Ұжымдық иммунитет қалыптасты
– 2020 жылы коронавирустың алғашқы легі келген кезде Жайылма ауылдық округіне ең бірінші блок-пост қойылды. Алғашында ауыл тұрғындары наразы пікір айтты. Бірақ сол кездегі ауыл әкімі Талғат Зейдалиев тұрғындарды тәртіпке шақырып, вирустан қорғанудың жолы екенін түсіндірді. Өз басым екі айдан аса уақыт ауылдан шыққан жоқпын. Тек анам науқастанып, елді мекен әкімінің рұқсатымен аудан орталығына келдім. Ауылға тек бір адам азық-түлік әкеліп тұрды. Нәтижесінде біздің ауылдан бірден-бір адам вирус жұқтырған жоқ.
Бүгінде мектеп мұғалімдері вакциналауға белсенді қатысуда. Алғашқы келген вакцинаны өз еркімен 30 педагог салдырса, кейін 21-і өз қауіпсіздігі үшін екпені ектірді. Бізде жүктілігі бар аналар, созылмалы аурумен тіркелгендер ғана вакцина салдырған жоқ. Қазір мектептің 70 пайызы вакциналанып, ұжымдық иммунитет қалыптасты дей аламыз.
Айналаға қарасақ, вирус әлі дендеп тұр. Бірақ үміт те жоқ емес. Тығырықтан шығарар жалғыз жол – вакцина салдыру. Бұл істе Израиль елі бізге үлгі бола алады. Өйткені еврей халқы вирустан қалай қорғануды жақсы біледі. Мәслихат депутаты ретінде де аудан тұрғындарына осыны түсіндіріп жүрмін. Жалпы елге теріс ақпарат таратқандарды тәртіптік шара көру керек.
Жанат ЖҮСІПОВА,
аудандық мәслихаттың депутаты, №195 мектеп директоры