Іс тетігін кадр шешеді
Аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында өткен жиында аудан әкімі Руслан Рүстемов мемлекеттің өркендеуі, халықтың әл-ауқатының артуы, қоғамның кез келген саласының дамуы бірінші кезекте мемлекеттік қызметкердің еңбегіне тікелей байланысты екенін сала басшыларының есіне салды. Мақсат – бәсекеге қабілеттілікті арттыруда мемлекеттік аппараттың кадрлық мүмкіндігі аса маңызды екенін түсіндіру.
– Бүгінгі күні елімізде мемлекеттік қызмет толығымен жаңартылып, заман ағымына орай реформаланған.Сондықтан қоғамда алатын орындарыңыз ерекше. Сіздер билік пен халықтың арасын жалғайтын алтын көпір міндетін атқарушысыздар. Өздеріңізге жүктелген жұмысты абыроймен атқаруда білім мен біліктілікті арттыру басты назарда. Себебі, мемлекеттің саясатын іске асыратын мемлекеттік қызметкер, ал мемлекеттік қызметтің мәртебесі мен беделі өздеріңізге тікелей байланысты, – деп мемлекеттік қызметкерлердің имиджін сипаттап берді аудан басшысы.
Одан әрі Жаңақорған аудандық Мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Қалдыбек Мұсаев Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңының 11-бабына тоқталып, онда мемлекеттік лауазымдағы адамдар және олардың жұбайы (зайыбы) салық заңнамасында белгіленген тәртіппен тұрғылықты жері бойынша салық салу объектісі болып табылатын табыстары мен мүлкі туралы декларация тапсыруы тиіс екенін, қасақана ұсынбаған немесе толық, анық ұсынбаған жағдайда Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 274-бабына сәйкес әкімшілік шара көзделгеніне тоқталып өтті. Сондай-ақ 2019 жылы уақытылы не толық тапсырмай және мемлекеттік қызметтен теріс себептер бойынша шығарылған және сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылыққа жол бергені үшін 16 жеке тұлғаларға хабарлама беріліп, 11 жеке тұлғаның әрқайсына 69450 теңгеден әкімшілік айыппұл салынып, толығымен өндірілгенін жеткізді.
Мемлекеттік қызметкерлердің міндетті декларацияны тапсыру және жариялау барысы туралы хабарлама жасаған аудан әкімі аппаратының персоналды басқару бөлімінің басшысы Нұрымжан Бұлдырықов: «Биыл аудандағы мемлекеттік қызметшілердің штат саны – 207-ні құрап отыр. Бүгінгі таңда бос лауазымдар саны – 10. 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап 250.00 нысанды «Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны» тапсыру басталғандығы белгілі. Аудандағы жауапты мемлекеттік қызметшілерге аталған нысандағы декларацияны тапсыру мерзімдері уақытылы түсіндіріліп келеді. Биылғы декларацияны тапсыру мерзімі жаңа өзгерістерге сәйкес қағаз түрінде – 2021 жылдың 15 шілдесінен кешіктірмей, электрондық түрде – 2021 жылдың 15 қыркүйегінен кешіктірмей тапсыруы қажет. Қазіргі таңда 9 мемлекеттік қызметші жаңа №250 формаға сәйкес табыстары туралы декларацияны тапсырған және декларацияны мерзімінде тапсыру жұмыстары тұрақты түрде бақылауға алынған», – деді.
Ал аудан әкімі аппаратының басшысы, Әдеп жөніндегі уәкілі Бақтияр Ахметов болса 2021 жылы атқарылар жоспарға қысқаша тоқталып өтті.
– Жалпы, мемлекеттік қызмет саласында ең маңызды мәселе – персоналдың жетік білімді, әрі білікті болуы. Осы ретте, аудан әкімдігі бойынша мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау, біліктілігін арттыру мәселесіне баса назар аударып келеміз. Өткен жылы даярлаудан – 11, біліктілігін арттырудан – 86 қызметкер білімін жетілдірді. Әлеуметтік желілерге әдептен тыс фотосуреттер мен видеоларды салудың алдын-алу не болмаса әлеуметтік желілерде жағымсыз теріс пікірлердің жазылуына жол бермеу қажеттілігі барлық мемлекеттік қызметшілерге түсіндіріліп келеді. Мемлекеттік органның оң имиджін және ұжымда жағымды ахуал қалыптастыруға елеулі үлес қосқаны үшін мемлекеттік қызметшілерді көтермелеу, марапаттау шаралары да назардан тыс қалмаған.
2020 жылы 48 мемлекеттік қызметші аудан, облыс әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды. Бұл үрдіс осы жылы да жалғасын тауып келеді, – деді.
Иә, мемлекеттік қызметші болу зор жауапкершілікті, абыройлы міндетті жүктейтіні сырт қараған адамға байқала бермейтіні рас. Оған лайық болуың үшін бойыңда кәсіби біліктілігіңнен бөлек адами құндылығың да жоғары болуы тиіс.
Сондықтан әрбір мемлекеттік қызметкер үшін «Біз өзіміздің халықтың қызметшісі екенімізді ұмытпайық. Мансап құмарлықтан аулақ болып, кісілік көрсетпей, халыққа жақын, әр істе әділ болып, әрбір адамның мұң-мұқтажын қолдан келгенше түсініп, оны дәл сол кезде орындай алмасаң да түсіндіріп, дұрыс жауап беріп, шығарып салу – біздің парызымыз. Сонда әкімшілік те, мемлекеттік қызметкерлер де халыққа жақын болады» – деген Елбасының сөзі басты қағидаға айналуы тиіс .
Лаура АЙДАРХАН