Үндеудің талабын орындау – міндет
Төл басылымда аудан әкімі Руслан Рүстемов «Малдың амандығы – жанның амандығы» атты мақаласы арқылы ауылшаруашылық құрылымдарының өкілдеріне үндеу тастады.
Онда: «Жұт жеті ағайынды» деген сөзде терең мән бар. Қытымыр қыста алдымызда не күтіп тұр? Шіліңгір шілдедегі ыстық қытымыр қаңтарда қайтадан аяз болып келсе не істейміз? Біз осы туралы көп ойлануға тиістіміз» деп етек-женімізді жинап, қысқа қамдануды ескертті.
Әрине, бұл істе біз жауаптымыз. Мұны жақсы түсінеміз.
Осы себепті осы салаға жауапты аудан әкімінің орынбасары Оңал Ержановпен бірге Шалқия кенті, Ақүйік, Қыраш ауылдық округінде болып, шаруалармен кездестік.
Темір жолдан Қаратауға дейінгі көк шалғын аймақ қурап, от қалмады. Енді тау беткейдегі ағайын қысқа қажетті шөбін дайындап алмаса, малын сақтап қалуы қиын. Осыған байланысты қазір Сыр беткейдегі күріштік алқаптарда қамыс ору науқанын ұйымдастырып, шаруалар өз-өздерін шөппен қамтып алуды жолға қойдық. «Құдірет» шаруа қожалығы, «Түгіскен ТҚ» ЖШС, «Серік ИО» малазығын өсіруші құрылымдар жанашыр жастарға шөп орып алуға мүмкіндік берген-ді.
Өз кезегінде, жеке адамдар қажетті мөлшерде қамыс орып алған-ды. Аудан әкімі қыркүйек, қазан айында бұл істі қайта жаңғыртуды тапсырды. Осы мақсатта тау беткейдегі елді мекен тұрғындарына түсіндірме жұмыстарын жүргізудеміз.
Оңал Жанатұлы биылғы қысқа түсетін малдың есебіне сай өткен жылдармен салыстырмалы түрде екі есеге дейін жем-шөп қорын жинау жөніндегі ойын дәйекті дәлелмен жеткізді. Сөз кезегінде аудан әкімінің ауылшаруашылығы жөніндегі кеңесшісі Алмас Нәлібаев Қызылқұмдағы ескі құдықтарды қалпына келтіріп, мал қыстауына пайдалану туралы тұщымды ұсынысын айтты.
Биыл күріш жылдағы мөлшерінен 1400 гектарға аз егілді. Енді күріш қалдығын өндірілетін көлемі де азаяды. Сондықтан шаруалар Сырдағы ірі диірмендерге осы күннен тапсырыс жасап, тиісті мөлшерде күріш қалдықтарынан жем дайындауға мән беру керек-ақ.
Тіпті күріш сабанын шашау шығармай жинап алып, тау беткейдегі шаруалар алуға жұмыс істеу маңызды. Біз осы бағытта қолдау көрсетуге дайынбаз.
Қысқасы, аудан басшысы Руслан Рүстемовтің үндеуіне аудандағы шаруа қожалықтар мен жеке адамдар құлақ асып, қысқа қамдануы керек.
Талғат ЗЕЙДАЛИЕВ,
аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы