрінде талаптағыдай деп айтуға болмайды. Есігін құлып күзететін клубтар жөнінде тұрғындардан естіп қаламыз. Осы жөнінде талдап-таразылауға тиіс басшылыққа өзі жиналыс жасауға барған ауылдарда қарапайым микрофон құрылғысы дұрыс
жұмыс жасамай, қиналыс
тапқандарын да жасырмады.
Үлгілі жұмысымен танылып жүрген клуб иелерін көтермелеп, ал міндетіне енжар қарайтындарды қатаң сынға алу арқылы ауыл мәдениетінің жандануына жол ашуға болар еді. Бірақ бұл мәселелер туралы баяндамада нақты деректер қамтылмағанын айта келе, бірнеше жылдан бері бір орында отырған ауылдық клуб үйі директорларын білім саласындағыдай ротациялау әдісі тиімді нәтиже берер ме еді, – деген жобасын жерделеуді тиісті салалық орынбасарына жүктеді.
Одан әрі ақылы қызметтің жай-күйі, түскен қаражаттың жаратылуы жөнінде де тоқталып өтті.
Мәжілісте қаралған екі мәселе бойынша тиісті тапсырмалар берді.

Баян ҮСЕЙІНОВА
02 сәуір 2022 ж. 331 0