№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Мейірге толы жүрекпен

Мейірге толы жүрекпен


Аудан орталығында тұратын тұрғындар ауруханаға барса, ауылдағы ағайынға округ дәрігері мен мейірбике қызмет етеді. Әрине, дәрігерлердің орны қашанда төрде, алайда, күні-түні науқастың хал-жағдайын біліп, қызмет жасап жүретін медбикелердің орны бір бөлек. Біз осындай жауапкершілік жүгін арқалап, елге еңбек етіп жүрген Әйгерім Базарбайқызын нысанаға алдық.


Әйгерім Жаманқұлова Төменарық ауылдық округіндегі аурухана медбикесі. Айта кететіні, бұл ауруханада Сунақата, Екпінді, Қожамберді, Сүттіқұдық ауылының тұрғындары ем қабылдайды. Сондықтан, бес елді мекен халқына табандарынан тік тұрып қызмет көр­сететін медицина мамандарының еңбегін қалай дәріптесек те жарасады.
– Менің бұл салада жүргеніме 14 жылдан асты. Осы жылдар ішінде тәжірибемді толықтырып, медицина саласының қыр-сырын меңгеріп келемін. Түркістан медициналық колледжін 2006 жылы бітіріп, алдымен «Балдәурен» балабақшасында еңбек еттім, 2008 жылдан бастап туған ауылым Төме­нарықта медбикемін. Туған жерге қызмет ету мен үшін үлкен мәртебе, бақыт деуге болады, – деп сөзін әрі жалғады:
– Осы ауылда туып, №53 А.Романов атындағы мектепте тәлім алдым. Бала кезден дәрігер бо­луды армандадым. Бұл қызметтің жауапкершілігі қандай ауыр екенін жақсы білемін. Алайда, арман осы жолға жетеледі, әрі әпкем жол көрсетіп, бағыт-бағдарымды түзу етті. Негізі мұғалімдер отбасынан шыққанмын. Әкем Базарбай ағартушы-ұстаз. №223 мектепте ұзақ жыл директор болып, ауданның білім беру саласына еңбек сіңірді. Біз тоғыз ағайын болсақ, соның алтауы ұстаз, үшеуі медицина саласында, – деді ол.
Былтыр вирустың тез таралуы Төменарық беткейдегі ауылдарды да айналып өтпеді. 10 орындық ауылдық аурухана бос болмады, дәрігерлер күн-түні демей індетпен алысып, тер төкті. Әңгіме барысында кейіпкеріміз осы бір кезеңді еріксіз еске алды:
– Былтырғы жағдай ауыл халқына ауыр тиді, ауруханаға індеттің беті қайтамын дегенше қаншама тұрғын түсті. Біз осы аралықта 53 науқасты емдедік, оның 37 толық емделіп шықса, қалғаны керекті ем-домын аудан орталығынан алды. Тіпті, үй аралап алғашқы көмекті де көрсетіп, үнемі науқас жандармен байланысып отырдық. Жұмыстан қолым босай қалса, ағайын-туысты аралап, уақытпен санаспай қолымыздан келгенше қызмет қылдық. Дер кезінде қажетті ем қабылдағаннан бізде барлығы айығып, адам өлімі тіркелген жоқ. Шүкір, биыл жағдай тұрақты. Қызмет болған соң, кейде таңмен таласа жүріп, науқастардың жағдайын бақылаймыз. Дәрігерлер түнгі мезгілде болмаған соң, ауырған жанға алғашқы көмек көрсетеміз. Осылай дәрігерлік саладағы қызмет өтіп жатыр.
– Жаз мезгілі таяп қалды, қазір қандай ауру түрі қозады?
– Бірінші орында, балалардың тамағы ісіп, тұмау болуы жиіледі. Одан кейін, іш ауруы, әсіресе, іш өту жиілейді, жүрек ұстамасы барлардың да қатары көбейді. Сондай-ақ, аллергия да осы уақытта қозады. Кейбір тұрғын екпе салдырғаннан кейін аллергиясы пайда болғанын да жасырмады. Осы ретте айта кететіні, бізге жол көрсетіп, ауруына шипа іздеген жанға дер кезінде көмек көрсете алатын білікті дәрігер, әрі менің ұстазым Зөре апайдың еңбегі зор. Зейнет жасына келсе де, елге еңбек етіп жүрген дәрігерден біздің аларымыз, үйренеріміз көп, – дейді ол.
Зерделесек әлемдегі медицина қызметкерлерінің жартысынан көбі мейірбикелер екен. Соған сай мей­ір­бикелердің денсаулық сақтау сала­сындағы қызметінің маңызы да зор. Өйткені емдеу ісінде біздің қызметіміз өте маңызды, жауапты, сондай-ақ асқан төзімділікті талап етеді. Олар адам денсаулығына қауіп төндіретін эпидемия, пандемиямен күресте де алдыңғы қатарда тұрады. Пациенттермен бірінші болып қарым-қатынас жасайтын емхана қызметкерлері екені анық. Бір сөбен айтқанда, мейірбикелер – медицина саласының ең үлкен әскері.
Міне, осы салада қызметте жүрген жоғары санатты мейірбикенің бір күндік қызмет тіршілігі осындай қарбалас, халыққа табанды қызмет өтуде.

Әли ТЕМІРБЕК
13 мамыр 2021 ж. 397 0