№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Бюджет қаржысын игеру міндет

Бюджет қаржысын игеру міндет


Төртінші деңгейлі бюджет жөнінде бұған дейін бірнеше рет жаздық. Қазір кент және ауылдық округ әкімдері өз қазанына өздері ие. Олар қаржыны қалай, қайда бағыттаса да еркінде. Алты айдың қорытындысымен өткен алқалы жиында аудан әкімі Руслан Рүстемов: «Бюджет қаржысын уақытылы игеру маңызды, бір айдан екінші айға өткізе беру мәселені шешпейді» деп мәселенің бір ұшын шығарған еді. Біз осыны тереңдеу зерттеуге мән беріп, тиісті сала мамандарын әңгімеге тарттық. Яғни, 2021 жылдың 1 қыркүйегіне Жаңақорған ауданы бюджетінің атқарылуын нақтыладық.

Тиісті сала өз дерегі мен дәйегін ұсынды. Біз әрине экономист маман емеспіз, дегенмен 170-190 пайыз орындалған цифрдың атында күмән мен күдік жоқ емес. Бұл жөнінде аудан басшысы аппарат мәжілісінің бірінде «дұрыс жоспарламаудың салдарынан» деп баға бергені есімізде.
Аудандық қаржы бөлімінің есігін қағып, нақты деректі алдық. Игерілген қаржының есебі сырттай қарағанда көз тояды, шыны керек, біздің байқағанымыз барлық ауыл көрсеткіштерінің орындау деңгейіне бәрекелді дейсіз! Біз сынау үшін емес, ауылдың экономикасын, елдің әлеуетін көтеруге бағытталған қаржының мақсатсыз жұмсалмауын, тұрғындар тілеуінің тезірек шешілуіне әкімдер дұрыс жұмыс істесе деген ниеттеміз. Аудан әкімі мен аудандық мәслихат депутаттары елді мекендерді аралағанда күрмеуі көп мәселелер толып жатқанын естиміз. Сонда біздің әкімдер қандай мәселені шешуде деген сауал туындайды. Оны алдағы күннің еншісіне қалдырайық.
2021 жылдың 1 қыркүйегіне аудан бюджетінің жалпы кірістері 101,2 пайызға орындалған. Аудан бюд­жетінің өз кірістері 119,3-ке, оның ішінде, салықтық түсімдер 108,9 пайыз орындалды. Ал салыққа жатпайтын түсімдер 34 млн 295 мың теңгеге кем түсіммен, 30,4 пайызды құрады.
– Оның басты себебі бюджеттік кредиттер дұрыс жоспарланбаған, сес­сиямен шегеріледі. Сондай-ақ, капи­талды сатудан түсетін түсімдер 63 млн 385 мың теңгені құрады. Аудан бюджетінің өз кірісі 182 млн 119  мың теңге артық болды. Оның ішінде аудандық бюджетке – 143 млн 196 мың теңгені, өзін өзі басқару бюджеті – 38 млн 922 мыңды құрады.
Ал өзін-өзі басқару бюджеті бойынша есепті айда түсімдер 140,6 пайызға орындалды. Айта кететін бір жағдай, өз кірісінің орындалуын жылдық жоспармен қарайтын болсақ, 8 айдың ішінде кірістердің жылдық жоспардың орындалуы 66,7 пайыздан асып орындалу керек. Бұл жөнінде осы салаға жауапты аудан әкімі орынбасарының өткен мәжіліс хаттамасында тапсырма берілген болатын. Соған қарамастан кейбір ауылдық округтер бұл межеден шыға алмай отыр, – деді қаржы бөлімінің басшысы Алмас Оразбеков.
Олар, Қаратөбе, Жайылма, Екпінді, және Қыраш ауылдық округі. Қаратөбе мен Екпіндіде – 61,5, Жайылмада – 57,9 және Қыраш ауылдық округінде – 64,7 пайызға орындалды. Бұлардың ішінде жаңадан сайланған әкімдер де бар. Бірақ «халықтың жүгін көтеремін» деп мойнына жауапкершілік алды ма, онда істі оңтайлы шешуі тиіс. Бұл дегеніміз, жыл соңына дейін осылай жалғаса беретін болса, кассалық алшақтыққа алып келу қаупі бар дейді жауапты мамандар. Басқа да ауылдардың көрсеткіші көңілге қонымды екенін де ұмытпаған жөн. Бұл ауылдар неге межені игере алмауда, соған тоқталсақ (Біз алған ақпар салық өндіруден 8 айдың қорытындысымен екенін ескертеміз).
