«Үздік тәрбиеші-2021» сайысы
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту қандай маңызды болса, балаға дұрыс бағдар көрсетуде тәрбиешінің алар орны ерекше. Әр үйдің еркесінің әр түрлі мінезін бір ортада байланыстырып, еркін сезінуін қадағалап, дұрыс жол көрсететін тәрбиеші бала өмірінің алғашқы бағдаршамы іспетті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлттық салт-дәстүрлер және жалпы адамзаттық құндылықтарға негізделген патриотизм мен толеранттылыққа тәрбиелеу мақсатында Аққорған ауылындағы №19 «Раушан» бөбекжай бақшасында «Үздік тәрбиеші-2021» сайысы өтті. Бала бағбандарының білімділігін, тапқырлығын тануға арналған сайыс 6 кезеңнен тұрды. Шараны ашқан балабақша меңгерушісі Бибісара Шайхсламова:
– Балабақша табалдырығын ашқан әрбір бала елдің тұтқасын ұстар мықты, білімпаз, тәрбиелі, кеңойлы азамат болуы тиіс. Ал тәрбиешілер ел ертеңіне жауапты тұлға. Баланың жанын баладай түсініп, сұрағына толық жауап беріп, білгенін үйретуден жалықпағанда ғана тәрбиеші мамандығының беделі артпақ. Ал бұл жолда ізденімпаздығымен ерекшеленіп жүрген әріптестерімізге сәттілік тілейміз, – деді.
Сайыстың бірінші бөлімі өздерін таныстырудан тұрды. Тәрбиешілер Айгүл Тұрысханова, Гүлшат Аманжолова, Ырыскүл Батырханова, Шара Анапияева, Камила Тілеубаева, Ұлжалғас Аширова, Меруерт Ашимовалардың бірі өлеңдетіп, бірі қара сөзбен таныстырған сөз саптауы, өзін көпшілік алдында ұстауы бағаланса, «Ықшам сабақ» деп аталатын келесі бөлімінде белгіленген шекті уақытта баланы жалықтырмай, көрнекілік арқылы тез, әрі оңай жеткізу талап етілді. Бұл сайыста тәжірибесі, білімі мен білігі сыналса, ертегі кейіпкерлерін сомдау сайысында әрбір бала бағбанының актерлық шеберлігін байқадық. Әсіресе «Жеті лақ», «Бауырсақ» атты бала жүрегіне жол тапқан ертегілерін сомдағанда баладай алаңсыз қиялға ерік бердік. Ситуациялық сұрақтар бөлімінде кез-келген тығырықтан жол тауып, бала, ата-анамен тығыз байланыс орната отырып, үшжақты бірлесудің нәтижеге қол жеткізетінін көрсеткен қатысушылар жоғары бағаланды. Қазақ әдеби өнерінің өлшенбес байлығы мақал-мәтел десек, балаларға арналған нақыл сөздер жетерлік. Бұл бөлімде сайыс қыза түсті. Жылдам әрі ұтқырлықты қажет еткен сайыста тәрбиешілер бір-бірінен қалыспауға тырысты. Сайыс соңы педагогтарға арналған сұрақтармен жалғасты. Балаларды тәрбиелеуге арналған бағдарлама аясында қойылған сұраққа мүдірмей жауап берген бала бағбандары әділ қазылар алқасының ыстық ықыласына бөленді.
Сайыстың әділқазылары балабақша меңгерушісі Бибісара Шайхсламова, психолог Құндызай Рүстемова, тәжірибелі тәрбиеші Шәркүл Бакировалар сайысты қорытындылап, таңертеңнен кешке дейінгі уақыттағы баланың тәрбиесімен тікелей айналысатын ұжым қызметкерлерінің еңбегін жоғары бағалап, шараның жоғары деңгейде өткенін жеткізді. Сайыс қорытындысымен «Үздік тәрбиеші 2021» номинациясына «Балапан» тобының тәрбиешісі Күлшат Аманжолова лайық деп табылды. Балалар алдында өзін сенімді, сабырлы ұстауымен білімділігімен дараланған тәжірибелі тәрбиешінің еңбегі жоғары бағаға ие болды. І-орынға Меруерт Ашимова, Айгүл Тұрысханова лайық деп табылса, ІІ-орынға Ырыскүл Батырханова, Камила Тілеубаева, ІІІ-орынға Ұлжалғас Аширова, Шара Анапияева жайғасты.
Баланың талпынысына қолдау білдіріп, әрбір жетістігіне қуана отырып, білгенін үйретуден жалықпаған тәрбиеші-педагогтардың ұшан-теңіз еңбектері қолдау тауып, білімі мен білігі өзгелерден өне бойы озық тұрғаны көпшіліктің ықыласына бөленді.
Күлзада Беркинбаева,
№19 «Раушан» бөбекжай бақшасының әдіскері
Пікір 1