Еңбегімен ер сыйлы
Тәуелсіздік таңымен бірге дүниенің есігін ашқан Құдайберген Баубековтің рухы асқақ, мұраты айқын. Ол – Тәуелсіздік жолында аянбай еңбек етіп, Ұлы дала елінің тұғырлы болуына үлес қосу.
Құдайберген Сабырханұлы өз ісіне адал, қызметін қалтқысыз атқарады. Оның дәлелі, ол Ақүйік ауылдық округіне учаскелік полиция болып барғалы ұрлық-қарлық тоқтап, елді мекеннің берекесі артты.
2020 жылы Жаңақорған ауданы бойынша 42 мал ұрлығы тіркелсе, учаскелік инспектордің табандылығының арқасында Ақүйік ауылдық округінде бірде-бір мал ұрлығы және бұзақылық әрекеттер тіркелген жоқ. Қалай дейсіз бе?
Өткен жылы ол халыққа есеп беру кезінде алдымен ауыл ақсақалдарынан бата алып, іске белсенділікпен кірісті. Мүйізді ірі қараны ақылы бағатын азаматтардың жұмысын жіті қадағалап, пада жұмысын жүйелеп, ұрлықтың жолын кесуге күш салды.
Жастар болғаннан кейін жиналып, сыйластық жібін жалғауда арақ-шарап жалғап, арты төбелеске ұласатыны белгілі ғой. Құдайберген жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін спорттық шараларға тартып, олармен тығыз қарым-қатынас орнатты.
– 2014 жылы қызметке келдім. Алғашқы күндерден-ақ үлкен жауапкершілік пен төзімділікті талап ететіндігін түсіндім. Түскі үзіліссіз, демалыссыз жұмыс істейтін кезіміз де болады. Балалық шақтан арманым болғандықтан өз-өзімнің кәсіби біліктілігімді шыңдап, халыққа адал қызмет ете беремін, – дейді ол.
Ауылда кездесетін тәртіпсіздіктердің алдын алуда профилактикалық жұмыстарын тұрақты жүргізіп, жастармен кездесулер өткізіп отырады. Бұл жұмыстар өз нәтижесін берді де.
Орда бұзар жасқа келген құқық қорғау саласының маманын басшылар да лайықты бағалап, марапат биігіне шығарды. Атап айтқанда, аудан әкімі Ғалымжан Әміреевтің (2016 жылы), Қызылорда облысының ішкі істер департаментінің бастығы Арыстанғали Заппаровтың және аудандық полиция бөлімінің бастығы Ғани Тұрсекеевтің алғыс хатымен марапатталды.
– Қазақстан халқының тәуелсіздігін алған жылы дүниеге келгеніме ризамын. Ішкі істер саласында жұмыс жасап, азаматтар мен азаматшалардың құқығын қорғап, Қазақстан халқының тыныштығын сақтау мақсатында еңбектеніп, ел дамуына өз үлесімді қосқым келеді. 30 жыл ішінде отанымыз дамып, көптеген жетістіктерге жетуде. Еліміз өркендей берсін! Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын! Халыққа адал қызмет ету менің азаматтық міндетім ғана емес, олардың қауіпсіздігін күзету абыройлы борышым, – дейді ол.
Кейіпкеріміз сынды қызметіне адал, өр жүректі жастардың көптігі қуантады. Бұл «Ақтабан шұбырынды – Алқакөл сұламаны» көрген, ашаршылықты, соғысты бастан кешірген бабаларымыздың ақталған үміті. Тәуелсіздігіміздің тірегі болар азаматтардың еңбегі еселене берсін дегіміз келеді.
Рауза ӘЗІЛХАН