№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жомарттық – жан жылуы

Жомарттық – жан жылуы

«Қолы ашықтың – жолы ашық», «Жомарттың аты арып, тоны тозбас», деген ғибратты сөздерге қазақ халқы амал етіп келеді. Оған ұлтымыздың астындағы атын түсіп беретін мырзалық, мәрттік қасиеттері дәлел. Мыңжылдықтар толқынында өзгеге жем болмай бүгінгі күнге бүтін жетуімізде сүрінгенге сүйеу, жығылғанға жалау, қиналғанға қолдау білдірген тағылымды көруге болады. Дәл осы қасиет жаһан жұртына жайлаған коронавирус індеті кезінде қажет-ақ. Қалай дейсіз бе, тарыққанға тірелген отбасыларға рухани һәм материалдық демеу көрсету маңызды.

Шүкір, қазақта әлеуметтік ахуалы төмен жандарға қолдан келгенше көмегін аямайтын қайырымды жандар қай кезде де аз болмаған. Ондай жомарттар әлі де баршылық арамызда. Әрине, байдың бәрі жомарт емес, ал жомарттың бәрі бай емес. Жомарттық үшін де сана керек, парасат керек. Бір сөзбен айтқанда, жомарттық жасау рухсыз адамның қолынан келмейді. 
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай жариялағаннан кейін 800000 қазақстандық тегін азық-түлік алады деді. Бұл мемлекет тарапынан берілетін көмек болса, жомарт жандар көмек сұрағандарға қол ұшын созып жатыр.
Президент тапсырмасы бойынша тегін азық-түлік жиынтығын кімдер алады? Бұл көмекті азаматтардың 4 санаты ала алады. Еңбек және халықты қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтың сөзінше, бірінші, атаулы көмек алатын аз қамтылған отбасылардың 6 жастан жоғары баласы болса. Ал қалған санаттар бойынша карантиндік аймақта тұратын азаматтарға беріледі. Оның ішінде, тұрмысы төмен және мүмкіндігі шектеулі азаматтарды атау керек. Оның негізі «Біз біргеміз» қайырымдылық шарасы.
«Ауданда жарияланған төтенше жағдай кезінде, тұрғындарға жан-жақты қолдау көрсету, сақтық шараларын күшейту, мұқтаж жандарды қажеттіліктермен қамтамасыз ету мақсатында «Жаңарған Жаңақорған Жастары» қоғамдық қоры аудан әкімінің жанынан табылды. Әкімнің ұсынысымен, ерікті жастардың ықпалы және кәсіпкерлердің қолдауымен қаншама отбасы тегін азық-түлікке қол жеткізді. Қоғамдық қор белсенділері мен ірі кәсіпкерлер, шаруашылық құрылым басшылары, жекелеген азаматтар өзара бірлесіп, ынтымақтаса отырып қайрымдылық шарасын жүйелі түрде өткізіп отыруды қолға алды. Алғашқы басқосудың өзінде 1 миллион астам қаражат пен 500 қап күріш, 80 қап ұн, 65 келі бал өнімі жиналып, мұқтаж отбасыларға үлестірілді. Алғашқы карантин режиміне алынған 80 азамат пен инфекция жұқтырған 16 науқасқа жеміс-жидектер берілді.
Сондай-ақ аталған азаматтарға ұдайы медициналық қызмет көрсетіп, күндіз-түні бірге болған 45 медицина қызметкеріне материалдық көмек көрсету мақсатында жеміс-жидектер ұсынылды. Жеке кәсіпкер Несібелі Жүсіпованың бастамасымен «Құм сахаба» мешіті арқылы әлеуметтік аз қамтылған кенттің 150 және Жайылма ауылдық округінің 20 отбасына 2 млн теңге көлемінде әр отбасыға ұн, күнбағыс майы, шай және өзге де азық-түлік берілді. Қазір Алматы қаласында тұратын Несібелі Жүсіпова: «Балуан Шолақтың «Дүниеге жаяу келіп, жаяу кетесің», Шал ақынның «Дүние – шолақ, жан – қонақ», – деген ұлағаттары бар. Осы сөзге алып қосар сөзіңіз бар ма? Атадан қалған осындай ұлағаттан бағыт алып, елге азды-көпті жәрдем жасауға тырысамыз», деді.
