№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » 2009 жыл: Жаңа аурухана – жаңа мүмкіндіктерге жол ашты

2009 жыл: Жаңа аурухана – жаңа мүмкіндіктерге жол ашты


Тәуелсіздіктің отыз жылдық жылнамасында жеткен жетістіктеріміздің ең биігі – әлеуметтік қызметтерді заманауи үрдіске бағыттай алғанын көруге болады. Осы жылдарда ауыл мектептері мен медицина бекеттері заманауи талап-міндеттерге сай қайта құрылды. Оның айқын айғағы – аудандық аурухананың салынуын айтсақ болады. Иә, 2009 жылы аудандық аурухананың ашылуында қатты қуанған едік.


Жаңа аурухананың ашылуы – бұрын-соңды аудан көлемінде жүргізілмеген жаңа ем-шаралардың кәдеге асуына мол мүмкіндік берді. Мәселен, жұқпалы аурулар бөлімі, хирургия, балалар бөлімі, реанимация, функцианальды диогностика, жүктілік және патология, жас сәбилерді жандандыру бөлімі заманауи технологиямен қызметін бастады. Бұған қоса, түрлі анализ анықтайтын лаборотория, қан құю, қан тазарту және мәйітхана бөлмелері ашылды. Соңғы үлгідегі рентген аппараты, науқасты жатқан орында түсіретін жылжымалы рентгендер, УДЗ аппараты, физкабинеттері іске қосылды. Осыған дейін ғимараты жылымай, жарығы қайта-қайта сөніп, әуре-сарсаңға салатын аурухананың машақатынан біржола құтылып, халықаралық медициналық талаптарға сай аурухананың шипа-шарапатын көре бастады.
Жаңа құрылғыларды игеру жергілікті медицина қызметкерлеріне жаңа білімді меңгеруге жол ашты. Республикалық деңгейде білікті дәрігерлердің дәрісін тыңдап, тәжірибе алмасты. Кадрлардың біліктілігін арттыру бағытында жүйелі жұмыс жалғасып, қызмет сапасы артты. Жаңаша емдеу әдістері жүзеге асырылып, емдеу ісі жетілдірілді. Хирургия бөлімінде отаның күрделі түрі жасала бастады.
– Күні кеше ғана жаңа ғимаратқа көшіп, жаңа емдеу ісін меңгеріп жүрген сияқты едік. Бүгін бажайлап қарасақ, жаңа аурухананың ашылуы ауданның медицинасын дамытуға бастаған екен. Дәрігерлік жолымда әр он жылымды бөліп қарасам, даму мен өсу айқын байқалады. Тәуелсіздіктің алғашқы он жылдығында дәрінің өзі табыла бермеді, халыққа қызметтің бәрі қолжетімді болмады. Екінші онжылдығы техникалық базаларды жаңартып, оны меңгеруге жұмсалды. Үшінші он жылдығы сапалы қызметтер, ауру тарихын зерттеу, дәрігерлердің біліктілігінің жоғарылауы, заман көшіндегі білімді меңгеруді анық аңғарамын. Бір сөзбен қайырсам, тәуелсіздікпен бірге дәрігерлер де дамып келеді деуге болады, – деді хирург Ғалым Есетов.
Жаңа ғимараттың ашылу салтанатын көзбен көрген дәрігерлер қауымы «Мынадай зәулім мекемеде халықтың көңілінен шығардай қызмет ете аламыз ба?» деп, әлеумет алдындағы жауапкершілігі мен міндетін сезінгенін, өзін-өзі қамшылап, қайрағанын жасырмайды. Мұның өзі антына адал азаматтардың абыройын биіктете түсті.
Әрине, мұндай мол мүмкіндікке ие болу оңай шаруа болмады. Ауданға жаңа аурухана қажеттілігін жиі айтып, жергілікті басылым беттерінде көлемді мақала жазып, ел назарын аударған тілшілердің де еңбегін айта өту керек. Тілі орақты тілші Құдайберген Ертасовтың «Ауырғандар сандала бере ме?» деген мақаласы республикалық баспасөз беттерінде қызу талқыланып, халық қалаулылары пікір білдіріп, белгілі тұлғалар жауап қатқан еді. Осы мақаладан соң, ауданда мәжіліс өтіп, аурухана салу жөнінде қаулы-қарарлар қабылданған.
Аудан орталығындағы әсем ғимараттардың біріне айналған аудандық аурухананың ашылу тарихы отыз жылдық тарихымыздағы елеулі оқиғаның бірегейі. Мұны жергілікті халық та қуаттайды.
– Жаңа аурахананың ашылуы – халықтың ең қажеттілігін өтей алды. Жылдың төрт мезгілінде жанға жайлы ем алуға болады. Қызмет түрлері де жыл сайын жаңартылып, жаңа бағытқа көшті. Мұның өзі тәуелсіздіктің берген мүмкіндігі емес пе? – дейді Ақмаржан Алтынбай есімді ана.
Расында, жаңа аурухана аудан үшін ең маңызды әлеуметтік нысан десек, оның тарихын тану да маңызды деп ойлаймыз. Өткеніңді білмейінше, келешекке қадам жасай алмайсың деген қағиданы ұстанатын ел отыз жылдық тарихымыздың әрбір сәтін білуге құштар. Мұны оқырмандар ықыласынан айқын аңғарамын.

Мақпал МАРҚАБАЙ
13 қазан 2021 ж. 250 0