Тәуелсіздік күні 6 сәби дүниеге келді
Тәуелсіздік мерекесі күні аудандағы 6 шаңырақтың шаттығы еселенді. Яғни аудандық перзентханада 6 нәрестенің кіндігі кесілді. Осындай сүйінші жаңалықты естіп, аудандық перзентханаға асықтық. Жол бастаушы – аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің бас маманы Гүлнар Абдуллаева мен бөлім қызметкерлері.
Бізді аға-акушер Тұрсынай Сейдеметова күтіп алып, аналар бөлмесіне бағыт түзеді. Алдымен аналардың жағдайын білу үшін сәл кідірдік.
– Аналар мен балаларының да жағдайы жақсы, керек ем-домын қабылдап жатыр. Бұйырса, бірер күнде шығып қалады. Биыл бала туу көрсеткіші жақсы, шүкір. Елдің демографиясы өсіп жатқаны қуантады, бұл біздің егемен ел ретінде жеткен жетістігіміздің бір биігі деуге болады, – деді бөлім меңгерушісі Сәуле Бектұрғанова.
Қазақ қыз баланы үйдің берекесі, болашақ ана, ел мен елді жалғайтын алтын көпір деп құрмет көрсетсе, ұл өмірге келсе елдің тұтқасы, болашақтың бағдаршысы, атұстар келді деп қуанған халық емеспіз бе? Міне, Тәуелсіздік күні Тәңір алты шаңыраққа торсықтай 6 ұлды сыйлады. Арнайы сыйлығы мен гүл шоқтарын ала келген Гүлнар апай иелеріне туу туралы куәлігін табыстап:
– Сіздерді ең алдымен тәуелсіздік мерекесімен құттықтаймын. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін, перзенттеріңіз ел сыйлайтын азамат болсын. Сіздерге үлкен рахмет, қуаныштарыңыз ортаймасын, – деп ізгі ниетін білдірді.
Біз бөбектердің есімін білуге асықтық, Сағинұр, Райм, Абылайхан, Жігер деп қойған екен. Абылайханның есімі бізге ыстық көрінді. Толғанай анасынан сұрағанымызда нағашы көкесі Абылайдай хан болмаса да, еліне елеулі болып ер жетсін деп ырымдап қойыпты. Жалпы қазақ ырымшыл халық ғой, сол секілді Жігердің есімін кешегі Желтоқсандағы жастардай өр-рухты, жігерлі болсын деп қойған екен.
– Тәуелсіздік күні ана атану бақыты бұйырған біздер ең бірінші Аллаға сансыз шүкіршілік етеміз. Ақ халатты жандарға алғысымыз шексіз, қазір жағдайымыз қалыпты, қуанышымызды бөліскелі келген сіздерге рахмет, – деді Аягөз Жұмабаева.
Үнемі мереке қарсаңында аналардың жанынан табылып, сый-сыяпатын ала келетін Жарас Мырзалиев басқаратын бөлімге біз де рахметімізді айттық. Осы күні бақытқа кенелген аналардың қатарында Құралай Омарова, Мадина Байметова, Әлия Иса және Жамила Шайжанова да бар.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