№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жоңышқа бағасы неге шарықтап тұр?

Жоңышқа бағасы неге шарықтап тұр?


Халықтың қабырғасын қайыстыратын мәселенің бірі де бірегейі –қымбатшылық. Қандай дүние болмасын бағасы шарықтап, ақпанның ақ түтегіндей қарапайым жұртты қысып, қолына тиген тиын-тебені шақша басына жетпей, әупірімдей күн кешуде. Жасыратыны жоқ, бүгінде екі адамның басы қосылса, қымбатшылық мәселесі сөз болады. Қоғамдық орындарда болсын, әлеуметтік желіде болсын, тіпті мемлекеттік ақпарат құралдары да осы әңгімені өрбітеді. Әсіресе, биылғы жаз мезгілі еліміз үшін есте қалайын деп тұр. Әрине, әр жылдағы жаз мезгілінің өз ерекшеліктері бар. Өткен жылдары егін бітік шығып, қоймаларымыз ақ бидайға толған болатын. Алайда, биылғы жылы күннің қызуы жер бетіндегі өсімдік атаулыны күйдіріп барады. Тау беткейдегі төрт түліктің жайы жақсы, шөбі шүйгін. Бірақ, Сырдағы малдың жайы не болмақ? Өзен жағалап, тоғайды тасалап жүр. Мейлі ғой, ыстық күндер де өтер. Әне-міне дегенще қыста қылышын сүйретіп келеді де қалады. Байқасаңыздар, ауа-райы да өзгеріп жатыр. Жаз айы аптап ыстық, қыста қытымыр аяз қысуда. Ал ондай кезде қорадағы малдың шөбі болмаса көз алдыңдағы малдан айрылып қаласын. Қысқасы, қысқа шөп қорын жинау маңызды.

Иә, шөп керек-ақ. Алайда, бағасы ұшып тұр. Біз осы жөнінде зерттеп, нарықты бағамдауға тырыстық. Дүйсенбі күні аудан әкімі Руслан Рүстемовтың қатысуымен Жаңақорған кенті «Ордакент» ардагерлер және жастар ресурстық орталығы ғимаратында барлық ауылдық округтерден келген ауылшаруашылық өнімін өндіруші, шаруашылық құрылым басшылары, сала ардагерлері, жауапты бөлім басшылары мен кент, ауылдық округ әкімдерінің қатысуымен жоңышқа шөбінің бағасын тұрақтандыру жөнінде келелі кеңес өтті.
Айта кету керек, осыған дейін аудан әкімінің бастамасымен осы мәселе жөнінде жұмысшы топ елді мекендерді аралап, зерделеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Осы мәселеге Манап ауылының тұрғыны, ардагер Қуанышбек ақсақал әлеуметтік желі арқылы өз Үндеуін жолдаған болатын. Үндеуге аудан әкімі Руслан Рүстемов жедел мән беріп, аталған кеңесті өткізді. Жан - жақты талқылаудың нәтижесінде ауданымыздың тау беткейіндегі мал азығын қажет ететін азаматтар сыр беткейіндегі елді мекендерге барып, табиғи шөп, қамыс әзірлеп, орып, жинап алуына жағдай жасалатындығы, сондай ақ, жантақ шөбін шауып алуына мүмкіндіктер бар. Бұл жөнінде аудан әкімінің жанындағы жұмысшы топқа кент, ауылдық округ әкімдерімен бірлесе жұмыс жасау тапсырылды. Міне, осындай маңызды жиналыстан кейін, алдымен шөп бағасын өз көзімізбен көру үшін арнайы тұрақтарына бардық. Шөп сататын орын болғандықтан, шөп тиелген көліктердің қаз-қатар тұрғанын елестетіп барғанмын ғой. Сөйтсем, бір ғана КамАз көлігі тұр. Үстінде теңдеп тиелген жоңышқасы бар. Біз де сол тұрған көлікке жақындап:
– Саламатсыз ба? Жоңышқа қаншадан болып жатыр?– деп сұрадық.
