№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » АГРОӨНЕРКӘСІПТІ ДАМЫТУ: ІЗДЕНІС. ЗЕРТТЕУ. НӘТИЖЕ

АГРОӨНЕРКӘСІПТІ ДАМЫТУ: ІЗДЕНІС. ЗЕРТТЕУ. НӘТИЖЕ


Жаңақорған ауданында кәсіпкерлікті дамытудың оңтайлы тұсы – агроөнеркәсіп кешенінде. Яғни, ауыл шаруашылығы саласында дайын өнім өңдеп, экспорттау жолға қойылса, табыстың көзін табуға болады. Әсіресе, Ресей нарығында бақша және көкөніс дақылдарына сұраныс жоғары. Сондықтан Сарыағаш, Жетісай диқандары секілді үлкен базардан енші алуға еңбектену қажет-ақ. Бірақ, шіркін, уақыт бір орнында тұра ма? Тіршілік заңына сай заман өзгере береді екен. Адам сол ағымға ілесіп, бейімделіп отырмаса көштен қалады. Міне, аудан әкімі Ғалым Әміреев уақыт үрдісіне сай бейімделудің жолын іздеп, агроөнеркәсіп кешеніндегі үздік тәжірибелерді зерттеп, зерделеуді жол қойды. Сондай мақсатпен Алатау асып, Қырғызстанға арнайы сапармен барып қайтты.
Алдымен Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Бетқайнар ауылдық округіне жол түсті. Онда көкөніс шаруашылығына маманданған «Пан» шаруа қожалығының жұмысымен таныстық. Борис Пан басқаратын шаруашылық соңғы жылдары пияздан мол өнім алып, оны сақтау қоймаларында сақтап, қыс мезгілінде нарыққа шығарып, табысқа кенеліп отыр екен.
Қызылорда қаласының тумасы бірнеше жыл бұрын осы кәсіппен айналысу мақсатында Бетқайнар ауылдық округіне қоныс аударыпты. Бүгінде оның шаруашылығындағы 150 га пияз алқабында 30-дан астам жұмысшы еңбек етуде.
Осы елді мекенде Қырғызстан Республикасына еңбегі сіңген агроном Аркадий Кан күтіп алып, Бішкек қаласына жол бастады. Қырғызстанның бас қаласы аумағындағы сәбіз өнімін сақтау қоймасының жұмысымен таныстық.
Бүгінде Қырғызстан таулы жерлерде аграрлық саласын дамыта алған ел ретінде белгілі. Қырғызстандағы ауыл шаруашылығы экономиканың жетекші салаларының бірі. Елдің ішкі жалпы өнімінің 24,0 пайызы ауыл шаруашылығының үлесі тиесілі. Бұдан басқа, ел халқының 65,0 пайызы ауылдық жерлерде тұрады, әрі жұмыспен қамтылғандардың жалпы санының 34,0 пайызы құрайды. Осыдан-ақ, Қырғызстанның ауыл шаруашылығының тек экономикалық ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік және саяси маңызы бар екенін аңғаруға болады. Негізінен картоп және көкөніс, бақша өнімдерін экспорттайды.
– Мол өнім алудың сыры неде? – деді аудан әкімі Ғалым Махмұтбайұлы.
– Әрине, ең бірінші тұқымның сапасына байланысты. Сосын агротехникалық ережелерді дұрыс ұйымдастыру маңызды, – деп жауап қатты қызғызстандық кәсіпкер.
– Жылына екі рет өнімді қалай аласыздар?
– Қырғызстанның диқандары 10-мау­сымнан бастап егіп, наурыз айында жинап алады екен. Яғни, бір қыс жерде тұрады. Сәбізді жинап болғаннан кейін пияз егеді. Осылайша бір жылда екі рет өнім жинауды жолға қойғанбыз.
– Егін суарудың қандай тәсіліне басымдық бересіздер?
– Бізде тамшылатып суару технологиясы дамыған.
– Сақтау қоймаларыңыздың басты артықшылығы неде?
– Шаруашылықтың екі сәбіз сақтау қоймасында 100 тоннадан астам өнім сақтауға болады. Ең бастысы, қысы-жазы өнімді сапалы сақтауға мүмкіндік бар. Қойма жанында сәбізді жуып-тазалап, қаптап, экспорттайтын цех жұмыс жасауда.
Одан кейін 5 га жерге құрылған қызанақ және құлпынай жылыжайында болдық. Онда жылыжай кешенінде табысты болудың мән-жайына қанықтық.

P.S.: Аудан әкімінің негізгі талпынысы Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен бірлесе өнімділікке жұмыс жасау болса, мол өнімді тиімді сақтаудың жолын Қырғызстандағы тәжірибе алмасу кезіңде қаныққандай болды. Бұл 2019 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтайтын қойма саламын деген мұраты жолындағы ізденісі мен зерттеулерінің бірі ғана. Алдағы уақытта нақты нәтижесін көретін күнде алыс емес...

Нұрбол БАКИРОВ,
Жаңақорған-Бішкек-Жаңақорған.
17 сәуір 2018 ж. 1 273 0