№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » СӘБИ ЖАНЫНЫҢ ЖАНАШЫРЫ

СӘБИ ЖАНЫНЫҢ ЖАНАШЫРЫ


Шарипа Ордабекованың дәрігерлік салада қызмет етіп жүргеніне он жылдан асыпты. Әсіресе, бала дәрігері ретінде көптің ыстық ықыласына бөленіп келеді. Жалпы, ана мен бала денсаулығы қоғамда қашанда ең өзекті мәселе. Бала – адамның бауыр еті болғандықтан сәбидің денсаулығы барлығынан аса қымбат. Әсіресе, ұрпақтың сау болып өмірге келуі бірінші орында тұрары сөзсіз. Елбасы биылғы Жолдауында адам денсаулығы мен босану ісіне қатты көңіл бөлу керектігін ескертті. Ал, бала өмірге келгеннен бастап толық жетілуіне жауапты, әрі кәсіби тұрғыда көмекші болатын бала дәрігерлері. Бұл мамандықты игеру кез-келген жанның қолынан келе бермейді. Сондықтан, бойында баланың пәк көңіліндей тазалық пен балажан жүрек қатар соғатын дәрігерлерді қалай мақтасақ та жарасады.
Мамандығын жанынан артық көретін Шарипа дәрігерлер отбасында өмірге келген. Бала күнгі арманы дәрігер болу болғандықтан, осы салада адаспай үлкен өмірдің баспалдығын Түркістан қаласындағы қазіргі медициналық колледждің шәкірті болып басады.
– 2005 жылы оқуға түсіп, 2008 жылы қызылға бітіріп шықтым. Еңбек жолымды туған ауылым Билібайда фельдшерлік пунктте мейірбике болып қызмет етуден бастадым. 2014-2015 жылдар аралығында аудандық емханада егу дәрігері, 2015-2017 жылы аймақтық мейірбике қызметін атқардым. Бүгінгі күні пилоттық жоба аясында патронаждық медбикемін. Жалпы айтқанда әркімнің маңдайына жазылғаны болады емес пе? Менің өмірлік таңдауым осы сала болды, – дейді бала дәрігері. Әкесі мен анасының ізінен ерген жас маман осылай еңбектеніп келеді.
Медицина саласына еніп жатқан өзгерістер көп. Соның бірі – құрсақтағы нәрестенің аман-есен дүниеге келіп, бес жасқа дейінгі аралықта дұрыс дамуы үшін енгізілген патронаждық жоба. Бұл үйде қызмет көрсету жүйесінің тиімділігі көп дейді мамандар. Міне, бала жанының бағбанының атқаратын міндеті, әрі әлеуметтік қызметкерлермен бірге өзіне берілген аймақ тұрғындарымен етене еңбек етеді.
Жалпы айтқанда, медбикелердің қызметі кішкентайлардың денсаулығы, олардың керекті дәрі-дәрмегі мен дұрыс тамақтануын бақылау. Әрине, әлеуметтік көмекке мұқтаж жандарға көмек қолын созып, жоғары билікке өтініш жасау олардың құзырында. Нақтырақ айтқанда, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыдағы дәрігерлік дипломы бар мамандарды жұмысқа орналастыруға қол ұшын беруде. Сонымен қоса аурудың алдын алу да медбикелердің ең бірінші жүгі. Жаз айларында Жаңақорғанда іш ауруы жиі болатын құбылыс болса, қыста тұмаудың асқынуы жиі байқалады. Алайда, бүгінгінің басты мәселесі екпеге қарсылық білдіру. Сәбиге туылғанда және жасына толғанша екпе жасауға шақыру жұмысын жүргізу күн тәртібінде өзекті болып тұр. Міне, осындай жайттардың алдын алу дәрігерлердің міндеті. Осы міндетті жолда жауапкершілік танытып жүрген Шарипа Ордабекова бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған бақытты ана.
Он жылға жуық уақыт дәрігерлік салада жүрген. Сәбидің шыр етіп өмірге келген күнінен бастап бес жасына дейін дұрыс жетілуі жолындағы еңбегі дәрігерді үлкен жетістіктерге бастап келеді. Бірнеше рет облыстық денсаулық сақтау басқармасының «Алғыс хатына» ие болған. Тәжірибе жинақтау үшін жылына екі рет оқып келеді. Кенттегі Ынтымақ, Алтыкрант, Жаппаров және Қожанов көшесінде тұратын тұрғындардың тынысын жіті білетін білікті медбикенің мақсаты айқын, жұмысы жүйелі.
– Балалардың әлеуметтік жағдайы, денсаулығының тұрақты болуы да әрқашан мемлекет назарынан тыс қалған емес. Сондықтан, былтыр Қазақстанда патронаждық медбике қызметін көрсету жүйесі енгізілген болатын. Жаңақорғанда жалпы 16 аймақ болса, оның жетеуі патронажды аймаққа жатады. Соның алтыншы аймағында балғындар үшін қызмет етіп келеміз, – деді медбике. Мамандар ЮНИСЕФ бағдарламасы бойынша жұмыс жасауда. Биылдан бастап мобильді, яғни электронды жүйе іске кірісті. Бұл тиімді тәсіл.
Жоғарыда айтқандай, тұрғындардың пікірін білмекке дәрігердің жауапты аймағына ат басын бұрып, аналармен дидарластық. Кент тұрғыны Маржан Айдарова жылы лебізін білдерген жас ананың бірі.
– «Жақсының жақсылығын айт, нұры тассын» дейді ғой, шыны керек, өзім Шарипа дәрігердің қызметіне көңілім толады. Ең бастысы сәби денсаулығы болғандықтан, ақ халатты жанның адалдығына бір сөзбен айтқанда, ризамын, – деді Жаппаров көшесінің тұрғыны.

Түйін. Қазақта «еңбегіне қарай – құрмет, жасына қарай – ізет» деген нақыл бар. Сондықтан, жасы мен тәжірибесіне емес, еткен еңбегіне қарай Шарипаны төл басылымның кезекті санына қайта шығардық. Айта кеткен жөн, бала дәрігерлерінің қызметіне жаңақорғандықтар дән разы.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ.
15 қыркүйек 2018 ж. 1 079 0