– Бір бумасы 800 теңгеден. Көп алсаңыз сәл-пәл түсіріп беруге болады.
– Былтырғыдан едәуір қымбат сияқты. Неліктен?
– Иә, былтырлары 450-480 теңгеден тасығанбыз. Шөпті артуына да біраз ақша төлейміз, оны әкелуі бар. Мына тұрған жерімізге де ақша алады. Одан МАИ қызметкерлері келіп жағадан алады. Дизель отынының бағасы жыл сайын қымбаттамаса, арзандайтын түрі жоқ. Бұл қалтаға өте ауыр тиді. Айналайын-ай, айта берсең көп қой. Бізге қалатыны шамалы-ақ, – дейді. Шынында алып-сатарға кінә таға алмайсың. Ол да бала-шағасының қамымен жүр.
Е, бұл кісілерге де оңай емес. Десе де, әуелі аудандық ауылшаруашылығы бөлі­міне хабарласып, бөлім басшысы Талғат Зейда­лиевпен тілдесуге бекіндік.
Аудандық ауылшаруашылығы бөлімі бас­шысы тарапынан аудан шаруалары мен ауыл әкімдеріне бірінші кезекте аудан көлемінде жем-шөп қорын толықтыру қажеттігі туралы және шаруашылықтар мен жеке құрылымдардағы мал иелеріне шөп престерін қолжетімді бағада сату жөнінде арнайы хабарлама жасалыпты. Осы осы жөнінде арнайы айта келіп:
– Аудан әкімінің орынбасары тарапынан кәсіпкерлерге хат жіберілді. Мал азығындық дақылы саналатын жоңышқаға мемлекеттен субсидия қаралмаған. Оның үстіне су бағасы мен шөп орымы, шөп престеу секілді жұмыстарға ауылшаруашылық техникаларының бағасы 30-35 пайызға қымбаттаған. Сонымен қатар, өңіріміздің солтүстік аудандарында жерде мал оты болмауы әсерінен мал шығыны белең алуда. Ол жақтан да сұраныс молайып алдын ала төлем жасауларының әсерінен жоңышқа бағасы өсіп тұр. Қазір егіс басында бір прессшөп орта есеппен 700-800 теңге шамасында сатылуда. Оны тасымалдайтын жүк көлігі бар кәсіпкерлер үстеме баға тағы қояды. Сұраныс көбейсе өнім құны артатындығы нарықтағы белгілі жағдай ғой,– деп түйіндеді сөзін.
Ал шөп бағасының күрт қымбаттауы қарапайым халыққа оңай тиіп жүрген жоқ. Сондай жанның бірі Алдан Сақшыбаев есімді азаматтың айтар ойы төмендегідей:
– Рас, ауданымызда биыл шөптің бағасы қымбат. Былтырғымен салыстырғанда екі есеге дейін өскен. Оған себеп басқа облыстар мен аудандарға шөптің жаппай жөнелтілуі. Осы шөптің бағасын неге реттей алмай отырғандарына қайран қалам. Бұл ертең тікелей ет бағасына әсер етпей қоймайды. Ең болмаса алдымен аудан халқының сұранысын қанағаттандырса, содан кейін ғана өзге аймақтарға жөнелте берсін. Шөпке кететін шығын екі есе болмағанмен, баға екі есе өскен. Бұл мұқтаждықты пайдаланып қалу секілді көрінеді маған. Жоңышқаны егетіндердің барлығы да ірі-ірі кәсіпкерлер, олардың ештеңесі де кетпейді. Бұл жерде қарапайым халықтың қиналатыны сөзсіз, – деп жанайқайын жеткізді.
Осы тұста Біз Жаңарық ауылдық округіне қарасты «Атымтай» шаруа қожалығының төрағасы Әуезхан Құрбанбековпен хабарласып мән-жайға қанықтық.
