» » Вакциналаудың маңызы неде?

Вакциналаудың маңызы неде?


Пфайзер» (АҚШ) компаниясы шығарған Comirnaty вакцинасы жүкті және емізулі әйелдерге, жасөспірімдерге егілуде. Біздің аудан тұрғындарының белсенділігі қандай? Сол жөнінде білдік. 
Comirnaty вакцинасының I турына облыстан 1500 дозасы келіп, оның бәрі егілді. Олардың ішінде, жүкті әйелдер саны – 81, емізулі әйелдер – 510, жасөспірімдер – 909.
Егу жұмысының барысын білу мақсатында ауданның бас эпидемиолог дәрігерімен тілдестік.
– Вакцинаның өз денсаулығымыз үшін маңызын жете түсінетін уақыт болды деп ойлаймын. Ұжымдық иммунитет қалыптастыру арқылы біз аурудың таралуын азайта аламыз. Comirnaty-дің пайдасы зор. Аналардың жүкті кезінде иммунитеті әлсіз болады. Cондықтан кез келген вирусты жұқтыру қаупі жоғары. Ал, жасөспірімдер мектепке, колледжге барып білім алады. Білім ордаларында сақтық шаралары қаралады. Дегенмен баланың қауіпсіздігі үшін вакциналанғаны дұрыс, – дейді Асхан Отарбеков.
Мамандардың айтуынша, вакцинаның I турын алғандар араға 21-28 күн салып, екіншісін қабылдайды. Comirnaty-дің екінші доза 870 дана келсе, оның 300-і салынды. Жүкті әйелдер – 20, емізулі әйелдер – 121, балалар – 159-ны құрады.
Кент тұрғыны Меруерт Абдубаева вакциналаудан кейінгі әсерін білдік.
– Емізулі ана болғандықтан сәбиімнің саулығы маңызды. Өзім вакциналаудың маңызын түсініп, салдырдым. Ешқандай жанама әсерлері болған жоқ. Жеңіл өтті, – дейді ол.
Расында вакциналауға қатысу әркімнің жауапкершілігіне байланысты. Өзінің және жақындарының денсаулығына мән берген тұрғындар өз еркімен егу пунктеріне барып, вакцина қабылдауда. Гүлсара Құрманбекқызы перзенті екпе салуға келіскен ата-ананың бірі.
– Вакциналаудың маңызын түсінген адам өзі де, жақындары да екпе қабылдайды. Ғалымдар вирусты құрықтайтын бірден-бір жолы – вакциналауда екенін ғылыми тұрғыда дәлелдеп берді. Колледжде білім алатын ұлым Асланға екпе салуға рұқсат бердім. Өйткені өзім де вакцина қабылдадым, – дейді медицина қызметкері.
Айта кететіні, елде ревакцинациялау жүруде. Яғни екі рет вакцина алғандар иммунитетін күшейту үшін үшінші рет салуға мүмкіндігі бар. Бүгінде аудан бойынша 939 адам ревакцинациядан өтті. Олардың ішінде 496-сы медицина қызметкері, 239-ы педагог пен тәрбиеші, 50-і құқық қорғау саласының қызметкері, 20-сы мемлекеттік қызметкер. Оларға «QazVac» вакцинасы салынуда.
Рауза ӘЗІЛХАН
25 желтоқсан 2021 ж. 168 0