» » Бабын тапсаң, балық та байлық

Бабын тапсаң, балық та байлық


Балық шаруашылығын дамытуға былтырдан бастап басымдық беріле бастады. Яғни, балық өсіру өндірісіне мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде. Оның ішінде, субсидиялау, көл-тоғандардың инфрақұрылымын дамыту, жаңа технологияларды енгізу мен балық түрлерін көбейтуге көбірек көңіл бөлінеді. Әрі экспорт көлемін арттыру да басты назарда. Жаңақорғандық балықшылар бұл мүмкіндікті пайдалануы тиіс.


Балық шаруашылығын дамытудың өң­ірлік бағдарламасы әзірленіп, Сыр өңірін­де 2030 жылға дейін 16 мың тонна балық өндіру көзделген. «Бағдарлама аясында балық экспорты 4, ал тауарлы балық өндіру көлемі 115 есеге өседі. Бұған қоса, 1500 жұмыс орны құрылады. Жоба шеңберінде жылына 12950 тонна балық шығаратын 16 шарбақтық шаруашылық, 12 мың тонна балық өсіретін 12 шаруашылық құру, 400 тонна болатын 3 тұйықталған жүйелі сумен қамтамасыз етілген және 1450 тонна балық өсіретін 55 көл-тауарлы су айдыны ұйымдастырылады» – деді Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары Жанқожа Рамбердіұлы.
Ал, біздің ауданда балық шаруасына аса мән беретін келінтөбелік Мақсат Жұмаділлаевтан бөлек бірнеше шаруа бар. Біз білетін «Жыңғылдысай» көлінің маңынан былтыр жылына 1-5 млн. дана балық шабақтарын шығаратын инкубациялық цех пен шабақ өсіру питомнигін іске қосу жоспарлануда. Ал, «Қалғандария» көлінің иесі Сүйіндік Аманжолов болса балықты баласындай өсіреді. Ол мемлекеттің көмегінсіз тірлік бастаған қайсар азамат. Орайы келгенде еңбек адамымен тілдесудің сәті түсті.
– 2007 жылы бұқаралық ақпарат құ­ралдарынан резервке көл беріледі деген хабарламаны естіп, тәуекелге бел байлап, конкурсқа қатыстым. Асығым алшысынан түсіп, екі бірдей көлге ие болдым. Олар Нартай ауылына жақын орналасқан кө­лемі 15 га «Қарақұм» мен жер аумағы 70 га болатын «Домалақ» көлі. Былтырдан бастап осы аталған «Домалақ» көлінің бір бөлігін демалыс орнына айналдырып, халықтың пайдасына жаратып отырмын, – деп әңгімесін бастады балықшы.
Сүйіндік аға зейнетке шыққанға дейін №156 Н.Бекежанов атындағы мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ берген. Кейін балалары және немерелерімен бірге балық шаруашылығын бастаған. Әлі де болса аяқ-қолы жылдам, өз ісіне мығым, ширақ көрінеді. Бүгінде 18 түрлі балық, оның ішінде сазан, жыланбалық, шортан, лақа, мөңке, алабұға, табан, тұқы, ақ амур т.б. түрін өсіріп отыр.
– Бұл кәсіп жаныма жақын болғандық­тан таңдадым. Алдын-ала семинар-тре­нингке қатысып, бейімді білім алдым, – дейді кейіпкеріміз.
Ол қазіргі балық шаруашылығын отба­сылық кәсіп түріне айналдырған. Ұлдары мен немерелерін де арнайы мамандану үшін тренингтерге Балқаш қаласына жіберіп тұрады екен.
– 2014 жылы Төменарық елді мекеніндегі аумағы 70 га болатын «Қалғандария-3» көлін ұтып алдым. Балық өндіру кәсібімді одан әрі дамытып, нарыққа шығарып жатырмын. Бізге қыркүйек, қазан айлары балық аулауға өте оңтайлы. Өткені, балық осы айларда көп салмақ қосады. Сондықтан біз аталған екі айда жаппай балық аулауға шығамыз, – дейді кәсіпкер.
