Балабақшаға бармаған балалар бар
Күн тәртібіндегі екінші мәселенің өзектілігін әкімнің қоғамдық қабыл¬дауына келген халықтың өтініші-ақ өзектеп берген-ді. Бұл жерде бала бақша жайы әлсін-әлсін көтеріліп, көп кедергіге ілігетін ілік болып тұр. Шыны керек, біз баланың бақытты болуы үшін еңбек етеміз, жарқын болашаққа қызмет етуіміз тиіс. Ал, сол бала балабақшаға бара алмаса азаматтық позиция, мемлекеттік қолдау енжар қалмай ма? Жоқ болса мейлі, барлық ауыл балалар бақшасы нысанымен қамтылған. Онда маман да жеткілікті. Ал, сонда не қиыншылық туындап тұр?
Бұған байланысты білім бөлімінің бас маманы Бағлан Момынханов шығып, білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығынан бастап айтып берді.
– Аудан бойынша 42 мектеп бар. 2021-2022 оқу жылын 19000 астам оқушы, 2666 педагог кадрмен бастағалы отыр.
Ал, мектепке дейінгі ұйым саны 120. Жалпы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы бала саны - 6198. Оның ішінде 26 мемлекеттік балабақшада 1635 бала, 83 жеке балабақшада 4247 бала, 11 шағын орталықта 316 бала бар.
Аудан бойынша 1-6 жаста 9990 бала болса, оның 1-2 жастағы жалпы бала саны – 3162 (балабақшамен қамтылғаны -1447, яғни 45,7 пайыз), 3-6 жастағы 6828 бала 100 пайыз мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған.
Білім беру ұйымдарының кіре берісіне дизенфекциялық туннель орнатылған, әрбір сынып бөлмелері мен коридорларына санитайзер, кварц шамы қойылған және арнайы изоляциялық кабинеттер мен гигиеналық тазалық бөлмелері жабдықталған. Білім беру ұйымдарында антисептик сұйықтығы мен хлордың жеткілікті қоры бар, – деді ол.
Бағлан Жамалұлы, – деді аудан басшысы Руслан Рүстемұлы, – барлық білім беру мекемесінің антисептикалық құралдармен қамтамасыз етілуі жыл соңына дейін жеткілікті қамтылған ба? Ешқандай кедергі жоқ па? Қаржылық жағдайларыңыз қалай?
Ол аталған сұраққа жауап қайырып, нақты нәтижесін жеткізгендей болды.
Бұған қанағаттанбаған аудан бас¬шысы: «Енді маған мынаны түсіндіріңізші, хабарламаңызда айтыл¬ғандай, 3-6 жас аралығындағы балалардың бала бақшаға қамтылуы шынымен 100 пайызға орындалып отыр ма? Мендегі елді мекендер бойынша ақпаратқа сәйкес біршама ауылдың балабақшамен қамтылуы сіз айтқан 100 пайызға мүлдем жуымайды. Кейбір ауылдарда 50 пайызы да қамтылмаған. Сонда сіз жалған ақпаратты жаныңыздан шығарып отырғаныңыз ба?
Айталық, Аққорған ауылдық окру¬гінде 3-6 жас аралығындағы 337 бала болса, одан 114 бала ғана балабақшамен қамтылған (33,8 пайыз). Жаманбай батыр ауылдық округінде 231 бала болса, одан 213 бала қамтылған, яғни 92,2 пайыз деңгейінде. Бұл барлық ауылдық округке тән жағдай. Осы деректі нақты талдау үшін Бағлан Жамалұлы, кент, ауылдық округ әкімдерімен бірлесіп, дәйекті есебін жасаңыздар!
Қалған балаларды қамту үшін қосымша қаржы қарастыруға осы бастан кірісу керек. Бұл бір жағынан балабақшалар үшін, онда жұмыс жасайтындар үшін қосымша табыс болса, бұдан кәсіпкерлік саны артады және жаңа жұмыс орны ашылады. Бір мәселенің түйінін тарқатып, қабатында басқа да шаруаны шешіп тастауға болар еді. Кент, ауылдық округ әкімдері бұған бас қатырса, бәлкім бұлай болмас еді.
Келінтөбе, Қосүйеңкі ауылдық окру¬гінің әкімдері айтыңыздаршы, ауыл¬дарыңызда 3-6 жас аралығындағы балалардың балабақшамен қамтылу пайызы қалай?
Олар тисе терекке, тимесе бұтаққа дегендей жоба-жобамен жауап бер¬гендей еді, аудан әкімі ел алдында ұялтпайын дегендей:
– Білмесеңіздер, мен айтайын. Қосүй¬еңкіде – 44,4 пайыз, Келінтөбеде – 35,4 пайыз. Бүгіннен мұны біліп жүріңдер, оны шешудің жолын іздеуге тиіссіздер!
Ендігі жерде Бағлан Жамалұлы, кент орталығындағы жаңадан ашылып жатқан жеке мектептер жөнінде әңгіме болмақ. Мендегі мәлімет бойынша 4 мектеп ашылуда. Олардың материалдық базасы мен методикалық әдістемеліктерін кім бекітіп, кім қадағалайды? Ертең ашылып алып,«қаржымыз жоқ, қызметкерлердің жалақысы төленбей жатыр» деген айқай-шу орын алмай ма?
– Болмауы тиіс, бәрі де бақылауда тұр, – деді білім бөлімінің бас маманы.
Аудан әкімі тарапынан қарша бораған сауалдардың астары мол. Асығыс жасалған іс опа бермейді, кедір-бұдыры көп кезеңде әрбір шаруа уақтылы, нақты, дәйекті жасалуы керек.Руслан Рүстемұлы мәселені ушықтырмай тұрып, алдын алып жатқаны сондықтан. Олай етпеске амал жоқ, елдің мәселесі етекте қалмауы керек.
Осы екінші мәселе бойынша қоры¬тындылай келе аудан басшысы төмен¬дегідей тапсырма берді.
Аудандық білім бөлімі (Б.Ибрагимов, келісім бойынша) басшысына білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығын қамтамасыз етуді, бар¬лық білім беру ұйымы санитарлық талаптарға сәйкестендіруді жүктеді. Ал, тапсырманың орындалуын бақы¬лау аудан әкімінің орынбасары Д.Тұрсын¬баевқа тапсырылды.
Қаныбек АБДУОВ