№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ауыл шаруашылығы: көршімен қатынас және іскерлік байланыс бағыттары қандай?

Ауыл шаруашылығы: көршімен қатынас және іскерлік байланыс бағыттары қандай?


«Forbes» журналының веб-версиясында «Өзбекстан қазақ малын сатып алуды доғарады» деген тақырыпта мәселе қозғалды. Оған әлеуметтік желі бойынша қазақстандық сарапшы Арсен Керімбеков өз тұжырымын білдірді.
Біздің Жаңақорған – аграрлық аудан болғандықтан аталған мақала мені назар аударуға еріксіз жетеледі. Бір жағынан Өзбекстанмен шектесетін аумақта орналасқанбыз. Көршіміз. Кешегі кеңестік кезеңде ауыл аралас, қой қоралас дегендей бауырлас болғанбыз. Дербестік алған соң өз алдына бөлек шыққанымыз болмаса түбірі бір түріктілдес екеніміз тағы шындық.
Жасыратыны жоқ, кезінде Қазақстанның аграрлық секторды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы көршілес Өзбекстанның ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге үлкен серпіліс берді.
Жалпы, құдайы көршіміздің агроөнеркәсіптік кешенін дамытудағы жетістіктері мемлекеттік саясатының емес, өзбек кәсіпкерлерінің бастамашылдығы және икемділігіне байланысты. Керісінше, бұл компонент көптеген қазақстандық фермерге, қайта өңдеушіге және басқа саланың қатысушыларына жетіспейтіні рас.
Тарихи формациялар кейбір мәселеге көлеңке түсіргені шындық. Көрші мемлекеттегі осындай ықпалдың негізінде көптеген ұлт өзағамызға сіңді. Оны сарапшы Арсен Керімбеков те астарлап айтқысы келіпті.
Бұл жерде бір ұлтты қаралауға тиісті емеспін, мәселе нарықтық қатынастарға байланысты және астарлы саясаттың «ақырын жүріп, анық бас» дейтін тұсын айтқым келді.
Сарапшы Арсен Керімбеков 2010 жылдан бастап көрші мемлекетте болып жатқан жайттарды міндетіне сәйкес зерттей бастады. Ол «Қазагромаркетинг» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, ал, 2016 жылдан бастап АЭС құзыреттілік орталығының директоры кезінде, қазір Қазақстандағы органикалық өндірушілер Одағының директоры ретінде өзбек фермерлерінің осы бағытта қалай жүріп жатқанын, экологиялық таза өніммен халықаралық нарықтарға шығуын қызығушылықпен бақылап келеді.
Өзбектер органикалық жолдағы өтпелі стандарт саналған Global G.A.P сертификатына ие болды. Бұл не үшін керек? Өйткені көкөніс және жемістермен Еуропадағы супермаркеттерді қамтамасыз етуге мүмкіндік қажет. Дегенмен еуропалықтар олардың тауарына көңілі толмады. Айталық, олар әдеттегі конус тәрізді емес, цилиндр тәрізді түзу сәбіз сатып алуға ынталы. Амал жоқ, екі жыл ішінде өзбектер осындай сәбіз өсіруге көшті. Сол секілді еуропалықтар ірі қарбыз немесе қауын алмайды, отбасы шағын болғандықтан көлемі кішкене өнім іздейді. Тағы да көрші елдің кәсіпкерлері өздігінен ізденіс танытып, оны өсіре бастады.
Спикердің пікірінше, Өзбекстанмен аграрлық саладағы қатынастарда Қазақстанда объективті басымдық бар. Ол ауылшаруашылығы өнімдерінің өзара саудасын төрт сегментке бөледі: көмірсулар, майлар, ақуыз және талшықтар. Алғашқы үш позицияда Қазақстанның даусыз артықшылығы бар: Өзбекстан үлкен көлемде астық, майлы дақылдар, сондай-ақ көптеген мал сатып алады. Төртінші позицияда ғана жағдайдың арақатынасы 50-50 пайыз болып табылады. Бұл климаттық жағдайға қатысты. Себебі ауа райының қолайлылығы жағынан өзбек ағайында көкөністі өсіруді ерте көктемде қолға алуға мүмкіндігі бар. Мұндай мүмкіндік бізде де бетбұрыс алған. Мәселен, ерте көктемде қырыққабат Ташкенттен тасымалданбай, өзіміздің Сарыағаш, Мақтарал, Жетісайда өндіріліп, солтүстік облыстарда сатылып келеді. Жаңақорған ауданында да жылыжай өндірісі жыл санап қанат жайып, халықты тұрақты түрде дәруменді көкөніспен қамтамасыз етуге жол ашты. Біз бұл бағытта ізденісімізді тоқтатпауға тиістіміз.