Осылайша жұмысты жүйелі түрде жолға қойған отбасының кәсібі көз қызығарлықтай. Біз сөз етіп отырған шаруа қожалығы биылғы маусымда 1,5 млн шабақты өсіріп отыр. Шаруашылық бүгінде Шиелі ауданы тұрғындарын балықпен қамтамасыз етеді. Тағы айта кететін жайт, Сүйіндік Аманжолов өзінің тынымсыз еңбегінің арқасында БҰҰ-ның «Шалғайдағы елді мекендерді дамыту және балық шаруашылығының» арнайы бөлінген қайтарымсыз грантына ие болған. Бүгінде оның аталған кәсіпке қажетті барлық құрал-жабдықтары жеткілікті түр­де қамтылған. Тіпті балық тасымалдайтын көлігі де бар. Кәсіпкер алдағы уақытта балық өсірумен ғана шектелмей, оны өндіруді де көздеп отыр.
Мемлекеттен қандай қолдау бар?
– Балық шаруашылығымен айналы­сатын кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шаралары аз емес. Инвестициялық салымдар кезінде техника мен жабдықтар сатып алуға балық өсіру шаруашылықтары үшін шығыстардың 25 процентін өтейді. Балық (тұқы, бекіре, албырт) жеміне кететін шығындар құ­ны­ның 30 процентін өтеуге болады. Мемлекеттік қолдау шараларын кеңейту бойынша келесідей субсидиялау түрлері бар. Биологиялық негіздеменің құнын, балық өсіру материалын сатып алу құнын, бағалы балық түрлері аналық-жөндеу табындарын сатып алуға және ұстауға кеткен шығындар, дәрілік препараттарды сатып алуға кеткен шығындардың 50 процентін субсидия есебінен қайтаруға болады.
Тікелей субсидиялар бойынша 2030 жылға дейін республика бойынша барлығы 136 млрд теңге жоспарланған, оның 8,9 млрд. теңгесі Қызылорда облысына тиесілі. Инвестициылық салымдарды суб­сидиялауға тор шаруашылықтарын, УЗВ, тоған шаруашылықтарын, құрама жем зауытын, қайта өңдеу кешендерін салу және кеңейту жатады. Инвестициялық субсидиялар бойынша 2030 жылға дейін республика бойынша барлығы 41,4 млрд теңге жоспарланған, оның 2,1 млрд теңгесі Сыр өңірінің есебінде.
«Балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған» өңірлік бағдарламасына сәйкес тауарлы балық шаруашылығымен айналысатын көлдерге инфрақұрылымын дамыту жоба сметалық құжаттарын жасап электр желісін тарту, трансформатор орнату жергілікті жерге тапсырылған болатын.
Субсидияға қандай құжат қажет?
Аудандық тұрғын үй – коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің жау­апты маманы Асылбай Дәулетханұлы инфрақұрылымдарын дамытуға байла­нысты электр желілерін жүргізу және трансформатор орнату үшін жоба-сметалық құжаттарын жасап ұсынған жағдайда, облыстық басқармаларға бюд­жеттік өтінім өткізіп, қолдау тапса, қаржы қаралатындығын атап өтті. Яғни, кез келген шаруашылық иесі бөлімге жоба-сметалық құжатын өткізуі тиіс.
Аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Қаржыбек Тәжібайұлы су айдындары иелеріне бизнес жоспар, жоба-сметалық құжаттарын жасап, «Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағ­дарламасына ұсыну арқылы мәселені шешуге болатындығын жеткізді. Сонымен қатар «Байқоңыр» ӘКҚ арқылы бірлескен өндіріс құру арқылы 51/49 проценттік үлеспен белгіленген мерзімге дейін төмендетілген пайызбен қажетті несие ала алады. Жақсы жобалар болған жағдайда гранттарға ұсынуға жәрдемдесетіндігін сөз етті.
Бір сөзбен айтқанда, қос бөлім арқылы да, жоба-сметалық құжатты (ЖСҚ/ПСД) әзірлеп, өткізуге болады. Бірінде субсидия алсаңыз, енді бірінде қайтарымсыз қар­жыға қол жеткізесіз. Екеуі де тиімді жол, қолдау тапса қос тараптан да кәсібіңізге инвестиция құйылады. Сөйтіп бабын тауып, балықтан да үлкен бизнеске қадам басуға мүмкіндік бар.

Әли ТЕМІРБЕК
01 наурыз 2022 ж. 284 0