» » Дариядан тасыған су бөгеттерді бұзып, елді мекендерді бағытқа алды...

Дариядан тасыған су бөгеттерді бұзып, елді мекендерді бағытқа алды...

  ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙҒА ҚАШАНДА ДАЙЫН БОЛҒАН АБЗАЛ!

   Сағат 9.00. Дабыл қағылды. Арнайы жасақ кенттегі белгіленген орынға жедел жетті. Дариядан тасыған су бөгеттерді бұзып, елді мекендерді бағытқа алды, деген хабар тарады. Техникалар тізіліп оқиға орнына сап түзеді. Трактормен КамАздарға құм артып, бөгет бойын көтеру жұмысы басталды. Қолдап қап-қаппен құм салуға қамданған төтенше жағдай қызметкерлері тыным таппауда. Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, жаңақорғандық ағайын Сыр мен қыр беткейге бөлініп іске кірісті. Тау етегінен келетін ағын суға да төтеп беруге дайындық үстінде жүрген қызметкерлерге артылған жүк ауыр. Себебі, олардың алдында адам тағдыры тұр...

   Бұл республикалық оқу-жат­тығу жиынындағы дайын­­­дықты пысықтау жұмыстарының көрінісі. «Жаман айтпай жақсы жоқ» де­мекші, алдын ала қамданған аудан басшылары қысқы дайын­дыққа осылай кірісіп кетті.
«Қысқы кезең жағдайында тө­тенше жағдайларды жою кезін­дегі іс-қимылдарға азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесін басқару ор­гандар мен күштерін даярлау» тақырыбында «Қыс-2018» респу­бликалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы жылдағы дәс­түр бойын­ша өткізілді. Іс-тәжірибе жүзінде өткен дайындық жұ­мы­сына барлық мекемелер жұмыл­дырылды.
Алдымен, сала басшылары ау­дан әкімдігінде дайындық жұмы­сына бөлінген штаб басшылары бас қосты. Аудан әкімінің орынбасары Адай Салыбеков жүргізген жиынға келген бөлім басшыларына өздеріне бөлінген қызметке қаншалықты дайын екендіктерін жеткізді. Сондай-ақ, Көктөбе, Жаңарық және Манап ауылының әкімдері де қытымыр қысқа дайындықты пысықтауға келді.
Айта кететіні, қазіргі таңда ау­дан көлемінде Сырдария өзе­ніне жақын қауіпті аймақтарда Жаңа­қорған кенті мен 11 ауыл­дық округтерде 53 мал шаруа­шылығымен айналысатын шаруа қожалықтары орналасқан. Бұл қожалықтарда 6 000-ға жуық мүйізді ірі қара мен 33 000 бас қой және 2 000-ға тарта жылқы мен 500-дей түйе бар. Сондықтан, алқа отырысында ауыл әкімдеріне аудан әкімінің орынбасары дайын­дық жұмысына селқос қарамауға шақырды.
– Оқу жаттығу қыс кезеңіндегі төтенше жағдайларды жоюға аза­маттық қорғау мемлекеттік жүйе­сінің халықтың дайындық дең­гейі мен қабілетін арттыру, азаматтық қорғау қызметтері мен құрамаларының қысқы кезеңдегі төтенше жағдайға әзірлігін тек­серу мақсатында өтуде. Жерігілікті атқарушы органдардың қыс жағдайындағы төтенше жағдай туындаған кезіндегі өзара іс-қимылы пысықталды. Авариялық құтқару қызметтерімен құрыл­ымдарының әзірлігі тексерілді. Мұ­ның барлығы қыс пен көктемде келетін қаупті алдын алу, – деді аудандық Төтенше жағдайлар бөлі­мінің бастығы Берікбай Ома­ров.
  Иә, апат айтып келмейді, демекші оқу жаттығу жұмысына аудан бойынша барлығы 24 құрылымда 238 адам мен 62 техника қатыстырылды. Ауыр техника, құқық қорғау қыз­меткерлері, өсімдікті қорғау бойын­ша, өрт сөндіру бөлімі және же­дел жәрдем, азық-түлікпен қамтамасыз ету, ақпарат тарату және басқа да құрылымдардың жұмысы тағы бір пысықталды.
Айта кетерлігі, төтенше жағдай тек судан ғана келмейді, өрт пен газдан улану және басқа да жағдайдан туындайтыны ақиқат. Сондықтан, арнайы жасақ газдан уланған жағдайда қандай көмек көрсету керектігін көрсетсе, өрт жағдайындағы жаттығу жұмысы да тексерілді. Себебі, өрт жағдайы былтырғы жылмен салыстырғанда көбеймесе кемімеген. Әсіресе, үй жағдайындағы өрт мәселесі қауіпті. Мәселен, жыл басынан бері Жаңақорғанда 78 төтенше жағдай тіркелсе, соның 46-сы өрт­тен шыққан деген мәлімет бар. Сондықтан, өттан да, судан да қауіпке дайын болу артықтық етпейді.
Бүгінгі күні Шардара су қой­масынан төмен қарай секундына 450 текше метр су түсіп жатыр. Мамандар мұны орташа, яғни қалыпты деңгей деп түсіндіруде. Де­се де, «қамдансаң қапы қалмайсың» демекші, әр нәрсеге дайын болған жөн. Сондықтан, оқу-жаттығу жұмысы алдағы уақыт­та та жалғасатын болады.

Әлібек ТЕМІРБЕК..
10 қараша 2018 ж. 958 0