» Акция аясында 5 оттегі концентранты аппараты табысталды

Акция аясында 5 оттегі концентранты аппараты табысталды

Бүгін аудандық аурухананың жұқпалы аурулар бөліміне "Жаңарған Жаңақорған жастары" еріктілер тобы мен "Айдын нұры" қоғамдық қорының үйлестіруімен 5 оттегі концентранты аппараты табысталды.


Бұған дейін "ЖЖЖ" қоғамдық қоры "Бір жұтым ауа" қайырымдылық акциясын жариялаған болатын. Жаңақорғандық жомарт жандар мен жүрегі кең тұрғындардан жиналған жылуға 2 оттегі аппараты сатып алынды. Қалған екеуін "Айдын нұры" қоғамдық қоры 2 аппаратты сыйға берді. Ал бесінші оттегі аппаратын Жаңақорған ауданының бас имамы Абдіхалық Наметов ағамыз демеушілік жасап, сауапты іске ұйытқы болды.

Осылайша бүгін аудан әкімі Сұлтан Мақашов, "Жаңарған Жаңақорған жастары" қоғамдық қорының белсенді мүшелері мен ауданның бас имамы Әбдіхалық Наметовтың қатысуымен 5 аппарат салтанатты түрде табысталды.

Айта кетейік, аталмыш оттегі аппараттарын Түркиядан тапсырыс арқылы алдыртуға, одан елге келгесін Нұр-Сұлтан қаласынан Жаңақорғанға жеткізуге ұйытқы болған жеке кәсіпкер, аудандық мәслихат депутаты, "ЖЖЖ" белсенді мүшесі Арман Мажитов бауырымызға Алла разы болсын!

Енді сәтін салса, "Жаңарған Жаңақорған жастары" қоғамдық қоры халықтан жиналған қаржыға тағыда 8 оттегі концентранты аппаратына тапсырыс беріп қойды. Сонда акция аясында жалпы саны 10 оттегі аппараты табысталатын болады. Қайырымдылық акциясына атсалысқан барша жаңақорғандық ағайынға, сыртта жүрген туған өлкеге бүйрегі бұрып тұратын барша бауырларға айтар алғысымыз зор. Маңыздысы ауырып жатқан науқас жандарға үлкен үміт сыйлай білдік.
---
18 шілде 2020 ж. 631 0