№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Береке басы – бірлікте

Береке басы – бірлікте

Панасы жоқ таудан без,
Жемісі жоқ баудан без.
Шөп шықпайтын сайдан без,
Мағынасыз ойдан без.
Байдалы Бекшеұлының Ұлы Дала өсиетінен.
Кенттің өкпесін кесіп өтіп жатқан, кенішке қарай тартылған, өндірістік мақсатта салынғанына қырық жыл болған темір жолдың осы аумақтың тұрғындарына, әсіресе №110 оқу ордасында оқитын балалардың мектепке қатынауына зор кедергі-қиындық тудырып отырғаны көптің жанына аяздай батып келді. Бұл маңнан көліктер де қатынай алмай айналып өтіп әуреге түсетін. Шалқия теміржолының 3-ші шақырымы тұсындағы осы араға өткел салу мәселесін талап етіп, ата-аналар атынан сол жылдары, яғни, 2016 жылдан аудан басшылығына өтініш айтып табаннан таусылуға тура келді. Өйткені мәселе тез арада шешіле қоймады. Бұл «Шалқия-Цинк ЛТД» Акционерлік қоғамының келісімі арқылы ғана жүзеге асады екен. Жауап хат 2017 жылдың наурызында нақты шешімін тауып, теміржол өткелін салуға рұқсат берілді. Осы арада техникалық құрылыс ережелерін тосқауыл етіп, меншігіндегі теміржолға саусақ ұшын тигізгісі келмеген төрешілдіктің тоңын жібітуге кезінде осы ауданды басқарған, қазірде Шалқия кенішінде жауапты қызметкер Нәжмадин Мұсабаевтың зор қамқор бола білгенін де айту парызымыз. Сонымен шешім шықты. Рельс үстіне бетон шпал төсеп, өткелдің қазығын қалап берген кеніш басшылығына рахмет, енді ары қарай құрылысты кім атқарады? Бюджеттен алдын-ала қаралып тұрған қаржы жоқ. Бірақ халықтың ынтымағы, жанашыр азаматтардың ниет-ықыласы жоқтан бар жасап, таудай тірлікті болсын төңкеріп тастайды екен. Алдымен осы маңда тұратын кәсіпкер азаматтар қатарында үш жігіт өздерінің жеке Камаздарымен таң атқаннан кешке дейін сан мәрте рейспен қажетті тасты жеткізіп, ол көптің көмегімен тегістеліп, осы маңда қызу жұмыс жүрді. Бастаманы қуаттаған сол кездегі Жаңақорған жолдар құрылысы мекемесі басшысы Есдәулет Сейілов, мәслихат депутаты Серік Абдуллаевтар өз қалталарынан көліктердің жанар-жағар майын қамтамасыз етуі іске серпін беріп, билік пен халықтың ұйымдаса атқарған сауапты бастамасы көптің игілігіне айналып, күні бүгінге дейін тұрғындарға мінсіз қызмет етіп тұр. Ел де, жер де халықтікі. Осы ортақ дәулетіміздің сәулетін арттырып, салтанатын кіргізетін әрбіріміздің ортақ мекенімізге деген терең жауапкершілігімізден басталады екен ғой деген ой сол кезде бірінші рет кеудеме орнады. Осы мәселені алғаш бастандырған, неше есік жағаласа да жақсы үмітінен танбаған ардагер ұстаз, өз әкем Жақыпов Мырзажанның үнемі көптің қамын жеп, қарап отыра алмайтын мазасыз мінезіне іштей қарсылығымды да доғардым. Осындай ел ағаларының көп үшін атқарған қайраткерлігі ұрпағы үшін де үлгі.
Ынтымақ, бірлік болмаса,
Елдікке мойын бұрмаса.
Кішінің айтқан сөздерін,
Үлкені қолдап тұрмаса,
Ел дегенің немене? – деп жоғарыда келтірген Ұлы Даланың асыл өсиетін жалғай отырып, оған өз жанымнан «Үлкендіктен не пайда, қоғамға пайдаң болмаса» деп бір ауыз сөз қоссам, оқырман жазғыра қоймас деп ойлаймын. Қайбір нақыл сөз өмірдің өзінен туады емес пе? Ел болып, жұрт болып, бірлігімізден танбай, туған мекеніміздің мәртебесінің биіктей беруіне азаматтық үлесімізді қоса білсек қоғам алдында да жүзіміз жарқын болар еді дегім келеді.

Жеңіс МЫРЗАЖАНҰЛЫ,
Жаңақорған кентінің тұрғыны
20 наурыз 2021 ж. 536 0