№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қазақ футболының болашағы қандай?

Қазақ футболының болашағы қандай?


Кез келген мемлекеттің беделі, абыройы – оның спорттағы, әсіресе футболдағы жетістігімен тығыз байланысты екендігін қазіргі ақпараттар легінен-ақ анық аңғаруға болады. Сондықтан дүние жүзінің көптеген мемлекеті, әсіресе футболды жан-жақты дамытуға ерекше көңіл бөледі. Ал біздің еліміздегі футболдың тыныс-тіршілігі қандай?

Өткен ғасырдың 80-жылдары Қазақ КСР Ғылым Акаде­миясының Философия және құқық  институтында қызметтес болған, ұлты чешен азаматы, марқұм Шарпадин Чинхоев бірде маған тіке қарап: «қазақтар әнді жақсы айтады, бірақ футболды нашар ойнайды», деп мысқылдай күлгені намысыма тікенектей қадалған еді. Қашанда сәлемі түзу, сыпайы да әдепті адамның мұндай шындықты бетке басқаны ма, әлде намыстарыңды оят дегені ме? Не болса да жауап оның ішінде кетті. Былай қарасаңыз, айтып отырғаны дұрыс. Мәселен, сол кезеңдерде ән кеңістігінде Роза Бағланова, Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегеновалардың жұлдыздары жарқыраса, олардың ізін ала Ескендір Хасанғалиев, Әлібек Дінішев, Роза Рымбаева, Нағима Есқалиева мен «Дос-Мұқасан» тобы өнер төріне шыға бастаған еді. Ал футболға келсек, кезінде Кеңес Одағы бойынша республикамыздың бетке ұстар жалғыз «Қайрат» командасының құрамында әуелде Тимур Сегізбаев бастаған бірең-саран ғана қазақ болатын, ал өзге­лері бас­қа ұлт өкілдерінен құрал­ған еді. Әріп­тесім «Қайрат­тың» құрамында бірнеше чешен ұлтының футболшылары ой­найды деген меңзеген болуы керек (В.Талгаев, Ю.Шадиев, В.Ма­судов және т.б.). Ал сонда, стадиондағы жан­күйер­­лердің 90 пайызы өзіміздің қара­көздеріміз еді. Олар ойынды тама­шалап, жан-тәнімен қиқу салғанымен, өз іні-бауырларын фут­бол мектебіне беруге аса құмарт­пағаны шындық.
Міне, футболға деген жанай қызығушылық пен істің нақтылы межеге жету алшақтығы қайда жатқанын аңғару қиын емес. Бұған қоса, Алматының «Қайратының» бұрынғы бапкері серб Златко Крмпотич (2001 – 2002) «жалпы қазақтардың тума табиғатына сай фут­бол ойнауға қабілеттері жоқ» деген пікір айтқан. Әрине, бұл біз­дің ұлтты негізсіз кемсіту, жалған нәсілшілдік түсінік, тіпті қылмыстық сипаты бар жала деуге де болады. Қандай сала­ны алсаңыз да, қазақтар ешкім­нен кем емес. Кем болмайды да. Барлық жетістіктер – жіті тәр­биеге, мақсатын айқындаған пенде­нің ынта-жігеріне, оның білікті дәрежедегі үздік үлгілерге сай қалып­тасуына тікелей байланыс­ты дүниелер. Жер бетіндегі ұлт­тардың негізгі бітім табиға­тында, тума қабілетінде айтарлық­тай айырмашылық жоқ, тек ол өзгешелік сырт түсі мен пішінінде ғана байқа­лады. Әйткенмен, әрқилы себеп­терге байланысты, қазірдің өзінде, еліміздің ұлттық футбол құрама командасы FIFA рейтингінде 209 мүше-елдерінің арасында 124-орында ғана тұрақтап тұр. Оның өзінде ұлттық өкілдерінен футбол құрама командасы өзге ұлт және легионерлерден құрала­ты­нын ескере кеткен жөн.
Әрине аталған серб бапкерінің жөнсіз жаласына жауап ретінде айтарымыз мол. Адамзаттың
алуан тірлігінің қай саласында бол­сын, оның ішінде спорттың  да шырқау биігіне көтерілген хал­қымыздың дарынды түлектері айтарлықтай болған, болады да! Дарынды түлектеріміздің футболда да келешегі мол болары сөзсіз ақиқат. Бірақ... Жер жүзінде футбол аса кең таралып, мил­лиондаған жанкүйерлердің жанына жақындығын ескеріп, футбол мәселесін басты тақырыпқа арқау етелік.
Сергей Котляровтың футбол ойынына арналып жазыл­ған «Үшкір бұрыштары бар футбол добы» кітабынан тақыры­бы­мыздың астар­лы ойын айқын­дай­тын бір көріністі  атап өтейік. Автор  жас футболшылар Ға­ни Бегалиев пен Нари­ман Бега­лин­дердің аса дарын иелері екен­дігін сипаттай келе, бірде өзінің әкесі «Қайраттың» бас бап­кері В.А.Котляров Ғаниға доп­ты ауа­да қақпақылдау (жонгилирова­ние) жаттығуын орындауды жүктейді. Сәлден соң оның ма­ңайына жиналған «Қайрат» командасының футболшылары жас футболшының өнерінің соншалықты биіктігіне таң-тамаша болады, өйткені ол допты сан қилы қимылдармен бір сағатқа жуық жерге түсірмей тұрған. Бапкер қайта оралып, Ғаниға енді жеткілікті дегенше, ол допты жерге түсірмепті. Автор Ғани мен Нариманның футболда жарқыраған келешегі барлығы ешкімге күмән тудырмаса керек деп атап өткен. Дегенмен... Өкінішке қарай, сол кітаптан алынған мына цитата талай сырдың бетін ашады: «Бұл екі баланың футболдағы келешегі жоқ болатын, өйткені олардың өмірдегі бағдарлы мақсаттары спорттан әлдеқайда алшақ еді».
Сондықтан ән мен музыканы, сықақ пен ойын-са­уық бағдарламалары көтерілген дәрежеде спортқа да көңіл бөлінді. Жас спорт­шылардың, әсіресе футболшы­лардың жетістіктері теледидар арқылы кең насихатталса, оларды моральдық-материалдық тұрғыдан ынталандырса, қазақи қауым болып қошеметтеп қолдаса, алдағы уақытта спорт, футбол салаларында үлкен әлемдік жетістіктерге жетеріміз даусыз. Оларға өз ісіне жан-тәнімен берілген аса білікті бапкерлер қажет. Жалпы, республика бо­йынша селекциялық (іріктеу) жұмыстары жақсы жолға қойылса, ауылдағы дарынды жасөспірімдерді қаладағы спорт мектептеріне тартса, үлкен игілікті іс болар еді. Ағайын-туыс, қауым болып ол дарынды балалардың таңдауын қолдап, батасын беріп аттандырса, ал­дағы жеңісті күндерге үміт артуға болар еді. Ең бастысы, жасөс­пірімдер тәуекелге үлкен үміт етіп, бет алғанда, оларға ана­ның берген құдіретті қуаты мен қай­ратты күші мол ақ батасы негізгі арқауы болатыны айқын. Ағыл­шын жазушысы Ульям Теккерей: «Ана – кішкентай балалардың жүрегіндегі және аузына алатын Құдай есімі» деп бекер айтпаған. Бұны ересектер де жадында ұстағандары жөн.
 Нақыпбек СӘДУАҚАСТЕГІ,
заңгер-құқықтанушы, публицист
13 тамыз 2021 ж. 428 0