№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Ұстаздық еткен жалықпас

Ұстаздық еткен жалықпас

Ағарту саласында 34 жылдан бері табысты еңбек етіп келе жатқан ұлағатты ұстаз Алмагүл Сыздықова Тамыз кеңесінде Білім және ғылым министрі Асқар Аймағамбетовтың «Алғыс хатымен» марапатталды. Ұстаздық етуді ұлы іс санаған кейіпкеріміз, мұғалімдікке бала жасынан қызыққан екен. Қаншама шәкіртіне қанат қақтырып, өмірден өз орнын табуда бағыт-бағдар беріп жүрген оқытушыға құтты болсын айтып, әңгімеге тарттық.

– Алмагүл апай, өткен күндерге аздап шегініс жасап, алғашқы жұмыс күндеріңізді еске түсірейікші?
– Әрине, алғашқы жұмыс күнім есімде. Ол уақыттары ерекше дайындықпен, плакаттарымызды арқалап баратын едік қой. Өзіме бекітілген сыныпқа кіріп, оқушыларға өзімді таныстырып, жаңа тақырыпты түсіндіріп, өзара сұрақ-жауап алмасқан едік. Әрине, бұл сәтте тынымсыз дайындықпен келдім. Өйткені, бүгінгідей ғаламтор жоқ, барлығын тек қолмен жазып, көрнекілік құралдарын қағаздан ойып жасайтынбыз. Ол да бір қызық уақыт екен-ау. Қазір ойласам, құдды ертегі сияқты. Ертеңгілік сабаққа түнімен дайындалып, ақ қағазға қолмен сурет салып, жоспар жазып шығатынбыз. Меніңше, басқа мамандықты қайдам, ұстаз жұмысының алғашқы күнінде толқу, қобалжу заңды құбылыс деп ойлаймын. Өйткені сабаққа кірмес бұрын, «Бірінші жұмыс күнім қалай өтер екен? Оқушылар мені қабылдай ма?» деген сан сауалдар ойда тұрады. Оқушы ұстазға кез келген сұрақ қоюы мүмкін. Яғни мұғалім осының барлығына дайын болуы керектігін түсіндім. Әркімнің балалық шағында мамандық таңдауына деген әртүрлі арман-қиялы болары сөзсіз. Мектеп қабырғасынан ұстаз болуды армандадым. Білім саласына жол тартуыма бірден бір себепші болған – менің ұстаздарым. Өзімнің сынып жетекшім болған Рахима Қапабаева деген өте білімді, саналы, парасатты жан еді. Сол кісіге еліктедім, ұқсауға тырыстым. Себебі, мен үшін ұстаз – биік, асқақ тұлға. Сол қасиеттерді мен де бойыма жинап, барынша шәкіріттеріме даналық пен даралықтың дәнін себуге еңбек етіп келемін.
– Ұстаздарыңыз жайында айтып қалдыңыз, енді шәкірттеріңіз жай­ында айта кетсеңіз?
– Қазіргі таңда шәкірттерім Қазақ­станның түкпір-түкпірінде қызмет жасап жатыр. Мектебіміздің директоры Жеңіс Манамбаевта өзімнің шәкіртім, бүгінде бір ұжымда жұмыс жасап жатырмыз. Мектепте өте белсенді, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, өте дарабоз болды. Бүгінде ұжымды ауызбіршілікте басқарып отыр. Одан бөлек, Нұрбек Алтынбеков, Мадина Әбуова, Інжу Нұртаева, Әлихан Жұлдыздар қазіргі кезде менімен әріптес. Мектебімізде Аймұрат Абаев, Ақерке Төленов, Тілла Ұлжан және Сәбира Қожаберген сынды «Алтын белгіге» бітірген оқушыларымды мақтанышпен айтуға болады. Менің жолымды қуып, Гүлназ Қожан деген шәкіртім «Қазақ тілі мен әдебиеті» факультетінде оқып жатыр. Ал, Дәулет Сұлтанғали деген оқушым Республикалық «жас ақындар» мүшәйрасында 1-орын және жыр додаларында үнемі қанжығасы майланып жүрген, дарабоз шәкіртім. Мектебімізден ұшып шыққан шәкірттеріміздің барлығы өмірден өз орындарын тауып еңбек етіп жатыр.
