Сайыпқыран сарбаз сапында
Азаматтық міндетін арқаланып, ұлт әскері сапына сақадай-сай әзірленген қырандарымызды қасиетті борышын өтеу үшін сапарға шығарып салдық. Салтанатты рәсімге біз де арнайы бардық.
Медициналық тексерістен мүдірмей өтіп, сайдың тасындай іріктелген жастарға сәт-сапар тілегендер қатарында аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығының міндетін уақытша атқарушы Жасұлан Шаңқұлов, Ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы Қуаныш Аблакимов және әскери сала мамандары болды.
Салтанатты шараны ашқан аудан әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаев:
– Бүгін біз қазақстандық әскер қатарына жас жігіттерімізді Отан алдындағы борышын атқаруға аттандырып салғалы отырмыз. Ел мен жерді қорғау қай заманда ер азаматтың мойынына жүктелген міндет. Әскери қызмет – сарбаз үшін ең жақсы өмірлік мектеп. Әскердегі қызмет – жетілу, мінез, батылдық үшін өмірлеріңіздегі алғашқы сынақ. Бүгінде еліміз әлемдік кеңістікте лайықты орны бар мемлекет. Бұл, әлбетте, Елбасымыз, Бас қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаевтың ішкі және сыртқы сарабдал саясатының арқасы. Қазақстандық әскерде материалдық-техникалық база, әлеуметтік көмек тұрғысынан барлық жағдай қарастырылған. Бұл біздің әскерге шекарамызды қорғауда алға қойылған стратегиялық тапсырмаларды орындауға мүмкіндік береді. Жас сарбаздарға азаматтық борышын лайықты түрде өтеп, анттарына адал болуды тілеймін, – деді.
Айбынды әскер – еліміздің сенімді қорғаны. Бұл – үлкен өмірге жолдама. Әскер – батылдыққа баулып, темірдей тәртіпке үйретеді. Ең бастысы азаматтық борышын әрбір қазақ баласы сезінсе игі.
Енді кезекте аудандық Құмсахаба мешітінің имамы Ержан Сейтжаппаров сөз алып, жас сарбаздарға өнегелі сөзін арнап:
– Ұлан-байтақ қазақ даласын найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғаған ата-бабаларымыздың сан ғасыр бойы қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай келген жері өздеріңе аманат, – деп батасын берді.
Мұнан соң мерзімді әскери қызметке шақырылған азамат Әбдіғани Қуаныштың әкесі Нұрғали Исабаев жас сарбаздарға ақ жол тілеп, олардың ата-аналарын ұлдарының Отан қорғаушы атануымен құттықтады.
– Мен бүгін ұлымның азамат болып, Отан алдындағы борышын өтеуге бара жатқанына өте қуаныштымын. Өйткені әскерге дені сау, мықты азаматтар аттанады. Әрбір ата-ана өз баласының қабілетті, еліне адал қызмет еткенін қалайды. Аттанғалы тұрған барлық жастардың өз міндеттерін абыроймен орындап, туған жеріне аман-есен оралуына аналық тілеулестігімді білдіремін, – деді ол.
Ал сапқа тізілген сарбаздарымыз өздерінің отан алдындағы азаматтық борышын абыроймен атқаруға дайын екендігін жеткізді. Болашақ сарбаздарға ақ жол тілеп, Жаңақорған ауданы әкімдігі атынан естелік сыйлық табысталды.
Елдің айбыны – жастардың бәсекеге қабілетті болуынан, бәрінен бұрын, әскерімен өлшенеді. Осы ретте, жаңақорғандық жастар арасында Отан алдындағы борышын өтеуге асыққан жастардың көп екенін көріп, бір рухтанып қалдық.
Әсел РЗАЕВА