Қасым-Жомарт дүниеге келді
16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні ауданда 13 шаңырақ шаттыққа кенелді. Олжалы отыз жылдың биігінде аудандық перзентханада 13 ана перзентіне өмір сыйлады. Ата-әжелері мен ата-аналары сәбилеріне Ұлық мерекеге орайластырып мәнді, мағыналы есімдер берді. Солардың ішінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құрметіне қойылған есім назарды аударды. Мадалиевтердің шаңырағына облыс пен ауданнан арнайы өкілдермен құтты болсын айтуға біз де бірге ілесіп, шаңырақтың шаттығын бөлісуге асықтық.
Азаттықтың ақ таңы атқан арайлы күні ел бойынша 2 мыңнан астам сәбидің кіндігі кесілді. Оларға арнайы «baby-бокс» сыйға тартылып, ата-анасына алғыс білдірілді. Сыр өңірінде 74 бала жарық өмірге қадам басса, соның 13-і Жаңақорғанда.
Иә, Мадалиевтер шаңырағында дүбірлі той, алысқа ат шаптырып, сүйіншілейтін күн. Қуанышы қойнына сыймай қуанған Жасұлан мен Балнұрды және немересін асыға күткен Ақмарал әжені құттықтау үшін облыстық мәслихат депутаты Нұрболат Ибраев ауданға арнайы келді.
– Сіздерді ең бірінші егемендіктің ордалы отыз жылдық мерейлі мерекесімен құттықтаймын. Осындай ұлы күнде өмірге келген ұлымыздың бауы берік болсын. Ата-анасына Алла күш қуат берсін, еліміздің ертеңіне шырақ жағатын, келешегін кемел ететін ұрпақтан болғай. Сыр елінде мұндай атаулар болғанымен, 30 жылдықта өмірге келген сәбилер арасынан алғаш естіп, арнайы құттықтау үшін келдік. Қасым-Жомарттың қадамы құт болсын! – деп ел қалаулысы игі тілегін білдірді.
Сәбидің анасы Балнұр Омарқызына «Сүйінші» сыйқорабы табыс етілді. Онда Мемлекет басшысының бақытты және ұзақ ғұмыр тілеген құттықтау хаты, «Тәуелсіз Қазақстанға 30 жыл» монетасы, бөбекке қажет бұйымдар мен баланың туу туралы куәлігі салынған. Сыйқорапты Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігі «Азаматтарға арналған үкімет» «Мемлекеттік корпорация» КЕАҚ пен Ұлттық банк, Центркредитбанкі және «Қазпочта» АҚ ұйымдастырды.
«Азаматтарға арналған үкімет» «Мемлекеттік корпорация» КЕАҚ Қызылорда облыстық филиалы қызметкері Әлібек Жаппасбаев, аудандық филиал басшысы Сермұхамед Оразгелдиев шоқ гүл мен тарту-таралғы ұсынды. Аудан жұрты атынан ақын Әбілхайыр Сыздықов арнау өлеңін оқып, балалар арбасын сыйға тартса, облыстық телеарна тілшілері таспаға басты.
– Шыны керек, мұндай сый-құрмет көрсетіледі деп күтпедім. Алдымен Мемлекет басшысына, облыс және аудан әкіміне аналық алғысымды айтқым келеді. Ұлымызға осы есімді қоюды өзіміз шештік. Өйткені, бірінші кезекте ырымдап, одан отыз жылдық мерейлі күнге тұспа-тұс келген соң Президентке деген құрметпен берілді. Өте қуаныштымыз, – деп нәрестенің анасы Балнұр Базарбек ізгі ниетін жеткізді. Әжесі де келген қонақтарға, аудан басшылығына алғысын жаудырып, рахметін айтты.
Қазақ ырымшыл халық қой, әр нәрсені жақсылыққа жорып, тілеуін тілеп отырады. Ұлы тұлғалардың есімін беріп, солардың ізінен еретін ер болсын, елге дана ана болсын деп ырымдайтыны тегін емес. Бізге бірінші болып сүйіншілеген аудандық перзентхананың аға акушері Тұрсынай Сейдеметовамен байланысып, перзентханадан үйлеріне шығарылған шақалақтардың жағдайын білдік.
– Балалар мен аналардың жағдайы жақсы, керекті ем-домын қабылдап, үйлеріне жіберілді. Тек бір ғана ана іште, бірер күннен соң ол да отбасына оралады. Ал, Қасым-Жомарт Бақыттың салмағы 2900 грамм, бойы 50 см болды. Қазір жағдайы жақсы, аудандық емхана дәрігерлерінің бақылауында, – деді аға-акушер.
Былтыр 6 сәби өмірге келсе, биыл тағы өстік. Абылайхан, Жігер есімді батырларды былтыр құттықтап қайтқан едік. Биыл алаш қайраткері Әлихан Бөкейханов пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құрметіне есім жазылды. Ал, елдің келешегіне үмітпен қарап, болашағын баянды етуді мақсат тұтқан екі отбасы қызына Үміт деген атау берсе, Аянат, Алдияр, Әмина, Асылым, Дамир деген есім беріпті.
Ұл-қыздар аман болып, өсіп-өніп, елдің ертеңіне жарқын күндер сыйлайтын азаматтар болсын, деп біз де тілеулес болдық.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