» » Ел тілегі ескерілсе...

Ел тілегі ескерілсе...


Жақында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Балайым Кесебаева ауданға арнайы іс-сапармен келіп, тұрғындардың талап-тілегін тыңдап, көптің көкейінде жүрген сауалдарды талқыға салды. Ауыл-ауылды аралап, әлеуметтік мәселелерді көзбен көрді. Қоғамдық қабылдау барысында жұмыссыздық мәселесі, ақылы жол, жарық, газ, кент тазалығы, несие мәселесі көтерілді.


Алдымен Балайым Туғанбайқызы бастаған делегат Жаңақорған ау­даны бойынша су шаруашылығы саласындағы күрделі мәселелермен, жүзеге асырылуы тиіс жобалармен танысты. Талап топтық су құбыры құрылысы кешенінде болып, жоспарды көрді. Су шаруашылығы саласының ардагері Жұмабек Қосдәуіров негізгі мәселелерді тілге тиек етті. Одан кейін, Кейден ауылына, соңынан Төменарық елді-мекеніне сапарлады.
«Nur Otan» партиясы аудандық филиалында қоғамдық қабылдау өт­кізіп, аудан тұрғындарының көкөй­тесті мәселелерін тыңдады. Аудан әкімі Руслан Рүстемов, аудандық мәслихат хатшысы Ғалымжан Сопбеков және аудан әкімінің орынбасарлары мен әр салаға жауапты бөлім басшылары жеке қабылдауға қатысты. Бірінші болып түгіскендік Қожабай Төлебаев мәселесін айтты.
– Өзім де, келіншегім де жарым­жан жандармыз. Зайыбымның көзі көрмейді, үйдің асыраушысы, кішкен­тайлардың қамқоршысы Арман атты ұлымның дәрігерлік дипломы бар. Былтыр бітіріп келді. Алайда ауылда жұмыстың реті болар емес. Аудан орталығына, қалаға жіберуге болғанымен, бізге қарайтын адам жоқ. Сондықтан, біздерді мүгедек деп танып, ұлыма қызмет болса, – деп өтінішін білдірді.
Бас дәрігер лауазымына жаңадан тағайындалған Сәкен Үсейінов мәсе­ленің мән-жайын түсініп, ертерек шешіп беруге уағдаласты. өздеріне мүгедектікті алып беруге және жас жігітті қоғамдық жұмыс есебімен қабылдауға уәде етті. Жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Мәжит Балқожаев мүмкіндігін жақын арада қарастырып, жолдама берілетінін жеткізді. Әрі, Мәжит Байқожаұлы өзінің саласына қатысты бірнеше ұсынысын ортаға салды.
Екінші болып Бірлік ауылы тұрғыны Әріпбек ағамыз кіріп, қос ауылдың талап-тілегін жеткізді. Қыраш пен Ақүйктегі ағайынның көгілдір отынның келуін асыға күтіп жүргеніне жыл толды. Бірақ, қаржы мәселесі мәз болмай тұр. Бұл жөнінде аудан басшысы Руслан Рүстемұлы толықтырып:
– Облыс бойынша 7 ауылға газ тарту мәселесі оң шешімін тапқанымен, оның 5-іне ғана қаржы қаралды. Ал, Жаңақорғандағы осы қос ауылдың қаржы мәселесі әлі шешілмей тұр. Бұл былтырғы жылдың жоспары еді, алайда, әлі де керек қаржы қаралатын емес, – деп мән-жайды түсіндірді.
Расында, заман жылжыған сайын, адамның қажеттілігі де арта түседі. Көмірден құтылып, көгілдір отынның игілігін көретін уақыт жетті. Әсіресе, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жолының бойына жақын орналасқан ауылдарға газ тарту жұмысы Сыр беткейдегі ауылдарға қарағанда қиындық ту­ғызбауы тиіс секілді. Әрине, барлығы да қаржыға келіп тіреледі. Дегенмен, бастама бар, бірақ ары қарай жүзеге асса деген бірліктік ағамыз ауылдағы жұрттың аманатын арқалай келіпті.
