«Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан»
Оқу мен өндірісті ұштастырып, арнаулы орта білім мен кәсіби мамандықты бір мезгілде алып, қос қанаты қатар бекіп, болашаққа талпынған жас түлектердің алтын ұяларымен қоштасуға арналған салтанатты шарада сахна маңдайшасына ақын Абайдың осы тағылымын жарқыратып жазып қойса да жарасқандай екен. Нешеме рет қоғам алмасып, заманалар жаңғырса да ұлы тұлғаның айтқан осы бір ұлағаты ұрпақ алдына нақты міндет қоюда мезгіл мінберінен түскен емес. Бүгінгідей жаңа тнхнологияның дәуірінде дүниенің кілтіне айналған инновация мен индустриялизацияның тетігін тапқан білімді ұрпақтың өмірдің қай саласында болмасын өз орнын табуына мүмкіндік мол.
Міне, осындай үміткерлер қатарында Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжін 176 талапкер бітіріп, үлкен өмірге жолдама алды. Оның ішінде 6 студент үздік атанды.
Сейсенбі күні өткен қоштасу салтанатына арнайы келіп қатысқан аудан әкімі Руслан Рүстемовқарлығаш көңілдерге қанат бітіріп сәт-сапар тіледі.
– Қадірлі жас түлектер! – деді ол, – Ауданымыздағы кәсіби білім беретін бірегей оқу орнында 17 түрлі мамандыққа 23 біліктілік бойынша білім алып, ауыл шаруашылығы мен өндіріске қатар бейімделген бесаспап маман болып шықтыңыздар. Қазіргі заман бірмен күш сынасатын білектің емес, мыңдарды мойындататын білімнің заманы. Осы жағынан келгенде техниканың құлағында ойнап, темірден түйін түюге талап қылған тәуекелі басым ұл-қыздарымызға болашақтың есігі ашық. Өмірде қателесуге болмайтын екі бағыттың бірі – мамандық таңдауда қарапайым тұрмыстық қызмет көрсетуден бастап қазыналы жердің асты-үсті байлығын игілікке айналдырар алып өндірістің өзегіне дем беретін өркениетті мамандықтарды меңгеріп, үлкен жолға сақадай-сай аттанғалы отырған өздеріңе біз зор сенім артамыз. Келешегіміздің осы көкжиектен танылуына қамқор-қолдауын аямаған Мемлекет басшылығы мен Үкіметіміздің жас мамандар даярлау бағытында оқу орнының материалдық-техникалық базасын жаңартуға жарты миллиардқа жуық қаржы бөлуінің нәтижесінде жағдайы келіскен керемет жайда білім алуға қол жетті. «Жас маман» жобасы аясында 320 миллион теңге бөлініп, жаңа санаттағы мамандарды даярлауға әлеуетті мүмкіндік туды. Осындай оқу орнында ел мұқтажына жарайтын жаңаша тұрпатты тұғырлы маман екендіктеріңді дәлелдеп, ұстаздар еңбегін ақтайтын сәт туды. Жолдарың ашық, сапарларың сәтті болсын, – деді аудан әкімі.
Келесі сәтте аудан басшысы аталмыш оқу орнын озат бітіріп шыққан «Үздік Диплом» иегерлері – Әбдрахман Әлия Сәрсенбекқызы, Әблазам Мерейлім Алданазарқызы,Тілеухан Жомарт Талғатұлы, Әсел Батырбек, Арайлым Жұпан және Нұрсезім Арызхан өз қолымен салтанатты түрде құжаттарын табыс етті.
Шәкірттердің келешек өмірлеріне ағалық тілегін арнаған Жаңақорған аграрлық-техникалық колледжі директоры Жомарт Шәуенов одан әрі бірнеше оқытушы-ұстаздарды облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Бақтыбайқызының және аудан әкіміРуслан Рүстемұлының «Құрмет грамотасы» және «Алғыс хатымен» марапаттап, сый-сияпат жасады. Оқу орнының ардагер ұстазы Зияудин Әбілқайыров сөз алып, ақсақалдық батасын берді.
Салтанат соңын колледждің өнерлі өнерпаздары көрермен көңіл сарайын көріктендірер концертке жалғады.
Баян ҮСЕЙІНОВА