» » ЖАТТЫҒУ – ШЫНЫҚТЫРАДЫ СЫН – ШЫҢДАЙДЫ

ЖАТТЫҒУ – ШЫНЫҚТЫРАДЫ СЫН – ШЫҢДАЙДЫ





29 қазан. 2021 жыл. Жұма. Таңғы сағат 06.00. Жаңақорған кентінен Жаманбай ауылдық округіне шықтық. Көлік ішінде аудан әкімі Руслан Рүстемов, аудан әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаев және баспасөз хатшысы Нұрбол Бакиров бар.
Күннің шығуымен таласа шығысты бетке алып келеміз. Күздің қоңыр салқыны сезіледі. Жапырақтар діріл қағып, үзіліп, жерге түсуде. Жер сап-сары, қызыл рең алған. Қолмен бояп қойғандай әсер береді. Әсіресе, табиғатымен ерекшеленетін Бесарық елді мекенінің күзгі көрінісі көзді арбайды.

Сарбаздар сапқа тұрып, дайындық жұмысына кірісіпті. Біз бақылап жүрміз.
Арнайы тактикалық дайындықтан өткен әр сарбаз өз ісін жақсы біледі.
Жоспар бойынша «Бесарық» су қоймасын диверсиялық топтан азат ету операциясы ұйымдастырылады.
Сарбаздар стратегиялық аймақты қорғауға кірісті. Бір тобы – белгіленген орынға жасырынып, қаруын сайласа, енді бірі – қарауылдық қызметке кірісті.
Сағат 10.00-де дабыл қағылып, оқу-жаттығу операциясын бастауға бұйрық берді.
Пикапқа мінген диверсиялық топ жақындап келеді. Әп-сәтте су қоймасының маңы ұрыс алаңына айналып, снарядтар жарылып, атыз-шабыс басталып кетті.
Әр жерден жарылған жарылғыштар, автомат пен пулеметтердің дауысы құлақты бітеп, меңіреу еткендей. Бір тералист лақтырған граната бірнеше метр жерге түсіп, жарылды. Дала көк-ала түтінге оранды. Сарбаздардың бірі жараланып, бірі жержастанды.
Диверсиялық топ қорғаныс бөгетін бұзып, негізгі нысанды бағытқа алып, әр жерде жасырынған сарбаздарға оқ жаудырды. Өртке оранған далада өлімге қауышқан сарбаздар көп. Ажалы келгендердің арасында тералисттер де бар.
Суық қарумен қаруланған диверсиялық топ негізгі нысанды алды да. Осы сәтте «Арлан» арнайы жасағы келіп, жабуылды үдетіп, тералистер жасырынған жерге еніп, оларды құрықтап, қолын артына қайырып, жерге жатқызды. Көп ұзамай полиция қызметі келіп, тералистерді әкетті...

***
Операцияны сәтті өткізген батальонды аудан әкімі Руслан Рүстемұлы қабылдап, алғыс білдірді.
– Әскери оқу-жаттығу жиыны майдан даласындағы элементтерін көз алдымызға әкелді. Мұндай сәт бейбіт өмірде болмасын деп тілеймін... – деген аудан басшысы оқу-жаттығы жиынында белсенділік танытқан офицерлер мен сарбаздарға «Алғыс» хатын ұсынды.
Облыс әкімінің қорғаныс ісі жөніндегі кеңесшісі Ермахан Ерланұлы, облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Мұса Қалдарбеков, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары Ержан Қуанышбаев және «Арлан» тобының командирі Ерлан Шахиев қатысып, оқу-жаттығу жиыны сәтті өткеніне куә болды.
29 қазан 2021 ж. 288 0