№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жаңақорған ауданында 17 ұлттың өкілдерін құрайтын 600-ге жуық халық бар.

Жаңақорған ауданында 17 ұлттың өкілдерін құрайтын 600-ге жуық халық бар.

  Тәуелсіздігіне отыз жылға жуықтаған Қазақ елінің біртұтастығы, қонақжай қадір-қасиетімен бір шаңырақтың астында қаншама ұлт өкілдерін айрандай ұйытып, тату-тәтті өмір сүруі күллі әлемге үлгі және іштей ыдыраған елдер үшін өнеге боларлықтай жетістік. Сол ынтымақ-бірліктің бір көрінісі – Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы. Көп этнос өкілдерін топтастыратын бұл мәдени ұйымға ресми пәрмен де берілді.

  Қазақстан Халқы ассамблеясын құру туралы 1992 жылы жария болған Тұңғыш Президенттің идеясы 1995 жылы 1 наурызда жүзеге асырылды. Осы кезеңнен бастап аталған кеңесші орган шынайы түрде өз ісіне кірісіп кетті.
Бүгінде елімізде 100-ден астам этностың мектебі, бес республикалық және он алты аймақтық газеттер шығады, алты ұлттық театр қызмет етеді.
Республикалық деңгейде мәдени шараларды жиі өткізіп тұрады. Парламентте Ассамблеядан сайланған депутаттар мемлекеттік ұстаным тұр­ғысынан өздеріне артылған жауапкершілікті адал атқаруға тырысып келеді.
Қазақстанды мекен еткен түрлі ұлт өкіл­дерін бір арнаға біріктіріп, мақсат-мүддесін айқындайтын мүдде бірлігі деген қасиетті ұғым бар. Өйткені ортақ Отанымызды мекендеген сан ұлттың тілі басқа болғанмен тағдыры бір.
Табиғатына тән қонақжайлық қасиеті қазақ халқын қай ғасырда да жатты жақын еткен жомарт пейілінен ажыратқан емес. Империялық Ресейдің саясатымен қазақтың кең даласына ертеден күштеп көшірілген қаншама ұлт пен ұлысты бауырына басып, барын аузына тосқан халқымыз ешкімді алаламай, қамкөңіл жандарға қысылғанда пана бола білді.
Қазақ халқының өзіне тән салт-дәстүрлерінің қай-қайсысы болмасын бұқараға бірдей тар­тымды, адами құндылықты қастерлеуге құрыл­ған, бар мен жоқты теңейтін, астарында міндетті түрде жомарттық пен қайырымдылық қағидалары тұнып тұрғанын да аңғаруға болады. Мәселен, ата-бабасына ас беруден бастап жаңа туылған нәрестесінің әрбір қадамына той жасап, ат шаптыруға әзір тұратын қазекемнің кең дастарханы кім-кімді де бөліп-жармай көпшілікке бірдей жайылады. Қазірде ауылдық жерлерде ғана емес қалада да тұтас үйдің тұрғындары бас біріктіріп, аулада дастархан ұйымдастырып наурыз көже ішуді дәстүрге айналдырып келеді. Оның соңы түрлі мәдени-көпшілік шараларға жалғасып, жеңімпаз деп танылғандарына жүлде таратылып, мәре-сәре болып жататын той-думанның көңіл көтеру ғана емес, адамдар арасындағы түсіністікті, татулықты арттыратын тағылымы терең деуімізге әбден болады.
Ұлттар саясатында «адам адамға дос, жолдас және бауыр» деген қағиданы қастерлі ту ете білген кеңестік кезеңнің ұстанымы сыртқы мазмұнымен болса да желкілдеп өсіп келе жатқан жас ұрпақтың бойына интернационалдық тәрбиені тереңдеп егіп кеткені шындық.
«Бар әлеммен бір туысқан Қазақстан» деп ән шырқаған жеткіншектер қатарында «Талай-талай асулардан, құшағына ап асыл арман. Өттік талай асулардан, орыс, қазақ, латыш, армян» деп ән жаттағанымыз күні кеше. Бірақ бұл ойдан шығарылған дүние емес, тарих еді. Ұлттар достығының осындай ғажайып үлгісін кешегі ел басына күн туған қиын-қыстау отты күндері кеңес халқы жаһанға паш еткен болатын.
Бүгінгідей «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» бейбіт заманда осы үлгімізді, өнегемізді одан әрі тереңдетіп, «Ұлы даланы» ұлттар бірлігінің ұжмағына айналдырар дәстүр сабақтастығына сына түсірмеуге тырысуымыз керек. Жер, су, ауа адамзатқа ортақ, оны жаратылыс иелерінің теңдей пайдалану қахы бар, дегенмен мемлекеттілікті бекемдеп, оның дамуын заңдық-құқықтық негізде жүйелеуде қабылданған әр елдің өз ережелері, салт-сана, дәстүр қағидаларына құрметтілік таныту тарихи әділеттіліктің ең биік көрінісі болып табылады. Осыны бар ділімен сезініп, шырайына шаң жуытпаған елдерде араздық деген атымен жоқ, бір заңның аясында, бір тудың саясында адами құндылық салтанат құрып келеді. Қай ұлттың өкілі болмасын өзі туып өскен Отанның игілігі жолында төккен тер, атқарған еңбегімен ғана мәртебелі.
Қазақстанда тамыры тереңге кеткен халықтар достығы тақырыбына дәлел-дәйекті өз туған жерімізден де көптеп келтіруге болады. Қазірде Жаңақорған ауданында 17 ұлттың өкілдерін құрайтын 600-ге жуық халық бар. Ата-бабалары ежелден қоныс еткен өңірді тарихи отаны санайтын әрбір ұлт өкілінің кіндік қаны тамған жерге қалтқысыз ықыласын жазбай тануға болады. Қазақтың тілін өз ана тіліндей терең меңгерген өзге ұлт өкілдері тұрғылықты жердің тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүр, жөн-жоралғыларын да жатсынбай өмір мазмұнына айналдыра алғанының өзі татулықтың нығайып, тұрақтылықтың салтанат құруына мықты негіз қалап отыр десек жаңылыспаймыз.
– Мен көзімді ашқаннан осы елде өмір сүріп келемін. Отыз жыл аудандық әскери комиссариатта жауапты қызмет атқардым. Ерім Михайл екеуміз өнегелі перзент тәрбиеледік. Ұлымыз қазірде Астана қаласында тұрады, дәрігер. Отбасылы. «Қолыма келіп тұрыңыздар» дегеніне нешеме уақыт өтті. Жаңақорғанды қимаймыз.
Қазір Қазақстанның кез келген жерінде жайлы өмір сүруге болады. Қала мен ауыл теңесіп келеді, жағдай көп жақсы. Тұрмыстан таршылық көрмеуіміз мүмкін. Бірақ айналаңдағы адамдардың риясыз көңілін сезініп, соның шуағына жылынып жүргеннің қуанышы бөлек. Мүмкін, сондықтан болар туған жерді қимай жүрміз, – дейді Павлова Галина Әлімжанқызы бізбен әңгімесінде.
Өңірімізде қай кәсіптің болмасын бел ортасынан табылар, түрік бауырларымыз жөнінде де айтылар лебіз аз емес. Өзге ұлт өкілдерінен үлгілі тұлғаларды «Ауданның Құрметті азаматтары» қатарынан көре алмай жүргеніміз ғана көңілге кірбің түсіреді. Осы жағын ескергеніміз жөн. Ең бастысы, еліміз аман, татулығымыз берік болсын.

Баян ҮСЕЙІНОВА

13 тамыз 2019 ж. 1 175 0