№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Ұстаздық – ұлы мамандық

Ұстаздық – ұлы мамандық


Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, техника ғылымының – докторы, профессор Алияров Бірлесбек Қаниұлы. Таудай тұлғаның атақ-лауазымын осылайша тізбелей беруге болады. Бірақ сол қажет пе? Ғалымның қадір-қасиетін жаңақорғандықтарға айтып жату артық. Жақында ағаның туған жерге келгенін естіп, қоңырау шалдық. Телефон тұтқасын бірден көтеріп, қуана келісті. Сұхбаттасымызды туған мекенін аралап көруді мақсат етіп көл жанында серуендеп жүрген жерінде кездестірдік. Ауыл ішін асықпай аралаған ағаның жүзіне еріксіз күлкі үйірілді. Езуіндегі жарасымды жымиыстың астарында өткен күнге деген сарғайған сағыныш барын аңғардым да, бір сәтке де кідірместен сұрағымды қойдым.


– Адам қандай биікке шықса да, қай шаһарда жүрсе де жадынан шықпайтын туған жер деген тыл­сым бар емес пе? Өзіңіздің кіндік қаныңыз тамған, балалық шағыңыз өткен құтты мекен ғой. Сіздің балалық бал күндеріңізе қалай өтті?
– Айналайын көңілімді бір тасытып жібердің-ау. Туған жерге келген сайын осы көлді көруге жолым түспей жүр еді. Міне, бүгін сәті түскен екен. Жаймашуақ жаздың күндері осы көлді бойлай жүзіп, қыста мұз үстінде доп-таяқ теуіп, ойынның көрігін қыздыратынбыз. Айналамызда орыстың, шешеннің, кәріс пен түріктің балалары көп еді. Бәріміз тату болып өстік. Біздің өңірдің ауа райы ерекше ғой, шіркін. Жаздың күндері 50 градус аптап ыстықта суға қайта-қайта түсе бергеннен денеміз жарылып, қабыршықтанып кететін. Үйге келгесін анам қызара бөрткен денеме қайта-қайта май жағып, әдемілеп жұмсартып беретін еді. Ал қыстыгүні арнайы алаң жоқ, көшеде доп-таяқ ойнаймыз. Бір күні доп-таяқ ойнап жүргенде көзіме батпақ кіріп кетті. Содан Салтанат деген апамыз көзіме тілін салып жіберіп, ішіндегі батпақты алып шыққаны есімде ерекше сақталыпты. Бала кезімде аурушаң болдым. Төртінші сыныпты бітіргенше қыс мезгілінде үйде оқитынмын. Себебі, күн салқындаса аяғымнан жүре алмай, төсек тартып қалатынмын. Бағыма орай, ұстазым Жанадилов Балтабай ағаймен бір аулада тұрғандықтан тапсырманы орындауда ағайымның жәрдеміне көп жүгіндім. Оған қоса анам үйден әріп танытып, кітап оқытып шығарған сол кісі. Ал, әкем Қанидан дарыған қасиеттер де аз емес. Әкемнің төрт сыныптық білімі болса да, көзі ашық, көкірегі ояу жан еді. Ол кезде ауыл үйлерінде нөмір болмайтын, әкемнің жанына батса керек, әр үйді нөмірлеп, жеке-жеке тағып шыққанын қалай ұмытайын. Шаңы бұрқырап жататын мына көшелерге де алғаш рет су септіріп, көпшіліктің батасын алғаны да көз алдымда.
– Аға, мектепте қандай оқушы болдыңыз? Техника саласын таңда­ғаныңызға қарағанда физика пәнін сүйіп оқыған сияқтысыз ғой.
– Бүгінде техника ғылымының докторы болсам да, әдебиетке бала жасыман құмартып өстім. Бесінші сыныпта оқып жүргенде Ғабит Мүсіреповтың «Қазақ солдаты» романын оқып шыққанмын. Мектепті бітірер кезде қазақ әдебиетінен төрттік баға алып, алтын медальға ілінбей қалғаным бар. Мақтанғаным емес, барлық сабақты өте жақсы оқыдым. Бесінші сыныпта орыс тілі мұғалі менің орыс сыныбына ауысқанымды қалаған еді. Бірақ үлкен ағам Қали қазақ тілінде оқығанымды құп көрді. Ұйымдастырылған шараларға белсене қатысып, сегізінші сыныпта комсомолға өтіп, тоғызыншы сыныпта мектеп комсомол комитетін басқардым. Ол уақытта барлық нәрсенің тапшы кезі. Бүгінгідей мектеп парталары үлкен емес. Екі адамға арналған шағын-шағын парталар болса да, үш оқушыдан отыратын едік. Тағы бір қызық жайт есіме түсіп отыр. Қыста сыныптың салқындығынан әбден тоңып қалсам керек, жанып тұрған пешке аяғымды койып, жылынбакшы болдым. Сөйтсем табанымнан кірген жылу өн бойыма таралып, бәтеңкемнің табаны түсіп қалғанын байқамай да қалыппын. Қазір күліп еске алғаныммен, көпке дейін өкініп жүргенімді жасырмаймын. Әр уақыттың өзіндік ерекшелігі мен тәртібі болады ғой. Мектепте төртінші сыныпқа дейін бір тілімдей нанға май жағып, ыстық шай беретін. Сонда сыныптас қыздарымыз нанды жемей, үйдегі бауырларына алып кететін. Қазіргі күнге дейін олардың мейірбандығына таңғаламын. Бір қызығы, сол қыздардың бәрі бізден үлкен еді. Кәмелетке бізден бұрын толып, мектепті толық бітірместен барлығы да үйлі-жайлы болып кетті.
– Аға, сіздің өміріңіз мағыналы да мәнді өмір ғой. Қазақтың небір жақсысы мен жайсаңымен бір­ге болдыңыз, талай атақты адам­дармен араласып-құралас­тыңыз. Дей тұрғанымен, сөз ара­сында ағаңыз Сұлтан Сартаевты жиі еске алып отырсыз. Сіздің өміріңізде ол кісі қаншалықты орын алды?
– Менің ғылым жолына бет бұруыма ағам Сұлтан Сартаевтың өнегесі әсер етті. Ағамның жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі, мінезі, жан-дүниесінің кеңдігі, ақыл-парасаты, айналасындағы адамдармен сыйластығы, мейірімділігі мен кішіпейілділігі үлгі болды. Тіпті, Сұлтан ағаның Мәскеудегі докторлық диссертациясын қорғағанда сөйлеген қорытынды сөзін естіп, менде өзімнің докторлығымды Сұлтан ағам сияқты ешкімге ұқсатпай аяқтауым керек деп өзіме серт бердім. Жастайымнан ағама қарап бой түзедім, одан жаман болған жоқпын.
– Сіздің елуден асқан шағыңызда ағылшын тілін меңгергеніңізді естіп, кәдімгідей таң қалғаным бар?
– Иә, 53 жасында Чехия еліне іссапармен бардым. Чехия елінің ғалым­дарымен, лауазымды адамдарымен жолығу үстінде ағылшын тілін білу керектігін түсініп, 54 жасымда ағылшын тілін меңгеріп, кез келген ағылшын ұлтымен еркін сөйлейтін дәрежеге жеттім. Қазір шетелге шықсам, еш қиналмаймын. Көптеген елдерді тілмашсыз-ақ аралап, ағылшын тілінде дәріс те оқып жүрмін.
– Қазақ тіліне деген жанашыр­лығыңызды да байқап жүрміз. Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­да­рында еліміздегі қазақ тіліндегі терминология мәселесі өте өзекті болды. Сол уақытта «Жылу және энергетика» саласы бойынша тер­миндерді әзірлеуге зор үлес қос­тыңыз. Осы жайында кеңінен айтып беріңізші?
– КСРО уақытында қазақ тілі техника салаларында кенжелеп қалды. Тәуел­сіздік алған жылдары дереу мемлекеттік тілдегі терминологияны қалыптастыру мәселесі туындады. Содан «Жылу және энергетика» саласы бойынша тер­миндерді әзірлеуге кірістім. Сол кез­дері орыс тіліндегі термин сөздерді өзімше аударып, қазақшалап жүрдім. Кейіннен «Қазақстан жылу ресурстары және энергетика» атты ғылыми журнал жарық көрді. Өзім қазақшалаған терминдердің көпшілігі осы журнал бетіне шықты. Техника тілін қазақшаға көшіріп қана қоймай, сол терминдердің түсіндірме сөздігін де жасадым. Түсіндірме сөздікті жасаған себебім, бір терминді бірнеше нұсқада аударамыз, әрқайсысының беретін мағынасы да әртүрлі. Сондықтан түсіндірме сөздік қажет болды. Әрбір терминнің аудармасын, баламасын қа­зақ­тың сөздік қорын іздеп отырып жасайтынмын. Бұл саланы қолға алған себебім, қазақ тіліндегі терминдердің сапасын өсіру, аударма деңгейін биіктету.
– Аға, жетпістен асып сексенге аяқ бассаңыз да, өте ширақсыз. Мұның сыры неде?
– Өзім студент кезімнен спортты жаныма серік етіп, университеттің жүзу және су полосының құрама коман­дасында шыныққанмын. Қазірде спорт­тан бір сәтке де қол үзген емеспін. Бала кезден қалыптасқан әдетім болар, әлі де суда жүзіп, стол теннисын жақсы ойнаймын. Ұлттық әуендерге, халық әндеріне құмарлығым да жоқ емес. Жаратылысымнан жақсылыққа жаным құмар жанмын.
– Кез келген ер-азаматтың бас­ты бақыты отбасы мен көгеріп-көктеген ұрпағы ғой. Өзіңіздің жан дүниеңізді түсінетін жан-жары­ңыз бен өміріңіздің мәні де сәні болған балаларыңыз жайында айты­ңызшы?
– (Ауыр күрсінді.) Университетті бітіріп, бір жыл жұмыс істеген соң ауылға бардым. Анам «Біздің үйге келін болуға осылар жарайды-ау» деп өзі бес-алты қызды таңдап қойыпты. Анамның қалаған қызымен бір-екі рет кездесіп, үйге алып келдім. Бірақ үйленерде жан-жарыма: «Сен әуелі менің шешемнің тілін табуың керек» – дедім. Ол да уәдесін берді. Солай екеуіміз шаңырақ көтердік. Күләнда көп жігіт қызығатындай сым­батты, қара қолаң шашы тізесіне дейін түскен, ақылы көркіне сай қыз еді. Өзі медучилище бітірген. Сөйтсем, анам келініне «Айналайын менің балам білім жағынан өте мықты. Сен одан қалмай жоғары оқу орнын бітіріп ал» деп кеңес беріп, Күләнда да ҚазМУ-дың биология факультетін бітіріп шықты. Содан ұзақ жылдар дәріханада, ғылыми-зерттеу институтында жұмыс істеді. Біз 50 жыл бірге тұрдық, үлкен сыйластықта өмір сүрдік. Маңдайға жазылғаны болар, өмірден ертерек өтіп кетті. Менің барлық жағдайымда жасады. Ғылым жолымен айналысуыма бар мүмкіндікті жасады. Алланың қалауымен бір ұл, бір қыз сүйдік. Екеуі де энергетика саласын таңдап, осы салада жұмыс істеп келеді. Балаларым мен немерелерімнің жасап жатқан жұмыстарына, қарым-қабілеттеріне көңілім толады. Барлығы да өте білімді, ізденімпаз болды. Осыған қарап үлгілі әке болдым деп есептеймін.
Ия, осы ақиқатты біз де терең мойындайтын тәріздіміз.

Әсел РЗАЕВА
11 қараша 2020 ж. 531 0