Ескі каналға су келсе...
Жаңақорғаннан 8 шақырым жердегі Кейден ауылдық округінде 176 түтін бар. Ауылдағы ағайынның негізгі тіршілігі мал шаруашылығымен біте қайнасып жатыр. Округтегі жұмыссыздық мәселесін шешуде «СКЗ-U» ЖШС күкірт-қышқыл зауыты көп демеу. Дегенмен елді мекенде егін шаруасы кенжелеп қалғаны рас. Жүгері мен жоңышқадан басқаға бас бұруда аяқ судың болмауы кедергі. Әйтпесе кейдендіктердің егін шаруасына ықыласы жоқ емес – дейді ауыл әкімі Бақтияр Тоқтыбаев.
Ауылға арнайы бұрылған аудан әкімі Руслан Рүстемов тұрғындардың мұң-мұқтажы мен талап-тілегін тыңдауды ұйғарды.
Шағын ауылда атқарылған игілік аз емес. Ауыз су үшін Аққұм мен Талап бекетінің арасына электр желісін тарту мәселесі шешімін тапты. Аққұм елді мекеніне тартылған тас жолды асфальттау бойынша жоба-сметалық құжаты дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өтті. Ендігі мәселе аяқ суға тіреліп тұр. Ауыл әкімі осы мәселенің мән-жайын түсіндірді.
– Егістікке бар-жоғы төрт насоспен су жіберілуде, бұл тиімсіз. Техниканың да бұзылуы көп, әрі ток көзіне кететін шығын да аз болмайды. Су егістікке керекті мөлшерде келмейді. Ауылда мал басы артты, дегенмен шөп сатып алуға қалта көтере бермейді. Сондықтан тым болмағанда осы төрт-түліктің азығына қажетті аяқ су шешімін тапса, – деді ауыл әкімі.
Дария деңгейі тым төмен, суды көтеру үшін 2 СНП-500/10квт насосы орнатылған екен, бірнеше бөлшегі істен шығып, қажеттілігін қамдауға аудандық бюджеттен 1 млн 450 мың теңге бөлініпті. Ал, насостың электр қуатын «СКЗ-U» ЖШС өтеп келеді. Бұл насостардың күші үй іргелік бау-бақшаға ғана жеткілікті.
– Енді қандай жоспарларыңыз бар? – деді аудан басшысы.
– Дарияның сағасын Қауық елді мекенінің тұсынан алып, ескі каналдың арнасына су әкелу жұмысы жүргізілгені тиімді. Арасы 7 шақырымдай болады. Кезінде Бөройнақтың қыр бетінде «Жаманқұл» жерін суландыру жүргізілді. Қарақожаев совхоз директоры болған уақытта осы каналмен су берілді. Біздің ұсыныс Қауықтан Кейденнің үстіне дейін келіп тұрған ескі каналдың кем-кетігін дұрыстап, пайдалануға берілсе. Сонда сағасы жоғарыдан келіп, Тайпақкөлге де су шығады. Егер осы жоба жүзеге асса, ауылдағы аяқ су мәселесі шешіледі, тіпті аудан орталығына дейін де су жеткізу мүмкіндігі болады деген болжам бар, – деді ауыл әкімі.
Аудан басшысы бұл ұсынысты қолдады.
Ауылға аяқсу мол келсе кейдендіктер 400 гектарға, «Кәусар» жүгері сусынын өндіруші «Әбілда» ЖК 600 гектарға егіс егуге білек түріп отыр. Бұрын Қауық елді мекенінде чех насосы іске қосылып тұрды. Онан бері қанша дәуір өтті, бір шүкірлігі, ескі су арнасы әлі бар. Оның аяғы Кейденге келіп тіреліп тұр. Енді ел судан кемдік көрмеуі тиіс.
Аудан басшысы дария басына барып, каналдың көне ізіне көз салды. «ҚазСуШар» РМК аудандық филиалының басшысы Әбдімәжит Ахметовке каналды теңгерімге алу, оны қазу, тиімділігін анықтау мәселелерін қозғап, бұл бойынша шешім қабылдауды тапсырды. Жобасын облысқа ұсынбақ, олар экономикалық тиімділігін қарастырады.
Біздің бір байқағанымыз, ауылға кіре беріс жолдың екі жиегіне егілген ағаштарға обал болды. Суды мол тұтына алмағандықтан, жасыл желектер қурап қалып жатыр. Бір шешімі табылып қалар деген үмітпен кейдендіктер тарқасты. Қалғанын уақыттың еншісіне қалдырайық.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