– Осы тұста айта кетіңізші, ұстаз деген ұлы мамандықтың беделін түсірмеу үшін, дәл бұрынғыдай қадір-қасиетін орнына келтіру үшін не істеуіміз керек?
– Рас айтасың, қызым. Өткен ғасырда бүкіл қоғамның жас-кәрісі ұстаздарға бас иіп, ерекше құрмет тұтатын. Қазір де жаман емес. Дейтұрғанымен, аздап мұғалімнің мәртебесінің түскені жасырын емес. Кезінде жасы үлкен аға-апаларымыз жастарға: «Мұғалім бол!» деп бата беретін, ақжарма тілегін айтатын. Бәріне уақыт төреші. Ол күндердің де ауылы алыс емес деп ойлаймын.
– Дұрыс айтасыз, тәжірибелі маман ретінде кеңесіңіз болсын. Мұғалімдікті таңдамас бұрын, жас талапкерлер нені ескерген жөн?
– Баланың өз әлемі болады. Сол әлемге баламен бірге ене білу керек. Ең бастысы алдыңда отырған баланы, өз балаңдай жақсы көре білу қажет. Мектеп тынымсыз тіршіліктің ордасы. Ас ішіп, теледидар қарап отырсаң да ойыңның бір ұшында бала тұрады. Кез келген ұстаз әуелі әрбір балаға ерекше мейіріммен қарап, анасындай болу қажет. Белгілі жазушы Мұхтар Шахановтың: «Әрбір бала күйсандық. Ол күйсандықтың кілтін тапқан ғана аша алады», – деген сөзі өте орынды айтылған. Баланың тұлғалық қабілетін ашып, шығармашылығын шыңдап, таланты болса ұштап, дарын қабілеттерін одан әрі дамытып, бір сөзбен айтқанда сауатты, білімді азамат қалыптастыруға тырысу керек. Әрине, бұл – әр ұстаздың міндеті.
– «Мұғалім боламын» деген ұрпа­ғыңызға ақ жол тілейсіз бе? Әлде «бағыңды басқадан сына!» деп ақыл бересіз бе?
– Өзі мұғалімдік мамандықты таңдап тұрса, бетін қақпаймын. Бағдарлай алмай, бір шешімге келмей тұрған балаға «Мұғалім бол, қыстақта отырсаң да қызмет табылады, аштан қалмайсың» деп ақыл айтпаймын. Мамандық таңдауда жүректің әміріне құлақ тұру керек.
– Апай, сіздің еңбек еткен жылдарыңызға қанықтық. Енді отбасыңыз жайында айта отыр­саңыз?
– Шүкір, жолдасым Қалдыбай екеуміз шаңырақ көтеріп, өмірдің ыстығы мен суығын бірге көріп келе жатырмыз. Қалекең жеке шаруашылықпен айна­лысады.
Отбасында үш ұл мен бір қыз тәр­биелеп, ұлды ұяға, қызды қияға қон­дырдық.
Ұлдың үлкені Жанболат Түркістан қаласының статистика басқармасында қызмет жасаса, Ерболатым аудандық аурухананың реанимация бөлімінде дәрігер ретінде халыққа қызмет етеді. Қалдарым «Tengizchevroil» компаниясында жұмыс істейді. Гүлжаннатым менің жолымды жалғап, Қызылорда қаласында «Зерде» мектебінде мұғалім ретінде өспірімдерге білім беріп, өрелі жол көрсетіп жүр.
Бүгінде он немеренің ақ жаулықты әжесімін. Маған бұдан артық қандай сый керек?
– Сұхбатыңызға көп рахмет!

Әсел РЗАЕВА

08 қыркүйек 2021 ж. 357 0