«Білімнің заңғар биігінен көрін!»
Бүгінде Үкімет жеке сектордың мүмкіндігі арқылы мемлекеттік мектептердің жүгін жеңілдетудің тиімді тетігін шешуді бастап кетті. Яғни жекеменшік мектептердің қолжетімділігін бизнес пен билік арасындағы әріптестіктің жаңа формасы арқылы қамтамасыз етуге көшті. Әрине, мемлекет үшін, бұл – бюджетке түсетін жүктемені төмендету, орын тапшылығын азайту, білім беру сапасын жақсарту. Ал инвестор үшін, бұл – тұтыну кепілдігі бар ұзақмерзімді жоба.
Бәсекеге қабілетті білім бағытында осындай ілкімді іске инвестор болған жаңақорғандық кәсіпкер Нұржан Ақылханұлы мен Гүлмира Тұрарқызы жаңа оқу жылында кент орталығынан «Заңғар» интеллектуалды мектебін ашқан болатын. Бүгін біз осы білім ордасының тыныс-тіршілігімен таныспаққа мектеп директоры Гүлбақыт Сайлауханқызын сөзге тарттық. Директордың айтуынша, жекеменшік мектептің артықшылығы көп.
– Білім ордасының басты миссиясы: жаңа заман талабына сай жан-жақты, зерделі, зияткер оқушы дайындау. Шәкірттің еркін білім алуына, ұнатқан үйірмесіне қатысуға барлық жағдай қарастырылған. Ата-ананың таңдау құқығына қарай қазақ және орыс сыныптары бар. Ұранымыз: «Білімнің заңғар биігінен көрін!». Келешегі Назарбаев зияткерлік мектебі, Білім инновация лицейі сынды үздік білім ордаларына бағыттайтын боламыз. Бұл бағытта кадр мәселесі тиімді шешілген. Себебі, біз педагогтердің барлығын ашық конкурс арқылы, сынама тест пен сұхбаттасу тәсілімен қабылдағанбыз – деді Гүлбақыт Сайлауханқызы.
Директордың сөзінен белгілі болғандай, «Заңғар» мектебінде білім саласында 20-30 жылдық тәжірибесі бар Халипа Асанқызы, Әлия Болатбекқызы бастаған 8 жоғары санатты ұстаз дәріс берсе, 10 куратор-ұйымдастырушы жас маман оқушының таңнан кешке дейінгі сабағын қадағалайды. Одан бөлек, сағат жүктемесімен арнаулы пәндерден сабақ беретін мұғалімдер тағы бар. Міне, осындай кадр әлеуетін нықтап алған білім ордасының болашағы баянды, келешегі кемел деп білеміз. Себебі, сабаққа таңертең сағат сегізде келген оқушы, түстен кейін сағат бесте үйіне қайтады. Осы аралықта оқушылардың уақытын тиімді ұйымдастыруда кураторлардың еңбегі ерен. Олар балаға үй тапсырмасын орындатып, түсінбеген жерін түсіндіріп, жеке дара оқушылармен жұмыс жасайды. Жетісіне бір мәрте әр баладан бақылау жұмысын алады. Оны директорға жинақтап, бірлесе білім деңгейін бағамдайды. Оқушы қай пәннен төмен, сол бойынша білім сапасын көтеруге белсенді нәтижелі жұмыс істейді. Әрине бала таңнан кешке дейін сабақ оқымайды. Арасында кураторларымен бірге сергіту ойынын ойнап, бір сәт демалып алады.
– Сондай-ақ білікті кадрден бөлек, 7 үйірмеге жетекшілік ететін майталман мамандар бар. Бір-екеуін атап өтсек: Робототехника үйірмесінен аудандағы санаулы маманның бірі, аудандық Оқушылар үйінің ұстазы Дастан Кадиров дәріс береді. Оның шәкірттері робот құрастырудан облыстық деңгейдегі жарыстардан олжалы оралған. Ал би үйірмесінен Әлшекей атындағы өнер мектебінің хореограф, сарапшы педагог Ажар Айхынбекқызы үйірмеге жетекшілік етеді.Он жылға жуық еңбек өтілі бар Ажардың шәкірттері республикалық, облыстық би байқауларында топ жарған. Одан бөлек, бекзаттық өнердің төресі болып саналатын фортепиано үйірмесінен Сұлтан Абылай дәріс береді. Олда Өнер мектебінің білікті ұстазы. Бұдан бөлек, дзюдо, қолөнер, шахмат, ағылшын тілі курсы бар, – дейді мектеп директоры Гүлбақыт Жартыбаева.
Иә, ең жақсы инвестиция – білімге салынған инвестиция. Ата-ананың баласының біліміне салған инвестициясы қашанда еселеніп қайтады. «Заңғар» интеллектуалды мектебінің де оқу ақысының жоғары болуы – сапалы, бәсекеге қабілетті білім беруді басымдыққа алғанында. Кепілдік беріп қанай қоймай, сол жолда жан-жақты ізденістерін арттырып, бала болашағының баянды болуына қарекет етуінде. Мемлекеттік бекітілген стандарт сабақтан бөлек, қосымша курстар арқылы шәкірттің білімін шыңдап, түсте түскі асын, түсауа бесіндік асын беріп, қайтарында тасымал көлігін ұйымдастыратыны тағы бар. Білім ордасы бас көшенің бойында орналасқандықтан кент әкімдігінің қолдауымен бала қауіпсіздігін қаперге алып, жаяу жүргінші жолағын сыздыртып, мектеп ішін толыққанды бейнебақылау камерасын орнатты. Бұлда болса, ертелі-кеш жұмыстағы ата-аналардың көңілінің алаң болмауына сеп.
Әбдісамат ӘБДІШ