№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Шолпанның тігін шеберханасы

Шолпанның тігін шеберханасы


Көрпе мен көрпеше, қыз жасауы, бесік жабуын тігу сынды ұлттық өнерді ұлықтап жүрген қыз-келіншектердің кәсібіне сұраныс өте жоғары. Жыл сайын осы ісмерлікке икемделіп, жеке кәсібін дөңгелетуге ниетті нәзік жандылардың қатары атып келеді. Жүрек қалауымен осы саланы бойына сіңіріп, кәсіп көзіне айналдырған Шолпан Тасболатқызының қолынан шыққан бұйымдарға ықыласымыз ерекше ауды. Кейіпкерімізді іздеп, орталық базардағы тігін шеберханасына бет алдық.


Әйнек қабырғаның арғы жағында қызылды-жасылды көрпе арасында бар назарын қолындағы тігін маши­насына аударып, ынтамен іске кіріскен келісті келіншекті байқадым. Дереу шеберхананың есігін ашып, ішкі кірдім. Бірақ, құрақтарын бір-біріне қиюластырып, ыңылдап әнін айтып отырып менің келгенімді байқамай да қалды. Мен де әдемі көріністі бұзғым келмей қарап тұра бердім. Бірер минуттан кейін-ақ, тарс етіп есік ашылды да, «апай менің бесік жабуымды бітірдіңіз ба?» деген дауыс шықты. Сонда ғана есік жаққа қарап, мені көрді. Жөнімді айтып, жанына жайғаса кеттім.
Жалпы кейіпкеріміздің мамандығы – пошта жұмысы яғни байланыс саласы екен. Алайда, жұмысы қысқарғаннан кейін ине мен жіпті жанына серік етіпті. Бүгінде оның қолынан шыққан қолөнер бұйымдары жоғары сұранысқа ие. Арнайы іздеп келгендегі мақсатымды сезгендей болып, кәсібі туралы сөз бастады.
– Шүкір, мақтанғаным емес, тапсырыс жақсы түсіп тұрады. Кейде үлгермей де қалып жатамын. Бесік жабуы мен қыз жасауын үздіксіз тігудемін. Қазір бұрынғыдай бір бесіктің жабдығымен барлық баланы жатқыза бермейді. Көбіне үшінші баладан кейін бесік жабуын жаңалап жатады. Сондықтан да сұраныс жоғары. Заман талабына сәйкес, халықтың талғамы да өзгерген. Бұрындары қызыл-жасыл түсті маталарды таңдаса, қазіргі күні жарық, ақшыл түстерге бейім. Осынша дүниені жасау, бір өзіме оңайға соқпайды, маған үйде қыздарым қолғабыс жасайды. Мына тұрған бұйымның жартысы қыздарымның қолынан шыққан.
– Жасырын болмаса айта кетіңізші, бесік жабдығы мен көрпешелеріңізді қаншадан сатасыз?
– Оның несін жасырайын. Барынша қарапайым халықтың қалтасына салмақ салмайтындай етіп, төмендеу баға қоямын. Мәселен, бесік жабдығын сыртқы жабуы мен ішкі жабдықтарын қоса есептегенде 10 000 теңгеге сатамын. Өйткені, сыртқы жабуы «короловский» пұлыштан тігеледі. Оның бағасы қымбаттау жүреді. Көрпешелеріме келетін болсақ, мақтасы салынған дайын көрпешелерді парымен 9 000-нан басталады. Енді, ол тапсырыс берушінің талғамына, сұранысына қарай тігіледі.
Еңбектенген адам әйтеуір өз күнін өзі көреді ғой. Негізінен айына 150 мыңнан кем табамын дей алмаймын. Бір айда 7-8 бесік жабуы мен 20-25 тей көрпеше тігеміз. Қыс айында сұраныстың төмендейтін уақыты болғанымен, жазда тапсырыс көп түседі. Күні-түні тігіс тігетін кездер жиі болады.
Әжесі мен анасының бойындағы ісмерлік қасиет кейіпкерімізге бала кезінен дарыған. Қолөнерге, тігін тігуге икемі бар Шолпан апай мақсат тұтып жүрген кәсібін 2013 жылы қолға алады. Қазір оның шілдехана, бесік той, қырқынан шығару, тұсау кесуге арналған жұмыстарым мен тұрмысқа шыққалы жатқан қыздарға арналған түрлі мерекелік бұйымдарым жоғары сұранысқа ие.
– Әйел адам болған соң, үйдегі және түздегі тірліктерді қатар алып жүру керексің. Кейде өз жақындарыма көп уақыт бөлмей қалатын сәттер болады. Қызмет барысындағы әр күнім қызық ғой. Кәсіпке қатысты жаңалықтарды уақытылы игеріп отыру үшін тұрақты ізденемін. Менің енді мақсатым – мына дүкенді кеңейтіп, кәсібімді молайта түссем деймін. Биылғы жылы кәсіпкерлерге беріліп жатқан грантқа өтініш тастап, қайтарымсыз қаржыны алу жоспарда бар. Талпынған адамға қашанда түрлі жұмыс көздері табылады. Сондықтанда қол қусырып қарап отырмай, нақты іске көшкен дұрыс, – дейді жастарға қарата айтып.
Шолпан Тасболатқызының шебер­ханасынан тігіншілік өнердің өрісін көрдік. Әжесінен қалған асыл өнерді, қаннан келген қасиетті дамытып отырған жан ісмерлікке ынталы жастарға да үйретуге қарсы еместігін естідік. Бұл да жастарға деген ізет, кішіге дейін кішіпейілдік пен құрмет деп бағалаған абзал.

Әсел РЗАЕВА
11 ақпан 2021 ж. 1 126 0