№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ерланның еңбегі еленді

Ерланның еңбегі еленді

Егіннен мол өнім алу – егіншінің басты мұраты. Төгілген маңдай тер, ерен еңбек, қажыр-қайрат нәтижесі көңіл жадыратады. Биыл да дала еңбеккерлері қамбаны астыққа толтырды. Бір жағынан ауа-райының қолайлылығы әсер етсе, екінші жағынан шаруалардың еңбегі сіңді. Елге қызмет құрметпен өлшенеді. Дәстүрлі мерекеде ауылшаруашылығы саласының үздіктері марапат биігінен көрінеді. «Алтын күз – 2020» мерекесінде «Үздік бидай өсіруші» номинациясы «ДАРХАН-Е» шаруа қожалығының төрағасы Ерлан Тұрсынхановқа бұйырды.
Жер-анадан ырзық-несібесін тауып отырған егінші қауым биыл күріштен де, жоңышқа мен бидайдан да жақсы өнім ала алды. 2972 гектар жерге егілген бидай еңбекті өтеді. Оның ішінде Қожакент ауылының берекелі ісі ырзықты арттырды. Олардың қатарында облыстың чемпионы болған Ерлан Сұлтанбекұлының үлесі қомақты.
– Биыл бидай бітік шықты. Жаздың соңғы айында орақ салып, қамбаны жоғарғы сортты «Стекловидная-24» астығына толтырдық. 70 гектардан жоғары центнер өнім берді. Сапалы өнімге сұраныс түсіп, Түркістан, Алматы және өзге де қаланың ірі кәсіпкерлері сатып алады, – дейді шаруа қожалығы төрағасы.
Шаруашылық құрылғанына екі жыл ғана болса да, еңбектің өтемі көңіл қуантады. Бала кезден қырман басындағы жұмысқа араласып, көрген-білгенін, ойға түйгенін, әсіресе жерге дән себудің әдіс-тәсілдерін үйреніп, өзі де шаруаға көрік бере бастаған ол небәрі екі жылдан астам уақыт ішінде іс жүйесін тапқандай. Еңбек еленуімен мәнді дегендей, кейіпкеріміз жауапкершілік жүгін түсініп, дала жұмысында еңбек сапасын арттыруға бекінген. Қазір ол 6 адамды маусымдық жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.
Ауыл азаматы еңбеккештігінің арқасында төл мерекеде мақтаулылар қатарынан табылды. Аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова облыс озаттарын марапат биігіне көтерді.
– Қожакент құт қонған ауыл, расында іскер азаматтардың арқасы. Ерлан ініміз ізденгіш, еңбексүйгіш, қабілетті азаматтың жерге сіңірген еңбегі биыл ырысты болды. Несібесі артты. Нақты жоспар құрып, оған жетудің жолын жақсы білетін азаматқа ауылдастары да арқа сүйейді. Егіннен кеусен беруді ұмытпай, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қарауды да ұмыт қалдырмайды. Осындай тәлімнен ізгілікке ұмтылған адамның ісі өрге жүзетінін ұға түскендеймін, – дейді ауыл әкімі Әсілбек Айтжанов.
Иә, биыл бірлігі жарасқан Қожакент үздік ауыл еншісіне ие болды. Осындай өлкеде кіндік қаны тамған кейіпкеріміздің еңбексүйгіштігі еленіп, аз уақыт ішінде облыста аты озды. Айта кетейік, биылдан бастап бидай өсірудің озық тәсілі ауданға алғаш тәжірибе жүзінде қолға алынды. Нәтиже көңіл қуантарлықтай, сондықтан алдағы уақытта шаруалар жаңа әдіске басымдық беруге тырысады.
Отбасында екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отырған Ерланның ендігі мақсаты – келер жылы егіс көлемін ұлғайтып, мал азығының қорын молайту. Оған әлеуеті де, іскерлігі де жетеді. Егіннен бөлек шаруа мал шаруасына да дем беріп келеді.
Адал тер төгіп, еңбек еткеннің жүзі қашанда жарық, мерейі үстем, жолы ашық болатыны бесенеден белгілі. Өйткені жерге еткен еңбек жерде қалмайды. Міне, осы тұрғыда Ерлан Тұрсынхановтың тынымсыз еңбек жолы әсіресе ата кәсіпті жалғап келе жатқан жастарға үлгі боларлықтай. Ең бастысы, еңбек ширатады, өмір үйретеді деген қағиданы ұмытпаған жөн.

Әлібек ТЕМІРБЕК
31 қазан 2020 ж. 602 0