Ұстаз – рухани сәулеткер
Жасөспірімдердің рухани сәулеткері ұстаз десек, олардың жауапкершілігін пайымдауға әбден болады. Иә, ұстаз оқушының бойына адамдық, адалдық қасиеттің дәнін сеуіп, бәсекеге қабілетті болуын шыңдайды. Міне, осындай міндетті Гүлім Кемелбекова абыроймен атқарып келеді.
Жас ұрпақ бойына сапалы білім мен тәлімді тәрбиені сіңіріп жүрген С.Қожанов атындағы №55 мектептің география пәнінің мұғалімі Гүлім Есмаханқызы әріптестірінің арасында сыйлы. Себебі ізденімпаз, еңбекқор, жаңашыл ұстаз.
Ол Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде білімін шыңдап, дипломын алғаннан кейін өзі білім алған мектептен еңбек жолын бастайды. Бұған 15 жылдан асыпты.
Бүгінде тәжірибесі толысқан, біліктілігі жоғары ұстаздың бірі. Оның нақты дәлелі – ұстаздарды ұлықтайтын атаулы мерекеде Білім және ғылым министрінің «Алғыс хатына» ие болуы.
– Еңбек, ізденіс, білім үштігі ұштасқанда ұстаз үлкен жетістікке жетеді. Яғни шәкірті алған білімін өз игілігіне пайдалана алатын деңгейге жеткізу міндеті тұрады, – деп бастады сөзін ол.
Расында, ұстаздың берген білімі оқушының жадында сақталып, өмір белестерінде кәдеге жаратып отырғаны үлкен жеңіс, биік жетістік. Гүлім апайдың жұмысынан осындай тағылым көрдік. Содан болса керек-ті, оның дайындаған білімпаздары түрлі деңгейдегі пәндік олимпиададан дараланып жүреді.
– Қызықтыра білген ұстаз қандай пән болмасын оқушының ықылас-ниетін бұрып, сапалы білім бере алады. География – қызықты пән. Әлем елдерін танып, құрлық пен мұхит әлеміндегі таңғажайып мәліметтерді біле алады? Өзіміздің елдің қыр-сырын танып, отандық сезімі асқақтайды. Сондықтан әр сабаққа ерекше дайындалып, оқушыларға пайдалы ақпарат беруге тырысамын. Бүгінгі білім берудің жаңа реформасы бұрынғыдан ерек. Яғни оқушының ізденісін ұштауымыз керек. Осы бағытта оқушыларға тапсырма беріп, ұжымдық жұмыстар жүктеймін. Мұның бәрі сабақтың тартымды әрі қызықты өтуіне әсер етеді, – деп өзінің тәжірибесімен бөлісті.
Міне, біздің кейіпкердің көп ұстаздан ерекшеленетін тұсы да осы. Өскелең ұрпақты қайтсем де өзгелерден ерекше зерек, ақылды да білімді, еңбекқор етіп тәрбиелесем дейтін ұстаздың еңбегі де ақталып келеді. Оған шәкірттерінің жетістігі дәлел болады.
– Қала мен ауыл мектебіне бірдей жағдай жасау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Робототехника кабинеттері ашылуда. Бұған қуанамыз. Дегенмен оқушының бойындағы талантты оятатын үйірмелер көп болса дейміз ғой! Сонда ғана жан-жақты білімді, интеллектуалды, бәсекеге қабілетті жастар шыңдалады, – дейді ол.
Мұғалімнің мағыналы ойына қосыламыз. Әлі де елді мекендерде би, сурет салу, ән айту және т.б үйірмелер көбейіп жатса құба-құп болар еді.
ТҮЙІН. Ойы кемел, сөзі келісті Гүлім Есмаханқызы келешек үшін кемелді іс атқарып жүр. Ол – оқушының көңіліне білім нәрін құю...
Айсұлу АЛДАНАЗАР