Ат ұстар азаматтар келді, ағайын!
Кеше егемен ел болғанымызға, тәуелсіздіктің тұғырлы 30 жылдық мерейлі күні қарсаңында Жаңақорған 9 шаңырақтың шаттығы еселенді. Аудандық перзентханада қазақтың ең ұлы мерекесі қарсаңында 3 ұл, 6 қыз өмірге келді. Үлкен қуанышты естіп, аудандық перзентхананың аға-акушері Тұрсынай Сейдеметовамен байланыстық.
– Балалар мен аналардың жағдайы жақсы, керекті ем-домын қабылдап жатыр. Шүкір, тоғыз ай көтеріп, тоғыз күн толғатып, асыға күткен нәрестелер мереке қарсаңында жарық дүние есігін ашты. Ең алдымен аналарға алғыс айтып, барлық қуаныш шаттыға бөленген шаңырақтарды ордалы отыз мерекемізбен құттықтаймын, – деді ағынан жарыла.
Оның сөзінше, ааудандық халыққа қызмет көрсету орталығы (ХҚКО) мамандарына сәбилердің төл құжатын дайындап, мейрамға қарсы кішігірім сый жасауды мақсат тұтыпты.
Иә, былты 6 сәби өмірге келсе, биыл тағы өстік. Абылайхан, Жігер есімді батырларды былтыр құттықтап қайтқан едік. Биыл алаш қайраткері Әлихан Бөкейханов пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құрметіне екі есім жазылыпты. Ал, елдің келешегіне үмітпен қарап, болашағын баянды етуді мақсат тұтқан екі отбасы қыздарына Үміт деген атау берсе, Аянат, Алдияр, Амина, Асылым, Дамир деген есім беріпті.
Ұл-қыздар аман болып, өсіп-өніп, елдің ертеңіне жарқын күндер сыйлайтын азаматтар болсын..!