Бидайды да балаша баптағанды сүйеді
Құт қонған Қожакент ауылында мал және егін шаруасы ширақ, дала еңбеккерлері мен малшы қауым жыл сайын ауылшаруашылығы саласы бойынша үздіктер қатарынан көрінеді. Биыл да «Алтын дән-2021» мерекесінде «Озат бидай өсіруші» номинациясы Әбіласан Бегмановқа бұйырды. Қыруар тірліктен қолы босамайтын диқанды егіс басынан жолықтырдық, күздік бидайдың дәнін жерге қондырып, қысқа қамдануда жүрген шаруаның шынайы болмыс-бітімін бидайдың бітігінен білдік.
Жалпы жазиралы Жаңақорған топырағы егін егуге, төрт түлік түлетіп, тұлпар мінуге қолайлы екені белгілі. Шаруалар күріш өнімін өсіруге бейімделген, ал, біздің кейіпкеріміз бидай өсіру технологиясын дөңгелетуге бел байлапты. Алматы қаласындағы, КИИЗ ауданынан арнайы бидай тұқымын әкеліп, оны көбейтуге жұмыс жасауда.
– Бидай да талғампаз өсімдік, кез келген жерге дән тастасаңыз шығуы мүмкін, бірақ мол өнім алу қиын. Бидайдың артықшылықтарының бірі – оның ауа-райына байланысты болмауы, сондықтан бұл дақыл еліміздің көптеген аймақтарында өсіріледі. Ол көбіне ылғалды жерлерді жақсы көреді. Менің қазіргі қызметім күздік бидай себу тәсілім, сортты таңдамас бұрын немесе күздік бидайды өсіру технологиясын немесе егу уақытын анықтамас бұрын, оған қолайлы орынды табу керек. Биыл алдымен орынды бабына келтіріп алып, дән тастадым. Жемісі келер жылы белгілі болады, – деді «Қожахан-ата» шаруа қожалығының төрағасы.
Әбекең егін ісіне 2005 жылдан бері араласып келеді. 16 жыл бұрын қожалықты тізгіндеп, ала жаздай Жер Анаға еңбек сіңіріп, күзде өнімін теріп, нәпақа айырып отырған қарапайым шаруа адамы. Биыл 70 гектар бидай дәнін сеуіп, гектарына 40 центнерден өнім алды.
– Қазақта жерге еткен еңбек жерде қалмайды деген нақыл бар ғой, шүкір жылдағы маңдай тер еңбекті еселеп жатыр. Бірақ биыл су тапшылығы кәдімгідей сезілді. Әсіресе жоңышқа көтерілмеді, сондықтан бағасы шарықтап кеткені. Оның үстіне дизель отының да бағасы тұрақсызданып, мазаны алды. Көптің реніші болды, бірақ қырман басындағы қыруа қызметтің де бейнеті ауыр. Қамыс орғызып, жерді тазалап, мәпелеп отыру, бидайдың күтіміне ұқыпты қарау да үлкен қажыр-қайратты талап етеді. Кезінде орыстар қазаққа су мен жер берсеңіз өз күнін өзі көре алады депті, рас бізге аяқ су мен жер мәселесінен кедергі болмаса болды, қалғаны уақыттың көшіндегі шаруа, – деді кейіпкеріміз.
Шын мәнінде биыл диқаншы қауым үшін су жетіспеушілігі қатты сезілді. Соған қарамастан өнімді ойдағыдай жинай алды. Қамба дәнге толғанымен оны өткізу қиынға соғатынын да кәсіпкерлер айтып, дабыл қағуда. Әбіласан диқан да күрішке сұраныстың аз екенін алға тартып, қоймасында тонналап маржан сорты қапталуда екенін ашына айтты. Бірақ, мал азығына деген сұраныс еселеп өсті.
– Иә, жоңышқа мен бидай алушылар қатары биыл күрт өсті. Жоңышқа арғысы Арал, бергісі Түркістан, Қарабұлаққа дейін жөнелтілсе, бидай ауылдан артылмады. Өйткені, біздің ауылда төрт түлік, оның ішінде жылқы жануары көп. Ал, жылқы болса бидайды көбірек азық етеді. Бұл кәсіп әкеден қалған мұра емес, тек икемім болған соң, істің көзін біліп, шаруаны дөңлете алатынымды біліп жақындарым маған төрағалықты жастай ұстатты. Жаман емес, жылдағы өнім ойдағыдай жеміс беріп келеді, тек шын ынта білдіріп, жұмыс жасаймын деген жастарға ауылда жұмыс көп, кез келген жерден табуға болады, –деді ол.
Біз ауылдағы сапардан бидай өсіру технологиясын түсінгендей болдық. Бидайды ойдағыдай өсірудің негізгі шарттары - ауа температурасы мен жаздағы ылғалдылық. Климат тұрғысынан бұл мәдениет аса қажет емес. Алайда, оны қону үшін сайттарды мұқият таңдау керек. Топырақ құрамы жағынан бұл дақыл көптеген басқа дақылдармен салыстырғанда салыстырмалы түрде момын. Бидай сазды топырақтарда жақсы сезіледі деп саналады (сод-подзольдық) және саздақ құм. Бұл дақылдың жақсы өнімділігін шымтезек батпақты алқаптағы топырақтан алуға болады. Біздің ұққанымыздың қысқаша түсіндірмесі осылай.
Екі ұл, үш қызды тәрбиелеп отырған әкенің еңбегі құрмет төрінде жүр. Облыс әкімінің бірнеше «Алғыс хатын» алып, марапат мінберіне көтерілгенін білеміз. Бұл шынайы еңбектің шынайы жемісі, кәсібіне береке дарыта білген Әбекеңнің игі істерге де азаматтық танытып жүретінін естідік. Жігіт ағасының еңбегі мен болмыс-бітімін бір күндік сапарда бағдарлап қайттық.
Әли ТЕМІРБЕК