– Мал азығының мол қорын жасауда шөпшілер аянбай еңбек етуде. Екінші орым басталуда. «Жоңышқа жеген мал семіз» деген. Мал азығының қыстық қорын жасақтауда ауылымызда тапшылық болмайды. Бағаның жылдағыдан қымбат болуының бірден-бір себебі, ауылшаруашылығы техникаларының қосалқы бөлшектері сырттан тасымалданатындығында. Содан кейін орамды байлайтын пресс жібі де жылдағыдан қымбат. Оған аяқсудың көтерілгенін қосыңыз. Егістік басында жұмыс жасайтын техникалардың бағасы да біршама өскен. Жоңышканы қанша дәрілеп құртты тоқтату қиын болды, – дейді диқаншылар.
Ақиқатында, мал азығын қамдауда жоңышқаның орны ерекше екенін сатушылар да, алушылар да жақсы біледі. Оның дүние жүзінде 100-ге жуық түрі кездессе, Қазақстанда 18 түрі өседі екен. Жоңышқа – елімізде ең көп өсірілетін мал азығы. Ғалымдардың айтуынша, жоңышқа – пішен, көк майса, кептірілген, сонымен қатар сүрлем күйінде малға таптырмас азық. Жаңа жоңышқа 13870 гектар алқапты алса, өңірдегі жоңышқа көлемі 6743 гектарды құрайды. Бұл біздегі барлық егіс көлемінің 28,5 пайызы.
Ауылшаруашылығы бөлімінің бас агрономы Дәурен Абибуллаевтың пікірінше, жоңышқа гүлдей бастағанда орылады. Орылған соң егістік жақсы тыңайтылса, жоңышқаның екінші орымынан да мол өнім алуға болады. Шөптесін жаз бойы гүлдейді, жарықты, ылғалды ұнатады. Күн сәулесіне төзімді әрі жылдам жетіледі.
«Жоңышқа себілгенде арам шөпке ерекше назар аударылады. «Үш жапырақтының» бір орында бірнеше жыл өсетіні белгілі. Сол себептен оның тыңайтқышына аса көңіл бөлген абзал. Оны әдетте арамшөптен таза әрі ылғалды топырақта өсуі тиіс. Сол сияқты жоңышқаны алғы дақылдан соң егу – экономикалық тұрғыдан тиімді. Десе де, биыл жоңышқа шығымы жаман емес. Оған шаруалардың қосып отырған үлесі мол», – дейді.
– Оларға субсидия қаралған ба?
– Егін-жай мен төрт-түлікке болмаса, мал азығына жеңілдік қарастырылмаған.
Маманның пікірінше, арпа, бидайды қоспағанда ескі мен жаңа жоңышқадан Келінтөбе, Аққорған және Қожакент ауылы көш басында тұр.
Ауданда 4481 гектар жердегі ескі жоңышқаның 450 гектары тұқымға қалса, қалған 4103 гектары толықтай бірінші орымда жиналды. Осыған дейін орта есеппен алғанда 20,4 центнер өнім алынып, шамамен 8,37 мың тонна мал азығы дайындалды.
Айта кетейік, топырақтың құнарын сақтау және арттыру, тұрақты мол өнім алу мақсатында дақылдарды алмастырып отырудың маңызы зор. Дақылдарды алмастырып еккенде жердің құнарлылық деңгейі артатыны белгілі. Егіншілер ауыспалы егіс бойынша үш жыл жоңышқа егетін болса, екі жыл күріш егумен айналысады.
Сыр өңіріндегі төрт түліктің үштен бірі біздің ауданға тиесілі. Сондықтан мал азығына сұраныс кеміген емес. Алайда нарықтың заңы – сұраныс пен ұсынысқа сай құрылады. Бастысы, істі дұрыс ұйымдастыруға тырысып баққан ұтады.

Әсел РЗАЕВА
15 маусым 2021 ж. 1 309 0