№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Әдебиеті жоғарының – мәдениеті жоғары

Әдебиеті жоғарының – мәдениеті жоғары


Көп басшылардың қолынан қаламгерлерге қамқорлық көрсетіп, олардың қолтаңбасын қалдыру келіп тұрса да, мойын бұра бермейтіні шындық. Бірақ бұл сөздің Иманғали Нұрғалиұлына қатысы жоқ. Міне, қаламгер Ж.Дәуренбеков мемлекет қайраткері И.Тасмағамбетовтің әдебиет пен мәдениеттің шынайы қолдаушысы болғанын арқау етіпті.
Ойтолғауына «Мәрт» деп анықтама беріп, бұл сөзінің айна-қатесіз ақиқат екенін дәлелдей түседі.
«...шуақты сәуленің әсерімен парасатты істің өмірлік мәні ойға оралғанда бар баяны көз алдымызға келе қалады. Тәлімі де тіл ұшына үйіріле кетеді:
«Тасмағамбетовтың жүз кітабы!».
Бізге шыны – осы сөз бұл күнде фразеологиялық тіркеске айналып кеткен. Тіл ұшына дәйім үйіріліп тұрады» – дейді ол.
Қазақ руханияты мен өнеріне, әдебиеті мен мәдениетіне өлшеусіз еңбек сіңірген Ілияс Омаров пен Өзбекәлі Жәңібековтің ізбасары Иманғали Тасмағамбетов Тәуелсіздіктің 10 жылдығы аясында 100 томдық кітаптың тұсауын кесіп, қаламгерлердің үмітін қуанышқа жалғағанын оқып, білуге болады. Сөйтіп, Иманғали Нұрғалиұлының ізгілігі ерен өрелі өнегесін көпке үлгі етеді.
«Мақтау сөз де киелі. Кім көрінгенге жанаспайды, кез келгенге жараспайды.
Өзінің адамын іздеп табады, кісісіне қонады. Осы ретте адаспай тауып жататын жан болса, соның бірегейі – тағы да Тасмағамбетов», деп ой түйеді.
Расында, мемлекет және қоғам қайраткері Иманғали Тасмағамбетовтың ұлттық өнердің өркенін өсіріп, көсегесін көгертуге қосқан азаматтық бастамалары өнеге таразысында салмақ тартады. Сондықтан жазушы-журналистер оны жақын тартады, қамқоршысы деп сезінеді.
***
Ойөрім ойды сан-жаққа бұрды.
Ұлт мәдениетін биіктетіп, қаламгерлер мен өнерпаздарға ерекше қолдау білдірген Темірбек Жүргенов, Ілияс Омаров, Өзбекәлі Жәңібековтің ізін кімдер жалғады?
Анығында, Тәуелсіздіктің 30 жылдық жолында осы үш алып тұлғаның өнегесіне адалдық танытқан кім бар? Әрине, Тасмағамбетовты бұл қатарға жатқыза аламыз. Оған сөз жоқ.
Қаламгерлерге қолдау білдіру жағынан Мұхтар Құл-Мұхаммед жайлы ауыз толтырып айтуға болады. Ол айтыс өнеріне өтпелі кезеңде қолдау білдіріп, дамуына үлес қосты. Бұл да сөз ұстаған ақындарды қолдаудың кемел жолы емес пе? Қызылорда облысына әкім болған жылдары «Сырдария» сериясы бойынша Сыр бойында туған ақын-жазушылардың 200 томдық жинаған шығаруға бастамашыл болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен, Мұхтар Құл-Мұхаммед төрағалығымен жарық көрген «Бабалар сөзі» жүзтомдығы ұлттың рухани байлығына айналды. Министр кезінде талай жазушының кітабы шығарғанын естіп, оқып жүрміз. Айта берсе көп...
***
Әрине, әр өңірдің әкімі өзінің мәдени-рухани деңгейіне қарай жазушыларды қолдап, кітап шығару ісіне мән берді. Сондай азаматтың бірі – мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Көшербаев. Сыр өңірін тізгіндеген жылдары ақын-жазушылар жиі-жиі келіп, әкімнің қолдауын сезінді. Әсіресе, ақындардың мерекелік іс-шараларына мән беріп, кітаптары жарық көрді. Қырымбек Елеуұлы министр болған жылдары шыққан энциклопедиялар мен монографиялық жинақтарды елдегі кез-келген кітапханадан тауып, іздемпаздық жолда серік ететініміз бар.
