Атақты футболшыға айналған көше сырлаушы
Ресейде өтетін әлем чемпионатының фавориттерінің бірі - Бразилия ұлттық құрамасы. Оның капитаны һәм бас жұлдызы – ПСЖ шабуылшысы Неймар. Бірақ құрамада Неймардан басқа да жұлдыздар бар. Солардың бірі – 21 жастағы "Манчестер Сити" шабуылшысы Габриэль Жезус. Бірнеше жыл бұрын ол ұлттық құраманың киімін киюді тек армандайтын. Жезус алғаш футболды түрме аймағындағы құм майданда ойнаған. Өткен әлем чемпионатын теледидардан қарап, тек жанкүйер бола алған. Көшеде сырлаушы да болған. Ал биылғы әлем чемпионатында барлығы басқаша. Ол көше сырлаушысы емес, бір елдің үміт артар азаматы, футболшысы.
Жезус Сан-Паулу қаласының кедей ауданында туып өскен, футбол ойнауды көшеден бастаған. 8 жасында жергілікті футбол мектебіне барған. Құрдастары қылмыстық істерге араласып, көшеде атысып жүргенде ол бірде-бір жаттығуды құр жібермей, тек футболмен өмір сүрген. Соның нәтижесі болар бірнеше жыл өткесін Сан-Паулу қаласының ең атақты клубы "Палмейрас" академиясына қабылданады. Ол жерде Жезус бір маусымда 22 ойын өткізіп 37 гол соғады. Қысқасын айтқанда жергілікті жұлдызға айналады.
Massaget.kz сайтынан алынған.