– Айтылып жатқан ұсыныстарды арнайы тыңдауға келдік. Барлық өтініштер мен арыз-шағымды қағазға түсіріп, жоғарыға ұсынатын боламыз. Халық қалаулысы болғаннан соң, аудан, ауыл-ауылды аралап, тұрғындардың мұң-мұқтажын естіп, көріп, қолымыздан келгенше ертерек шешуге жұмыс жасаймыз. Елді мекенді газдандыру мәселесін бірінші орынға қоятын бо­ламыз, – деді мәжіліс депутаты.
Келесі кезекте, жаңақорғандық ауыр көлік жүргізушілері ақылы жол­дың ақысын алып тастасын немесе көлемін азайтсын, жолдар талапқа мүлде сай емес деген арыз-шағымын ортаға салды.
– Сыр өңіріндегі құрылыс саласына қажетті тас өнімдерінің барлығы дерлік Жаңақорғанда өндіріледі. Сондықтан, тасымалдау біздің құзырымызда, алайда, соңғы кездері бұл кәсіп бізді шығынға ұшыратуға бағыт түзеді. Біріншіден, жол ақысы қымбат. Шақырымына 25 теңгеден төлейміз. Екінші, жолдағы арнайы инспекторлар, яғни ауыр жүк көліктеріне жауапты құқық қорғау қызметкерлері мазаны алады. Үшінші, жанар-жағармайдың бағасы жылдан-жылға өсіп барады. Айына 30 рет тасымал жасасақ, әр барып-келуімізге 7 мыңнан төлейміз, сонда айына 200 мыңнан астам ақша төлеудеміз. Біздің бір түсінбейтініміз, бұл қаражат кімнің немесе қай министрліктің қазанына құйылуда. Ол біз бас қатыратын шаруа емес, дегенмен әр жүк көлігінің өзінен айын 200 мыңдап ақша алса, онда оның есебіне жету қиын. Бұл мәселе бойынша аудан әкімі бастап, барлық облыс, республикаға хат жаздық, бірақ жауап әлі келген жоқ, – деді көлік жүргізушілер.
Орынды, олардың айтқаны да жөн, белгілі бір терминал немесе жарық, не газ секілді бір орталыққа емес, жіберілген мекен-жайға төлеп жібереді, ол қайда кететіні беймәлім. Аудан басшысы да осы мәселеге баса назар аударып, жол ақысына байланысты ұсыныс тастауды сұрады. Болмаса, жіберілген хатқа жауап келсе дейді. Ал, жүргізушілер облыс аумағында жүру тегін болса, не болмаса жолда тұрған МАИ қызметкерлері кедергі келтірмей, жүкті қалағанынша басып келсек деп нақты уәжін айтты. Балайым Кесебаева мәселенің түсініп, жеткізетінін айтты.
Қабылдау соңына қарай кент тазалығына байланысты мәселе көтерілді. «Жаңақорған Тазалық» мекемесінің директоры Мұхаммеджан Рүстемов қазіргі бәсекелестіктің зиянды тұсын алға тартты. Яғни, тұрмыстық қатты қалдықтарды тазалау, әктеу, абаттандыруды тендерге салмай, кәсіпорынның қызметі ретінде қалдыруды айтты. Әйтпесе, кез келген жан ұтып алып, жұмыс сапасыз орындалатыны айдан анық. Ал, қалдық өңдеуді бәсекелестікке берсе құба-құп деп ұсыныс жазды.
Жалпы, жиын барысында бұдан да басқа жеке бастың мәселелері де сөз болды. Балайым Туғанбайқызы берілген ұсыныс, талап-тілектерді аманат етіп, жоғары атқарушы билікке жеткізетінін айтып тарқасты...

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
22 ақпан 2022 ж. 176 0