№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Құрылыс сапасы – басты назарда

Құрылыс сапасы – басты назарда


2020 жылдың қараша айында облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменов ауданға арнайы іс-сапармен келіп, құрылыс нысандарының сапасына мән беріп, кеңес өткізіп, сала басшылары мен мердігер компания басшыларына нақты талап қойған-ды. Содан бері жеті ай өтіп, атқарылған істерді саралайтын уақыт та келді. Осы мақсатта Серік Жүсіпұлы ауданға ат басын бұрды.


Алдымен Шалхия кентіндегі 150 орындық клуб үйінің құрылысын көрді. Мердігер компания «Болашақ Девелопмент» ЖШС мәдениет орда­сының 95 пайызын бітірді. Бірақ клуб үйінің ауласын абаттандыру жұмыстарын тездетіп бітіру керек. Себебі Астана күніне қарсы әлеуметтік объектіні пайдалануға беру жоспары бар.
– Сіздер 2020 жылы құрылысты аяқтау керек едіңіздер. Әлі жүрсіздер. Түсінеміз, карантин болды. Соған сай 2021 жылға өтпелі нысанға қалдырдық. Енді жұмысты сапалы етіп аяқтау керек. Сіздерге бір ай ғана уақыт береміз, – деп нақты тапсырма берді.
Одан кейін МАИ бекетіндегі 300 орындық және №169 мектептің 600 орындық жаңа ғимаратына барды. Мердігер компания басшыларына был­тыр мектептің шатырын жабуды тапсырғанын, әлі толық орындалмағанын айтып, ақталуға еш негіз жоқ екенін ескертті.
– Халық екі мектепті күтіп отыр. Бірақ құрылыс жұмысы өз деңгейінде емес. 300 орындық мектептің құрылысы графиктен екі айға қалып келеді. Ал, 600 орындық мектеп құрылысы жарты ай кешігіп келеді. Білмеймін, қажет болса тәулігіне үш ауысыммен жұмыс істеп, уақытылы бітіру керек, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Құрылыс объектілерін көзбен көріп, нақты жағдайды бағамдап, аудан әкімдігінің мәжиліс залында көшпелі кеңес өткізді. Оған облыстық басқарма және аудандық бөлім басшылары, мердігер компания төрағалары және электр жарығы, газдандыру, ауыз су құбырын жүргізуге жауапты мекеме басшылары қатысты.
Күн тәртібінде облыстық жолау­шылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Тілеум­бетов мінбеге шығып, атқарылған бастамаларды баяндады.
– Жаңақорғанда республикалық маңызда 101 шақырым, облыстық – 157 шақырым, аудандық – 192 шақырым жол бар. 2021 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 335 млн теңге бөлініп, 9,5 шақырым құрайтын жол жөндеуден өтеді. Атап айтқанда, Бесарық бекеті, Жайылма ауылдық округіне баратын жол орташа жөндеуден өтеді. Түгіскен-Келінтөбе автомобиль жолына асфальт төселеді. Облыстық бюджеттен Қожакент, Манап ауылдық округіндегі көшелерді жөндеуге 95 млн теңге қаралды. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 253 млн теңгеге 16 шақырым құрайтын 25 көшені жөндеуге қосымша өтінім жолданды. Аудандық бюджеттен ел­ді мекен көшелерін жөндеуге 520 млн теңге бөлінді. Сөйтіп, 2020 жылы автомобиль жолдарының 94 пайызын қанағаттанарлық деңгейге жеткізуге болады, – деді Мұрат Жолкелдіұлы.
Басқарма басшысының сөзінше, Жаңақорған кентінің 27 көшесін орташа жөндеуге 262 млн теңге, 23 елді мекеннен 153 шақырым жолды жөндеуге 3 млрд 128 млн теңге сұралып отыр. Мәселе де жоқ емес. Мәселен, «Ұлттық жол автивтері сапа орталығы» РМК өткен жылы Жаңақорған кентінің 4 көшесінен кемшілік анықтаса, бүгінде Хорасан ата көшесіндегі кемшіліктер әлі жойылған жоқ.
Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Бердияр Пірімбетов сөз алды.
– 2021 жылы аудан бойынша 6 әлеуметтік нысан, 2 тұрғын үйдің құрылысына, 20 үй сатып алуға және 6 нысанның жоба-сметалық құжатын әзірлеуге 2 миллиард 809 миллион теңге қаржы бөлінді. Талдайтын болсақ, 2 мектеп, 2 балабақша құрылысына және 1 мектептің жобалау жұмысына 1 миллиард 926 миллион теңге қаралды. Қашқанкөлде медициналық пункт, Қаратөбеде дәрігерлік амбулаторияның жобалау жұмысыа 7 миллион 213 мың теңге, Келінтөбе мен Машбек Нәлібаев ауылдық округінде спорт кешенінің жобалау жұмысына 3 миллион теңге қаралды. Қазір Шалқия кентінде клуб үйі салынып жатыр. Мұндай жұмыс Өзгент ауылдық округінде де басталады және аудандық тарихи-өлкетану музейі жаңа нысанының жоба-сметалық құжаты дайындалады, – деді Бердияр Автайұлы.
Келесі кезекте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық басқармасының басшысы Руслан Нұрмағанбетов Жаңақорған кентінде ауыз су жүргізуде сервистік қызмет, елді мекендерді газдандыру, Жаңақорған кентін және ауылдарда электр энергия желісін жаңарту, «Талап-Сырдария» су топтық құбырын толық қосу мәселесін атап, осы бағытта бірлесе атқарылатын жұмыстарды талдады.
Аудан әкімі Руслан Рүстемов:
– Ауданда ауқымды жұмыс бар. Дегенмен халықтың сапалы өмір салтына байланысты жаңадан қажеттіліктер туындап жатады. Жаманбай батыр ауылдық округінің Бесарық, Кеңес елді мекенін аяқ сумен қамтамасыз ету, Жаңақорған кентінің Саяжай аумағында 213 га учаскеге егжей-тегжей жоспарлау жобасын әзірлеу, №255 мектепке қосымша спорт зал салу, №167 мектептің жаңадан салынатын 250 орындықты нысанның жобасын сараптамадан өткізу, №193 мектептің 150 орындық жаңа нысанының жоба-сметалық құжатын дайындау, Аққұм және Талап елді мекеніне баратын жолды жөндеу және т.б халық асыға күтіп отыр. Осы бағытта бірлесе жұмыс істеп, нәтижеге қол жеткізу керек, – деді.
Кеңесті қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменов 1 шілдеге дейін Шалқия кентіндегі клуб үйін, 1 қыркүйекке дейін МАИ бекетіндегі 300 орындық мектеп, 1 жел­тоқсанға дейін №169 мектептің жа­ңа ғимаратын пайдалануға беру керектігін назарға салды. Сондай-ақ, Жаңақорған кентіндегі ауыз суды сапалы жүргізіп, 1 қарашаға дейін толық аяқтауды, жол құрылысының сапасын бақылауды ескертті.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
18 мамыр 2021 ж. 494 0