– Біз бюджетті межелі жоспармен келеміз. Ауылдағы ең басты мәселе күретамыр саналатын жолдың жөнделуі еді. 7 шақырымды құрайтын жолдың жартысы асфальттанды, қалғаны келер жылдың есебінен. Басында осылай шешілген, ал, салық түсімдері бойынша 8 айда ең төмен көрсеткіш едік. 9 аймен есептегенде 77 пайызға жеткіздік, жыл соңына дейін жоспарды орындаймыз, – деді Жайылманың әкімі Әліби Букеев.
Қалған округтер де салықты тиісті орындап жатқанын жеткізді. Салық түсімдерін уақытылы, әрі межелі орындау әр әкімнің өзіне тиімді. Жоғарыда айтқандай, тайқазандарына түсетін қаржыны бұлай созбалай беруге болмайды, тез өтесе қажеттіліктерге бағыттауға болады.
Енді трансферттер бойынша тал­дасақ, яғни, облыс, республикалық бюджеттен берілген қаржыға қандай мәселе шешілуде? Барлық округтер есепті кезеңде жоспарын 100 пайыз орындады. Кейбір ауылда трансферт құны 90 млн теңгеден асады. Мәселен, тау беткейдегі Жаманбай батыр ауылдық округіне трансферттен 118 млн 495 мың теңге қаралған. Оны қалай игеруде?
– Бұл жылдық жоспар, есепті кезеңге жоспар орындалды, 64 млн 403 мың теңгені игердік. Біздегі басты мәселе асфальт, тас жол салу болатын. Қазірге дейін екі көшенің құрылысын аяқтадық. Жоспарлы межені жыл соңына дейін орындап бітуіміз керек. Биыл кірістердің орындалуы 200 пайызға жуықтады. Әсіресе, көлік салығы жақсы нәтиже беруде, – деді ауыл әкімі Әлібек Абдуллаев.
Берілген қаржыны дұрыс игере алмай жатқан округтер барын білдік. Бірақ бұл мәселеге жыл соңында ораламыз, өйткені, қазір «қаржыны толық игереміз» деген уәдеден артық ешнәрсе жарытып айтпайды. 3 ай уақыт бар, трансферттер тиісті межеге жетпеген ауылдар сынға бірінші ілігеді.
Бір айтатыны, Қожамбердіде жұ­мыстың жүйелі екенін аңғардық. Көшелерге орташа жөндеу жұмысы, мектеп пен әкімгершілік ортасындағы алаңды қоршау жұмысы жүргізілді және ішіне жаяу жүргіншілер жолы (тротуар) мен демалушылар отыратын орындықтар орнатылды. Абаттандыру жұмысы (сырлау), тазалық жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде екен. Бұл басқа тапсырманы тиісті орындай алмай жатқан аға буынды әкімдерге сабақ болар.
– Есепті кезеңге республикалық және облыстық бюджеттерден 13 млрд 141 млн 040 мың теңге тран­сферттер түсімі жоспарланып, суб­венция 100 пайызға, ал ағымдағы нысаналы және нысаналы даму трансферттерден жоспар толығымен түсті. Аудан бюджетініңшығыстары 2021 жылдың 1 қыркүйегіне 97,9 пайызға орындалды, – деді бөлім басшысы.
Бөлім берген мәліметтен респуб­ликалық және жергілікті бюджеттен қалдықтарды көзіміз шалды. Мәселен, 218 млн теңге (Ұлттық қордан) «Төменарық, Сунақата, Екпінді елді мекеніндегі су құбыры желісін қайта жаңарту және кеңейтуге» мердігер аванстық төлемнен бас тартуынан игерілмеген. Сол секілді 14 млн 84 мың теңге «Жаңақорған кентіндегі тұрғын үйлерге су құбырын тартудың сервистік желісін салудан» мердігер тарапынан орындалу актісі тапсырылмаған. Дәл осылай жергілікті бюджет қаржысынан барлығы 83 млн 784,8 мың теңге орындау актілері мен үнем қаржы қалғанын білдік.
Жалпы алғанда, қаралған қар­жының жай-күйін, орындалуын түйіндедік. Қалғанын жыл соңында жүйелейтін боламыз.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
03 қазан 2021 ж. 447 0