Ертеректе «Атамекен» ұлттық палатасы скрининг өткізіп, оның барысында Қазақстанның оңтүстік облыстарының бірінде күздік бидай себуге 31 мың гектар жер пайдаланылатынын анықтаған. Осы бидайға Өзбекстан тәуелді. Сол секілді Тәжікстандағы бау-бақшаның барлық аумағы 30 мың гектарды құрайды екен. Мұндай жетістік құт қонған Жаңақорған жерінде жеткілікті. Алма 360 гектар, жүзім бағы 25 гектар болып жайқалып тұр. Бүгінде елдің бау-бақша өсіруге ықыласты екені, бұған мемлекет тарапынан қолдау барын айтқан ләзім.
Ел Үкіметінің мораторийі толық қолданылып тұрған кезеңде тірі малды экспорттау мәселесінде бірнеше тыйым болды. Кейін бұл тек ірі қара мал мен ұсақ малдың аналық тұқымдары үшін күшінде қалды, ал қошқарларды экспорттауға рұқсат етілді. Біздің негізгі тұтынушымыздың бірі – Өзбекстан.
– Иә, біз әрдайым «Өзбектер Қазақстаннан барлық малды алып кетті» деген рухтағы ақпаратты көреміз, – дейді Арсен Керімбеков. – Мен әрдайым әріптестеріме айтарым – бұл тарихи қалыптасқан жүйе. Тек бұған дейін оған көп ешкім мән бермейтін, өйткені бізде мал көп болған. Енді шығудың жолы бірдей – экспортты қысқарту емес, мал басын көбейту. Бұл екі тараптың да мүдделеріне сай келеді - біздің фермерлерге көбірек сату тиімді, ал өзбектерге көп сатып алу. Иә, асыл тұқымды мал кетпеуі үшін бақылау қажет. Қалғандары үшін шектеулер тек зиян келтіреді.
Әрине, біздің Жаңақорған ауданында мал шаруашылығы едәуір өсті. Тіпті өткен жылдың қорытындысымен мал шаруашылығы бойынша аймақта «Үздік аудан» номинациясын иелендік. Қазіргі санақ есептегендей, ауданда мүйізді ірі қара 72,1 мың, жылқы 19,8 мың, түйе 1,7 мың, уақ мал 257,1 мың бас болып отыр. Демек, көршімізбен мал сату жөнінде өзара іскерлік байланыс жасауға бек қадам бар.
Сарапшы Өзбектердің ешқашан кесілген ет сатып алмайтынына сенімді, өйткені олар малды сол жерде тамақтандыруды жөн көреді (малды күйіне жеткізіп бордақылау Қазақстанда көбінесе оны сойғанға дейін немесе экспортқа шығарғанға дейін толық жеткізілмейді). Сонымен қатар, Қазақстанда тері, жүн, ішекті және басқа да дене бөлшегін пайдалану, яғни қалдықсыз өңдеу мәдениеті жоқ. Өзбекстанда мұның бәрі мал шаруашылығының рентабельділігін арттырады.
Бұл жерде төрт түлікке қатысты шектеулер Өзбекстанның мал және ет нарығынан толықтай айырылып қалу қаупін туғызады.
«Тағы бір нәрсе: егер біз саудадағы шектеулер туралы айтатын болсақ, онда біз Ресей факторын да ұмытпауымыз керек» деді сарапшы. – Ресей қазірдің өзінде Өзбекстанға көптеген құс етін жеткізіп жатыр. Әрине, бұл сиыр еті емес, бірақ оны ауыстырудың бір түрі. Бұл біз үшін бәсекелестік факторы.
Тауық еті дегеннен шығады, Жаңақорғанда «Абдулла» ШҚ құс етін өндіретін фабрикасының құрылысы 2020 жылдың желтоқсан айында басталды. Құс фабрикасы толық іске кіріскенде жылына 3 500 тонна ет өндіреді. Бұл бағытта жергілікті өнім алыс-жақын шет елдерді қамтуға мол мүмкіндік беруі тиіс. Кәсіпорын болашақта жұмыртқа өндіру бағытын да қамтымақ.
Өзбекстанға астық экспорттау мәселесінде де екіұдай пікір бар. Бірі шикізаттық күйіне қатысты. Шикізат әрі арзанға түседі, екіншіден, өздерінде диірмен қызметін жандандыра түседі.
Өзбекстанға ауылшаруашылығы өнімдерін жеткізуге қандай да бір сауда шектеулерін енгізу тиімсіз. Себебі бәсекелестік ортада сауда жүргізуші әріптесін жоғалтып алуы мүмкін. Олардың орнын басқа бір клиент басып алуы ықтимал.
«Біз Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұрынғы құрамына да, қазіргі командасына да қалай қарасақ та, олар өзбек әріптестеріне қарағанда әлдеқайда сауатты әрекет етеді» деп санайды сарапшы. – Жалпы, Қазақстан Үкіметі аграрлы сала бизнесіндегі кәсіпкерлердің негізгі бөлігінен ақылды. Ал Өзбекстанда, керісінше, кәсіпкерлер үкіметке қарағанда ақылды. Мұны нақты түсіну керек.
Жалпы, аграрлық секторды дамытудың ұзақ мерзімді стратегиясын құруда табыс пен тиімділік негізгі фактор болса, біз кәсіпкерлік әріптестік үшін көрші мемлекеттермен іскерлік байланысты нығайта түсуіміз қажет. Кешеуілдеп немесе кенже қалған кәсіпкерлікті дамытуға да мұның ықпалы зор болмақ. Мақаланы оқу барысында осындай ой түюге жетелеген жәйттер аудан үшін әрқашан маңызды.

Руслан РҮСТЕМОВ,
Жаңақорған ауданы әкімі.
13 мамыр 2021 ж. 317 0