№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жомарт жандар пейілі

Жомарт жандар пейілі


Қазақ қоғамында қайырымдылық жасау үрдісі ежелден болған. Бүгінгі күні де маңайына шуақ сыйлайтын жандардың қатары сиремеген. «Мен не істей аламын» деп көмек қолын созуға асығатын жандар да аз емес. Солардың бірі еріктілерден құралған «Жаңарған Жаңақорған Жастары» жігіттері мен жақсылық жасауда жарысып жүрген қайырымды жандар. Бүгін осы сауапты іс басынан табылып жүрген жомарт азаматтар жайлы сөз етпекпіз.


Игі іске мұрындық болып жүрген «Жаңарған Жаңақорған Жас­та­ры» қоғамдық қоры осы кезге дейін қайы­рымдылық шараларын ұйым­дастырып, үш отбасына құтхана сыйлаған. Қаймана қазақтың жана­шырына аз ғана уақыт ішінде айналып үлгерген қор жігіттерінің міндеті айқын, бағыты ерекше. Өйткені олар жетімін жылатпай, жесірін қаңғыртпай, өз жұртына өзі ие болған көңілі дархан ата-бабамыздың жолын ұстанып келеді. Өзгенің басына іс түскенде көмек қолын созуда қарап қалмайтын кең пейілді жандардың да табыла кететіні көңілге демеу.
Хош. Мұны көкірек көзі ояу оқырман жақсы білер, ал біз айтқымыз келген тақырыптың ауанын тарқатсақ. Ел игілігі үшін қолдан келген көмегін аямай, оны ешкімге міндетсінбей, Алла разылығы үшін қайырым жасағандар жақсылығының бір қайырымы боларын біледі. Осындай жылулықты сезінген жанның бірі Гүлзира Әлиева. Ол өмірге құштар жаратылысы ерекше жанды тәрбиелеп, асырап отырған жалғызбасты ана. Өзінің тұрақты жұмысы жоқ болса да маңдай терімен салынған, жылуы мен едені жоқ тас үйді әке-шешесімен, қызы Ринатпен паналап күн көреді. Алайда күздің қара суығында тар бөлменің бір бұрышын ыққа айналдырған Ринатқа бұл оңайға соқпайды. Бүрсең қағып қат-қабат көрпеге оранған қызының тоңғанын көрген ана амалдың жоғынан қайырымды жандардан көмек сұрауға бекінеді.
– Бұл үй негізі әкемнің зейнетақысына салынған үй. Әр ай сайын баспанамыздың бір жерін жамап отырдық. Мезгілсіз келген ажал әкемнен айырып, тұрған үйіміз аяқсыз қалды. Тұрғын үй кезегіне жауапты мамандардан көмек сұрадым. Ең болмаса жылуын кіргізіп берсе, қалғаны қолда бар қаражатпен ақырындап бітер деген ой болдды. Маған осы «Жаңарған Жаңақорған Жастары» мен «Тас-Тасымалы» ЖШС-нің жігіттерін Құдай жібергендей. Шарапаты көп тиді. Үйге келіп өз көздерімен көріп, қандай жұмыс жасалуы керек екенін нақтылап кетті. Арада он шақты күн өткенде үйіме көгілдір отын тартылып, еденге паркет төселіп, қаңырап тұрған бөлмелердің есігі орнатылды. Әуелі Алла, екінші осы жігіттердің арқасында қазір жылы үйде отырмын. Қызым да, анам да риза, – деп қуаныштан көзіне жас алды Гүлзира ана.
Өзінде жоқ болса да өзгеге алақан жайғанды намыс санаған анамыз амалдың жоғынан көмек сұрауға мәжбүр болғанын да жасырмады. Тек жылу кіргізіп беруді өтінген ананың тілегі екі-үш есе орындалып, қуаныштары еселенді. Осы ретте қор басшысы Еркінбек Айнақожаев бастаған жігіттер мен «Тас-Тасымалы» ЖШС-нің жұмысшыларына және күні-түні құрылыстың басында жүріп жұмыс атқарған жаны жомарт жандар Нұржан Байқонов, Қанат Кеңесбекұлы, Нұрғазы Қазақбай мен жылу батареяларын тегін берген «Бақыт» сауда орталығының иесі Сәбит Өндірбайұлына, оны орнатып, дәнекерлеуде көмек көрсеткен ағайынды Бағжан, Сержан, Ерсұлтан Хасановтарға, есік орналастыруда азаматтық танытқан Хайдар Құлтасов пен газ құжаттарын үй иесінің атына өз қаражатымен рәсімдеуде көмектескен «Жігер» сауда орталығының иесі Ержан Қонысовқа шынайы ризашылығын білдірді.
Бұл кісілердің қайырымды істері көпке үлгі. Олар адамға тән адалдық, бауырмалдық, қарапайымдылық тәрізді асыл қасиеттерді бойына сіңірген.Нәтижесінде, мың күдікті бір үміті жеңіп шығып, көңілі орнына түскен ананың шынайы ризашылығын алған жандар.
– Қиналған сәтте адамдардың бір біріне демеу болып, мейірім танытуы жан дүниеңді нұрға бөлейді. Сондықтан көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созып, жақсылық жасау, сауабы мол іске атсалысу азаматтық парызымыз, – деп сөзін қысқа қайырды қордың қайырымдылық бағытында жұмыс істейтін Данияр.
Өзі басшылық жасайтын «Тас-Тасымалы» ЖШС-нің жігіттері бұдан бөлек «Мектепке жол» акциясы мен Құран кәрімді жатқа оқудан өтетін сайыстарға да демеушілік көрсетіп келеді. Олар үшін әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған мұқтаж жандар да назардан тыс қалмаған.
«Қайырымды жан қайырым етпес есеппен, ізгі іс етсең, текті тірлік сүргенің», «Қолы ашықтың – жолы ашық» деген аталы сөзді қаперге алып, адамгершіліктің биік шыңын паш еткен жандардың игі істерін төл газетіміздің бетінде жарыққа шығарып, көпке жеткізуді құп көрдік.

P.S. Біреудің ауыр халін өзінікіндей көріп, қол ұшын созудан бейтарап қалмайтын азаматтарды ел-жұртқа, насихаттап отырудың еш артықтығы жоқ деп есептеймін. Өйткені қайырлы істер қашанда ізгілікке үндейді. Сауапты молайтады.

Лаура БИБАСАРОВА
03 сәуір 2021 ж. 1 016 0