Ал, Ерлан Арын тіпті әкім болғанға дейін том-томдаған кітаптың шығуына мұрындық болып, ұстаздарының жолын жалғап, үлгілі іс көрсетті. Иә, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры ретінде «Кереку-Баян» кітапханасы сериясымен 50 томдық кітапты оқырман игілігіне айналдырды. Оған Бұқар жыраудан Иса Байзақовқа дейінгі дала дүлдүлдері, Жазушы Жүсіпбек Аймауытов пен ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың биігінен көрінген қаламгер Қаныш Сәтбаев пен Әлкей Марғұлан сынды ондаған ғалымдар қамтылды. Философ, ақын, ойшыл, фольклор танушы, этнограф, тарихшы Мәшһүр Жүсіп Көпеев шығармаларының 20 томдығының баспа көруіне де себепкер болды. Мәшһүр Жүсіп пен Сұлтанмахмұт Торайғыровтың тұлғалық энциклопедиясын дайындатты.
С.Торайғыров университетінде еңбек жолымды бастағандықтан бұл кітаптардың барлығына атсалыспасам да, энциклопедия өндірісіне араласып, кітап дайындаудың машақатын бір адамдай сезіндім.
***
Әрине, қаламгерлерді рухани қолдау үшін әкім болу міндет емес. Тек ниет болса болғаны. Жазушы-журналистерге деген жанашырлықты, қамқорлықты Жанкелді Ойшыұлының ісінен көріп, өнеге етуге болады.
Биыл облыстық мәслихаттың депутаты Жанкелді Ысқақ екі кітаптың баспа жүзін көруіне жағдай жасады. Біріншісі – «Адырбек», екіншісі – «Борыш». Екі кітаптың көтерген жүгі ауыр, ұсынар тағылымы терең.
Жазушы, ақын, көсемсөзші, этнограф, өлкетанушы, тарихшы, ағартушы Адырбек Сопыбековтің шығармашылығы мен өмірін қамтыған кітапты энциклопедия дерсіз. Адырбектану ілімін бір белеске көтерген кітап көлемді, көркем, құнды. 
Ал, «Борыш» кітабы Отан қорғау жолында жанқиярлық ерлік көрсеткен жауынгерлердің ерлігін жастарға үлгі ету, сол арқылы отансүйгіштік рух пен патриоттық сезімді қалыптастыру мақсатында жарыққа шықты. Кітапқа 1979-1989 жылдар аралығындағы Ауған соғысына қатысқан интернационалист-жауынгерлердің өмірбаяны мен фотосуреттері топтастырылған.
Сыр өңірі бойынша азаматтар тарапынан қалемгерлерге дәл осындай қамқорлықты бұрын-сонды көрген жоқпын. Сондықтан Ж.Ысқақтың өнегелі ісін И.Тасмағамбетов, Қ.Көшербаев, М.Құл-Мұхаммед, Е.Арын сынды мемлекет және қоғам қайқаткерлерінің қатарында қалам тербеу дұрыс деп ойладық.
***
Мұңы неге айтып отырмыз? Жазушы Жақау Дәуренбеков сөзбен суреттегендей, мемлекеттік қызметтің биік мінберінде еңбек етіп жүріп, Иманғали Тасмағамбетов сынды «Мәрттік» танытқандар саусақпен санарлықтай ғана. 30 жылдықтың аясында да жекелеген авторлардың кітабы баспа көрер. Бірақ, тұтас ұлттың рухын асқақтатар сериялық кітаптар шыға ма? Ж.Дәуренбековтың «Мәртін» оқып, «жадымыздағы жаңғырық осылай деп ой түйеді, ауызға сөз салады».
Айналып келгенде, Ілияс Омаров айтқандай, тарихта ақын-жазушыларға қызмет еткен басшылардың есімі қалады. Өйткені кітап ұлттың рухани қазынасы. Бұған «әдебиеті жоғарының – мәдениеті жоғары», деген тіркес дәл келеді.
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
23 маусым 2021 ж. 474 0