Алматы қаласында тұратын жаңа­қорғандық азамат Абсадық Зайнидинов те 25 отбасыға ұн, күріш, макарон, күнбағыс майын тегін таратты. Бұл сыртта жүріп, туған өлкеге қол ұшын созуға тырысып жатқан жандардың бір парасы. Ал аудандағы атсалысып жүрген азаматтардың атын атап, түрін түстеудің қажеті жоқ. Олардың қызметіне тұрғындар куә.
Ауданда жомарттығымен танымал Бақытжан Тасболатов, Изатулла Үсенов, Серік Мырзабаев, Ғазиз Әйтілеуов, Баян Божбанбаева, Ахметжан Сүндетұлы, Сейітқожа Мұстафаұлы және т.б. қиналған жандарға қол ұшын созып, демеу болды. Әрине «Оң қолыңмен берген садақаңды сол қолың білмесін» дегенді ұстанатын азаматтар бергенін жария етіп жатқан жоқ. Дегенмен көпке үлгі етіп, сауапты іске өзге ауқатты азаматтарды ынталандыру үшін сөзге қостық. Бүгінде миллиондаған теңгенің субсидиясын алып, байығандар игілікке іске асықпай отыр...
Қоғамдық қордың белсенділері жылу ретінде жиналған қаржыға әлеуметтік маңызды азық-түліктерін 28 отбасына үлестірсе, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және аза­мат­тық хал актілерін тіркеу бөлімі жасақтаған тізіміне сәйкес 130 отбасына көмек қолын созды.
– Төтенше жағдай кезінде мемлекет тарапынан және кәсіпкерлердің қол­дауымен қаншама отбасыға азық-түлік түрлері тегін берілді. Мұндай қайы­рымдылық шаралары жалғасын таба береді. Кенттегі мешіт жамағаттары, ерікті жастар мен әкімдік есебінде тізімде тұрған отбасылар қажетті көмекті алуын тоқтатпайды. Осы уақытқа дейін 300-ден аса отбасына азық-түлік берілді, – деді бөлім басшысы Жарас Мырзалиев.
«Nur Otan» партиясы аудандық филиалы тарапынан әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған 100 отбасына қайырымдылық шарасын жасады. Айта кететіні, бас партия тарапынан берілетін 50 мың теңгенің көмегі қалалық жерлерге тиесілі. Яғни елдегі 23 қалаға партия тарапынан қаржылай көмек берілуде.
– Елдің бірлігі мен ынтымағы сыналар сәтте қайырымды жандар барымен бөлісуге асығып жатыр. Ел азаматтары осылай қызмет ете берсін. Біз жаны жомарт, көңілі жайсаң жандарға қашан да тілекшіміз! – деді көп балалы ана Клара Күнтуова.
Аудан әкімінің бастамасымен 26 ауылдық округіндегі 1000-нан аса отбасыға 13 миллион 192 мың тең­генің көлемінде көмек жасалды. Қайы­рымдылық шарасы жалғаса беретіні ақиқат.
Айта кететіні, біз саралаған деректер «Nur Otan» партиясы аудандық филиа­лының, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және ахат бөлімінің, «Жаңарған Жаңақорған Жас­тары» қоғамдық қоры, «Құм сахаба» мешітінен алынды.
Редакцияға қайырымдылық істерін жасаған азаматтар хабарласса, жазуға дайын екенімізді ескерте кетеміз.
P.S.: Ауданның белсенді, іскер азаматтар және өзге өңірлерде жүрген жомарт жерлестердің азаматтық ұста­нымына көңілге жылулық сездірді. Бірақ отбасылық бюджеті қомақты адам­дардың санасы сергіп, сауапты іске үлес қосса игі...

Әлібек Жарықбаев.
25 сәуір 2020 ж. 662 0