Соңғы жаңалықтар

№92 (8906) 2

02 желтоқсан 2025 ж.

№91 (8905) 29

29 қараша 2025 ж.

№90 (8904) 25

25 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
» » Әскер сапындағы нәзік жүрек

Әскер сапындағы нәзік жүрек


Қай заманда болмасын Отан қорғау мәртебелі міндет. Бұл жолда ер азаматтармен қатар, батыл да қайсар арулар да сапта тұр. Солардың бірі – Назира Өмірбекқызы. Ол Ақтау қаласындағы ПВО 51809 әскери бөлімінде киім-кешек қызметінің жауапты маманы. Жас болса да, әскери тәртіп пен жауапкершілікті өмірлік ұстанымына айналдырған азаматшаның еңбек жолы талай жасқа үлгі.


Нәзира Қайымхан Қандөз ауыл­ындағы №240 Ғани Мұратбаев атын­дағы орта мектепті аяқтаған соң білі­мін Түркістан қаласындағы техника­­лық колледжде жалғастырды. Маман­дық таңдауда заманауи технология­ның қыр-сырын үйренуге бел буып, «бағдарламашы» мамандығын мең­герді. Әдетте бұл саладағы жастар компьютер алдына жайғасып, кеңсе жұмысын атқаруды көздейді. Алайда Нәзираның тағдыр жолы басқа арнаға бұрылып, өмірін әскери қызметпен байланыстырды.
– Менің қызметім әскери бөлім­нің киім-кешекпен толық әрі сапалы қамтамасыз етілуін қадағалаймын. Бұл өте үлкен жауапкершілікті талап ететін жұмыс. Киім кию ережесі сарбаз рухының бір бөлігі деп есептеймін. Оны уақтылы жеткізу, сапасын қадағалау, есеп жүргізу барлығы дәлдік пен ұқыптылықты талап етеді. Маған өзімнің жұмысым ұнайды, – дейді ол.
Нәзира мүлікті қабылдап, тарату арқылы бүкіл бөлімшенің жауын­герлік дайындыққа сай болуын қамтамасыз етіп келеді. Әскерде әр нәрсе өлшеніп, уақытпен есептеледі. Кешігуге, салақтыққа орын жоқ. Сапта тұрған сарбаздың сырт келбеті мен киім үлгісінің талапқа сай болуын қадағалайды.
Ол бұл салада 2 жылдан бері қызмет етіп келеді. Осы уақыт ішінде ол әскери бөлімнің сенімді маманына айналған. Қызмет барысында ерлермен тең дәрежеде еңбек етіп, кейде тіпті ауыр жүкті де көтеруге тура келеді. Бірақ ол ешқашан «қолымнан келмейді» деп айтқан емес. Өйткені, әскердегі әр күнді жаңа тәжірибе, жаңа сын деп біледі.
Нәзираның айтуынша, әскери қыз­меттің бірнеше артықшылығы бар. Біріншіден, жеке тұлғаның дамуына ықпал етеді. Әскери орта адамды тәртіпке, жинақылыққа, жылдам шешім қабылдауға үйретеді. Екіншіден, әлеуметтік жағдайдың жақсаруына жол ашады. Тұрақты жалақы, әлеуметтік пакет, баспанаға қатысты жеңілдік­тер жасалады. Үшіншіден, кәсіби болашағына оң әсер етеді. Әскери саладағы тәжірибе кейін де қызмет табуда үлкен артықшылық береді.
Ол нәзікжанды болса да әскери өмірдің ауыртпалығынан қорықпайды. Керісінше, өз ісін сүйіп атқарып, әр тапсырманы жауапкершілікпен орындау оның басты ұстанымы.
–Әскери ортада адам шыңдалады, нағыз өмір мектебінен өтеді. Мұн­да жауапкершілік, тәртіп, өз-өзіне сенімділік қалыптасады. Қазіргі жас­тардың көбі әскерге барудан қашқақ­тайды, бірақ шын мәнінде әскер адамның өзін сынап, шыңдайтын орта. Әскерде көрген тәжірибе болашақта қай салада жүрсең де пайдасын береді. Мен жастарға қорықпай, батыл түрде әскерге баруға кеңес беремін. Бір Аллаға тәуекел етіп, туған еліңнің алдындағы борышыңды өтеген нағыз абырой емес пе? – дейді Нәзира.
Назира көпбалалы отбасында өс­кен ару. Әкесі инспектор қызметкері, анасы ауруханада медбике. Үйдегі төрт қыздың ортаншысы. Әпкесі және екі сіңлісі бар. Оның әскери ортада ер азаматтармен иық тірестіре жүріп, нәзік болмысын сақтап қалуы бала кезден алған тәлім-тәрбиесінің нәтижесі. Ата-анасының еңбекқорлығы мен адалдығы оның өмірлік ұстанымына айналған.
Бойжеткен алдағы уақытта да әскери салада еңбек етуді жоспарлап отыр. Себебі бұл мамандық оған өзін дамытып қана қоймай, тұрақты әлеуметтік жағдай жасауға мүмкіндік береді. Болашақта отбасын құрған соң да әскери қызметін жалғастыруға ниетті.
Әдетте әскери қызмет ер аза­мат­тарға тән деп саналса да, бүгінде бұл салада нәзікжандылардың да орны ерекше. Олар қызметке нәзіктік пен ұқыптылықты, ұжымға ұйымшылдық пен қамқорлықты әкеледі. Нәзира да осы қатардағы арулардың бірі. Сарбаздарға моральдық қолдау көрсету, олардың әскери өмірге бейімделуіне көмектесу де оның бейресми міндетінің бір бөлігі. Назираның басты ұстанымы қандай істе болмасын, адалдық пен жауапкершілік. Ол үшін әскери фор­ма, намыс пен абыройдың символы. Сондықтан әр күнгі жұмысына үлкен құрметпен қарайды.
Иә, Нәзира Өмірбекқызын қазіргі заманның қайсар қызы десек қателес­пейміз. Әскердегі қызметі арқылы ол тек өз өмірін ғана емес, айналасындағы адамдардың да көзқарасын өзгертіп жүр. Оның өмір жолы ерік-жігер мен еңбектің, адалдық пен патриотизмнің жарқын үлгісі.

Айсұлу Алданазар
16 тамыз 2025 ж. 945 0