» » Адами капитал – келешек негізі

Адами капитал – келешек негізі


Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың үндеуінде «Үздік педагогтарды тарту жөнінде бағдарлама әзірлеуді тапсырамын, халық тығыз орналасқан өңірлердің жастарына гранттар бөлуге ерекше назар аудару керек. Бізге білімге деген көзқарасты өзгерту керек» деп нақты айтты. Бұл өте орынды айтылған сөз деп есептеймін.


Ұлт болып ұйысып, ел болып еңсемізді көтерген кезеңде қолға алар ісіміздің бірі – ұрпақ тәрбиесі екені даусыз. Кез келген мемлекеттің болашағы – білімді, білікті, белсенді жастар. Білімсіздің күні қараң. Көзі ашық, көкірегі ояу кез келген білімді ұрпақ өз Отанының даму жолында аянбай тер төгеді. Қазіргі бой жарыстыратын емес, ой жарыстыратын заманда «алма піс, аузыма түс» деп жатудың өзі әбестік.
Қай ғасырда болсын ұлт өмірін өркендетуше саналы да салауатты, ұлтжанды, рухы биік парасатты ұрпақты тәрбиелеу – қоғам алдындағы басты міндеттердің бірі. Кез келген ұлтты қалыптастыратын орта – оның ұлттық мектебі. Сондықтан қазақ мектебінің тағдыры – ел тағдыры.
Келешектің іргетасын қалау үшін, ең алдымен сол елдің жастарының саналы ұрпақ болып жетілуіне күш салу керек. Мен бастауыш сыныптарға сабақ беремін. Оларға түрлі әдіс-тәсілдер арқылы сабақты меңгертуге тырысамын. Білім нәрімен сусындап, тәрбие мәйегіне тұнып өскен оқушы болашақта мықты маман болары анық. Ал мықты маман мемлекеттің өркендеуіне үлес қосатын азамат болады.
Мұғалім еңбегінің ерекшелігі – оның баламен үнемі қарым-қатынаста болумен және рухани жетілуімен сипатталатындығында. Әр баланың көңілін, тілін таба білу керек деп ойлаймын. Мен өзім оқушыларыммен сырласып, дос сияқты ақылдасқанды жөн көремін.

Қымбат СЕКЕНОВА,
№229 мектебінің мұғалімі


26 қаңтар 2022 ж. 388 0