№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Академикке "Қорқыт ата" медалі табысталды

Академикке "Қорқыт ата" медалі табысталды

  Егеменді қазақ елінде тұңғыш жаңалық ашып, күлді құйма алтыннан қымбат көрген ғалым, бүгінде қазақ зиялыларының көшбасында жүрген, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор Бірлесбек Қаниұлы Әлияровтың 80 жасқа толуына орай аудандық Манап Көкенов атындағы мәдениет үйінде «Ғылымның шыққан шыңына...» атты мәдени кеш өтті.

Қазыналы қарт Қаратау мен сұлу Сырдың бойында туылған, еліміздің сан салалы ғылымына үлес қосып, туған жерден нәр алып елмен байланысын үзбей, ғылым саласының дамуына өштестей үлес қосып жүрген тұғыры биік тұлғаның жеткен жетістіктері мен бағындырған шыңдарын өскелең ұрпаққа үлгі етіп дара жолын дәріптеу мақсатында өтіп жатқан кештің алғы құттықтау сөзін аудан әкімі Сұлтан Ысқақұлы алып, Мәскеудің ғылыми ортасын мықтылығымен мойындатқан ғалымның  54 жасында ағылшын тілін, 61 жасында компьютерді меңгеріп, іскерлігі мен еңбекқорлығының арқасында жеткен жетістіктеріне тоқталып, туған жері үшін еткен еңбегін ерекше бағалады. Қазақтың ғылыми техникалық тілін дамытуға  белсенді араласып 9000-нан астам терминді толықтырып, 1500 терминнің орысша-қазақша түсініктемесін жазғанын тілге тиек етіп, ғалымның еңбегіне жеміс, отбасына амандық тіледі. Сондай-ақ аудан әкімі тау тұлғаны Сыр елінің дамуына қосқан ерен еңбегі үшін облыс әкімінің «Құрмет» грамотасымен марапаттап, сый-сияпатын тапсырды.
Тарлан тарихтың өсиетін де, қасиетінде кемерінен кем өткермеген қарт Қаратаудың тумасын мерейтойымен құттықтай келген айтыс ақыны, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты Әбілқайыр Сыздықов жырдан шашу шашты.
Бірлесбек Қаниұлы азаматтық бол­мыс-бітімі, қайраткерлік тұлғасы қайта­ланбас қадірлі жан. Сексеннің сеңгіріне шығып туған өлкесіне тәу еткелі келген жанға арнайы құтты болсын айта келген Халықаралық Қожа Ахмет Иассауи атындағы қазақ-түрік университетінің вице-президенті, профессор, педагогика ғылымдарының докторы Камалбек Беркінбаев университет ректоры Болатбек Серікбайұлының құттықтау хатын тапсырды. Мемлекеттік басқа­ру саласының құрметті ардагері «Жаңа­қорған ауданының құрметті азаматы», ел ағасы Ибрагим Абибуллаев жүрек жарды тілегін жеткізді.
Халықаралық Жазушылар Одағының мүшесі, Жаңақорған ауданының «Құрмет­ті азаматы», ақын ағамыз Файзулла Сахиев арнауын оқыды.
Сан тараулы ғылымның шыңына шығып, табалдырығына қазық байлаған, қабілет-қарымының шексіздігінің арқа­сында, талмай талаптанып, табан­дылықтың жемісін жеп, жеңісіне мар­қайып отырған кеш кейіпкерін құт­тықтау үшін облыстың, ауданның құрметті ардагері, «Жаңақорған ауда­нының құрметті азаматы», ел ағасы Зинабдин Шермағанбетов және Қорқыт ата атындағы Қызылорда мем­лекеттік университетінің ректоры мін­детін атқарушы, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Бахытхан Жұнайдұлы ізгі тілектерін білдірді. Осы орайда Бахытхан Әбдікәрімов «Қорқыт ата» медалін табыстады. Өз кезегінде сөз алған Түркістан облысы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің білім саласын бақылау департаментінің басшысы Бақыт Мұхамеджанов және ауданның құрметті азаматы, ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірсерік Тақырбасов жүрек жарды тілектерін білдірді.
Кештің көркін қыздырған  Абылай Сұлтан «Синяя вечность» әнін орындаса, «Любовь настала» әнін мәдениет үйі­нің өнерпаздары нақышына келтіріп, көрер­мен қауымның көңілін көтерді. «Ауылға сағыныш» әнімен сахна төріне шыққан Ислам Нағызхан дүйім жұрттың ауылға дегенсүйіспеншілік сезімін оятып жүрек төрінен орын алды.
Ғылымның биігін еншілеген, халқы­ның мақтанышына айналған ерен ердің 80 жылдық мерейтойлық кешіне жүрекжарды лебіздерін арқалап келген Тұрғанбек Қалдарбеков ағайын-туыстары атынан кеш иесіне тұлпар тарту етті. №169 Н.Илялетдинов атындағы мектептің ардагер ұстазы Құралай Байтенова және Қазақстан Республикасы мәдениет қайраткері, Қазақстан Жастар сыйлығының лауреаты, өнертану доценті, ауданның құрметті азаматы Сауран Елеуов дара тұлғаны құттықтап, ізгі тілектерін арқалай келген екен.     
Тал бойына тектілікті тұмар қылып таққан, кісілігінен гөрі кішілігі басым дара тұлға туған өлкесінің ыстық ықы­ласына ризашылығын білдіріп, №169 Н.Илялетдинов атындағы мектептің физика пәні мұғалімі Шин Ольга Григорье­ванаға Алматы энергетика жә­не байланыс университетінің ректоры Сауле Сағынтаеваның  «Алғыс хатын» тапсырды.
Осындай рухани кештің куәсі біз де дара тұлғаның ел білмейтін қырларына қанығып қайттық.
Кешті мәдениет саңлағы Жәнібек Сыздықов жүргізді.
                                                                 ***
Біртуар дара тұлға өзі оқыған №169 Н.Илялетдинов атындағы мектеп оқушыларымен кездесуді де ұмыт қалдырмады. Оқу ордасына ат басын бұрған ғалымды мектеп оқушылары қуа­нышпен қарсы алды. Бірлесбек Әлияровтың 80 жасқа толуына орай ұйымдастырылған кешті мектеп дирек­торы Аллаберген Ахметов ашып, тау тұлғаның білім ұясына жасаған игі істеріне тоқталып алғысын білдірді. Рухани кеш барысында оқушылар құт­тықтау тілектерін өлең жырларымен өрнектеді. Білімпаздар тарапынан қойыл­ған сұрақтарға жауап берген ғалым шә­кірт­терге ақ тілегін айтып риза­шылығын білдірді.
«Ұлық болсаң, кішік бол» деген даналық сөз Бірлесбек ағаға айтылғандай. Оның айтқан әрбір тағылымды әңгімесінен қарапайымдылық пен сабырлықтың бейнесін көресің. Туған жерін ұмытпай тәу етіп келген жанды, өз елі де биік ұстап құрметтейтіні заңдылық.
Сондай-ақ, №125 С.Сапарбеков атындағы мектепте де ғалыммен келелі кездесу өтті. Онда жасөспірімдер өмірде жетістікке жетудің сырына қанығып, еңбек ету мен үздіксіз білім алудың маңызын түсінді.

Майра ҒАНИЕВА
01 желтоқсан 2019 ж. 727 0