» » 1993 жыл: ауылдық округтер қалай құрылды?

1993 жыл: ауылдық округтер қалай құрылды?

Ел тәуелсіздігін жариялағаннан кейін ел басқару реформасында күрделі өзгерістер болғаны мәлім. Бір ғасырға жуық Кеңес үкіметінің құрылымымен өмір сүрген халық үшін жаңа бағытқа бұрылу да оңай шаруа болмады. Әлемнің озық жүйесіне ойысып, мемлекеттік қызмет құрылымының соңғы сатысы ауылдық округтерді құру аз уақытта жүзеге асыру міндеті тұрды. Осылайша, Жаңақорған ауданында 1993 жылы алғаш рет ауылдық округтер құрылды.

Бұл – жергілікті басқаруды оңтайландырып, мемлекеттік бағдармалардыі шарапатын ауыл халқы көруіне бағытталған ұтымды шешім еді. Осы мақсатта, 1993 жылы облыс әкімі Сейілбек Шаухамановтың №414 қаулысымен Жаңақорған ауданында алғаш рет 14 ауылдық округ құрылып, жаңа жүйеге көшті. Тарқата айтсақ, Ақүйік ауылдық округінің құрамына Бірлік, Қыраш, Қосүйенкі, Аққұм, Қауық, Бөртескен елді мекені кірді. Қандөз ауылдық округіне – Қандөз, Қашқанкөл, Қалғансыр, Ұялы ауылы, Бесарық ауылдық округіне – Талап, Кеңес, Манап ауылы, Апанқақ, Плотина, Бесарық бекеті, Талап темір жол бекеті, Сатымсай елді-мекенін, Сунақата ауылдық округіне – Сунақата, Екпінді, Еңбек, Төменарық ауылдық округіне – Төменарық, Қожамберді, Жайылма ауылдық округіне – Жайылма, Жұлдыз, Қандықұдық, Жаңақұрылыс, Задарья ауылдық округіне – Қыркеңсе, Бірінші Май,
Байкенже ауылдық округіне – Байкенже мен Билібай, Өзгент ауылдық округіне – Өзгент, Ақжол тауарлы сүт фермасы, Бірлескен ауылдық округіне – Кейден елді мекені құрамы енді. Сондай-ақ, Келінтөбе, Қаратөбе, Аққорған, Миялы ауылдық округі өз алдына дербес құрылымға айналды.
Тұңғыш ауылдық окруктерде әкім болған тұлғалар жайлы сөз етсек, Бесарық ауылдық округіне Тұрғанбек Жайынбаев, Ақүйік ауылдық округіне Сәруар Бейімбетов, Қандөз ауылдық округіне Халел Жәнібеков, Жайылма ауылдық округіне Бақтияр Махмудов, Задарья ауылдық округіне Сапар Мырзабаев, Сунақата округіне Әзия Қыстаубаева, Төменарық ауылдық округіне Әлмахан Отарбаев, Байкенже ауылдық округіне Ақтанғали Османов, Өзгент ауылдық округіне Қалқөз Абдукаримов, Келінтөбе ауылдық округінде Мырзахмет Таңқиев, Қаратөбе ауылдық округінде Нұрберген Тастаев, Аққорған ауылдық округінде Ермағамбет Ибрагимов, Миялы ауылдық округінде Бектас Исмайылов басшылық етті.
Тарихи кезең туралы еске алған Әзия Қыстаубаева ел басқару ісіне әйел затының араласуы тың жаңалық болғанын жасырмады.
– Әйел құқығы туралы саясатта үлкен қолдау тауып, ерлеремен иық тірестіре қызмет ету бақыты бұйырғанына разымын. Осынау сенімге ие болып, бұған дейін қарапайым еңбекте алдыңғы қатардан көрініп, соның нәтижесінде осы лауазымға лайық болдым ғой деп есептеймін. Жаңа жүйе жаңашыл бастамаларға жол ашып, халықшыл істер қолдау тапты, – дейді ол.
Иә, расында жаңа жүйенің қыр-сырына қанығып, жаңа бағытта қызмет көрсету тағайындалған әкімдер үшін оңайға соқпады. Осындай сәтте бір-біріне қолдау танытып, ынтымақта қызметін атқарған ауылдың алғашқы әкімдерінің достығы мен сыйластығы әлі күнге дейін жалғасып келеді. Олардың әрбірі өз есімдерінің тарихта алғашқы әкім болып қалатындығын ерекше мақтан тұтатындығын да жасырмады.
Мақпал ПАТЕНОВА
29 маусым 2021 ж. 553 0